Сырым көтерілісі

5 Қыркүйек 2014, 12:09

Кіші жүз көтерілісі

Тарихтың жазуынша 1756 жылы патша өкіметі қазақтарға Жайық өзенінің оң жақ бетіндегі жерлерді, яғни ішкі жақты пайдалануға тыйым салған көрінеді. Еділ мен Жайықтың ортасындағы біршама жерді қалмақтар мекендейтін болған. 1771 жылы қалмақтар Жоңғарияға үдере көшіп, бос қалған жерге қазақтар қанша сұранғанымен өтуге рұқсат етілмеді дейді. 1782 жылы ішкі жаққа өтуге рұқсат етіліп, оны Кіші жүздің ханы Нұралы өзіне байлық қосу үшін пайдаланған екен. Ішкі жаққа өткен әр түтіннен бір жылқы, бір қой алып алып отырады. Осы маңдағы орыс-казактар салық төлемей отырған ауылдарды тонап отырған. Бұған Нұралы хан көзін жұма қарап, тіпті оған қарсы шыққан билер мен старшындарды түк бітірмей отырған жансыңдар деп те айыптап, оларды елемей, ысырып тастап отырады.  

Бұның бәрі халыққа ауыр тиген. Байбақты тайпасының старшыны Сырым батыр осындай қаныпезер патша өкіметіне қарсы шайқасқа 1771 жылдан бастап шығып, көтеріліс басында болған жан. Сырым бастаған көтеріліс 1773 жылы Пугачевтің көтерілісіне ұласқан. Тегінде Сырым батырдың да тегін жан еместігін осынау орыстың бас иіп, құрмет көрсеткен көтерілісшісінің қазақ жерінен бастау алып, майданға шыққандығынан-ақ байқауға болады. 1783 жылы бұл көтеріліс өзінің жаңа бір кезеңіне аяқ басып, үдей түседі. Орал казактары ішкі жаққа өткен қазақ ауылдарының төрт мыңнан аса жылқысын айдап әкетеді. Осыған наразы шыққан халықты Сырым батыр тағы да өзі бастап көтеріп алып шығады. Көтеріліске алғашында Тама руының адамдары қосылса, кейіннен Жайық пен Жем өзендерінің арасындағы басқа рулар да қосылған. 1783 жылы Нұралы ханның ауылын есірген шеп әскерлері тонайды. Шеп әскерінің басшысы Чагановты Сырым соғыста тұтқындап Хиуаға құлдыққа сатып жіберген. Одан соң жазалаушы отряд Сырымды тұтқындағанда Нұралы хан мал беріп, Сырымды азаттыққа алып шығады. Табын руының старшыны Жоламанұлы Тіленші батырмен біріккен Сырым казак-орыстарға қарсы соғысты бастайды. Осы кезде Нұралы Сырымға қарсы шығып, оған қарсы патшадан әскер жіберуін сұрайды. Осы сәттен Сырым хан, сұлтандарға қарсы соғысты бастайды. Үш жарым мыңға дейін әскері болды соңында. Кейіннен ол алты мыңға дейін өскен. Әділдігімен аты шыққан Сырым бала кезінен «Бала би» атанып елдің назарында болған. «Сөз атасы – құлақ» деген мақал осы Сырымнан қалған.

1785 жылы көтеріліске қатысқан ауылдар үдере көшіп Жем өзені бойынан көшіп кетеді. Сырым Кіші жүз хандарына қарсы ұзақ жылдар алысады. Сырым көтерілісі уағында Нұралы, Ералы, Есім, Айшуақтар хан тағында отырды. Сырым бастаған көтерілісшілер Есім ханды өлтіргеннен соң бай-шонжарлар Сырымға қарсы шығып, оны қаржыландыруды тоқтатады. Кіші жүзде хан кеңесі құрылып, оған ел бастаған жандар мүше болып кірді. 1797 жылы Сырым хан кеңесіне қабылданып, осыдан соң көтеріліс тоқтайды. Кейіннен хан тарапынан қыспақ көрген Сырым Хиуаға қашып барады. Сонда Хиуа ханы Сырымның үзеңгісіне у жағып жіберіп, сол удың денеге жайылуынан батыр өлгенге ұқсайды. 

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу: