30 Маусым 2014, 03:50
Көтеріліcшілердің мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан жерді пайдалану жүйесін қалпына келтіру, сұлтандардың, ханның және олардың айнала төңірегіндегілердің озбырлығына тыйым салу болды. Жайық бойындағы жақсы жерлерге жайғасып алған казак-орыстар қазақ ауылдарына өзеннен өтуге тыйым салып, шұрайлы жайылым мен мал өрісінен айырып, адамдарына зорлық-зомбылық жасады. Кіші жүздің ханы Нұралының да халыққа тізесі батты. Оның қол астындағылары елді алым-салықпен қинады. Осының бәрі халықтың наразылығын күшейтіп, жаппай көтерілуге әкеп соқты. Көтерілістің басты қозғаушы күші – қарапайым көшпелі халық пен патша үкіметінің қысымына шыдамаған би, старшын және батырлар болды. 1784 жылы қараша айында Сағыз өзенінің бойында Сырым жасағындағы адам саны 1000-ға жетті, оның басты міндеті патшалық өкімет орындарына қарсы күрес болатын. Сырымның өз бетімен әрекет етуі Нұралы ханға ұнамады да олардың ара-қатынасы алшақтады.
1785 жылы 17 ақпанда көтерілісшілерге қарсы генерал-майор Смирнов әскерін жіберді. Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты Кіші жүз даласына тереңдеп ене алмай, қазақ ауылдарын тонап, малдарын айдап әкетті.
1785 жылы көктемде көтеріліс кең ауқымға жайылды. Сол жылы старшындар съезі Нұралыны хандықтан алып тастау туралы шешім қабылдады. Патшамен де арасы алшақтаған, беделінен айырылған Нұралы хан Ұлпаға жер аударылып, 1790 жылы сонда қайтыс болады. Нұралы хан өлгеннен кейін оның інісі Ералы хан сайланды. Сырымға жаңа хан ұнамай, сұлтандар арасында жік туғызды. Ералы ханнан кейін де халықтың қамы жақсармады. Осыдан кейін Сырымның екі жақты – Орал казактарымен және өзіне қарсы феодалдық топтарға қарсы күрес жүргізуіне тура келді.
1794 жылы Ералы хан қайтыс болғаннан кейін, 1795 Нұралы ұлдарының бірі Есім хан болады. Нұралы ханның ұрпағы хан сайланғанына Сырымның ол әулетке қарсылығы одан бетер өршіді. 1796 жылдың қысы аса ауыр болып, мал жұтқа ұшырады, халық арасында аштық жайлады. Осыған қарамастан Есім хан көтерілісті басу үшін белсенді əрекеттер жасап отырды. Оған жауап ретінде 1797 жылдың наурызының 26-нан 27-не қараған түні көтерілісшілер отряды хан ауылына шабуыл жасап, Есім ханды өлтірді. Бірақ бұл өлімге Сырымның еш қатысы болмады. Хан өлгеннен кейін елде екі билік болды: бірі – Нұралы ұлы Қаратай хан сайланса, екіншісі – Айшуақ сұлтан төрағалық еткен хан кеңесі.
1797 жылы сұлтан Қаратайдың қуғынынан құтылу үшін Сырым Датұлы Хиуа хандығына өтіп кетті. Сол жақта Сырымды 1802 жылы қазақ сұлтандарының итаршылдары у беріп өлтірді.
Сырым Датұлы бастаған бұл көтеріліс қазақ халқының тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Сырым батыр көтерілісі қазақ халқының бөліспей беріспейтінін, оның еркіндікті аңсайтынын көрсетті.
Дереккөздер:
1. Қазақстан тарихы, очерктер. Алматы, 1998ж.