Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстанға ресми сапармен барды

19 Тамыз 2023, 02:30 1058

Сапар барысында ҚР Сыртқы саяси ведомствосының басшысын Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өзбекстан Президенті соңғы жылдары қол жеткізілген екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтіп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын нығайту мақсатында Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын айтты.

Өз кезегінде М.Нұртілеу Өзбекстан басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді, сондай-ақ 2021-2022 жылдары аса жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуы туралы хабардар етті.

Сол күні Қазақстан СІМ басшысы Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар қазақ-өзбек ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы пікір алмасты, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».

Тараптар соңғы жылдары екіжақты қатынастар бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін мәлімдеді. Атап айтқанда, өткен жылы Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылды, үкімет, парламент және өңірлік деңгейлерде белсенді байланыстар жүргізілуде, өзара тауар айналымының көлемі рекордтық көрсеткішке – 5 млрд долларға жетті, өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен ірі жобалар табысты іске асырылуда.

Сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік-логистика, су қатынастары, ауыл шаруашылығы, мәдениет, ғылым және білім салаларындағы қазақ-өзбек ынтымақтастығын кешенді дамытуға бағытталған екі мемлекет басшылары қойған міндеттерді толық іске асыруға ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты форматта және халықаралық ұйымдар алаңдарында сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға бағытталған Қазақстан мен Өзбекстан Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2024-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

Сапар аясында қазақстандық делегация Ташкент қаласының Технологиялық паркіне барып, оның қызметімен танысты, сондай-ақ қазақтың ұлы ойшылы және ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Берік Арманов
Бөлісу: