30 Тамыз 2014, 12:25
СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ (СҚМ), Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі – сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын және дипломатиялық қызмет органдарының бірегей жүйесін басқаратын орталық атқарушы билік органы. “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңды орындау және сыртқы саяси бағытты қамтамасыз ету мақсатында ҚР Президентінің 1992 ж. 2 шілдедегі Жарлығымен ҚР СҚМ туралы Ереже бекітілді. Қазіргі кезде министрліктің қызметі ҚР Үкіметінің 2004 ж. 28 қыркүйектегі Қаулысымен бекітілген ҚР СҚМ туралы Ережемен реттеледі. СҚМ Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіреді. Оған елдің бірегей сыртқы саяси, сыртқы экон. бағытын жүргізу үшін орталық атқарушы органдардың халықар. қызметін үйлестіру міндеті жүктелген. СҚМ-нің негізгі міндеттері: елдің сыртқы саясатының тұжырымдамасын жасап, басты бағыттарын белгілеу; Президентке және Үкіметке ұсыныстар беру, сыртқы саяси бағытты жүзеге асыру, сыртқы экон. саясатты іске асыруға жәрдемдесу, дипломат. жолдармен және әдістермен еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, шекарасының бұзылмауын, саяси, сауда-экон. және басқа мүдделерін қамтамасыз ету. Министрлік өз қызметінде ҚР Конституциясын, “Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі туралы” 1999 ж. 7 наурыздағы ҚР Заңы мен өзге де құқықтық-нормативтік актілерді басшылыққа алады. Заңнамалық бастама көтеру құқығын іске асыру шеңберінде СҚМ өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша заң жобаларын әзірлейді, ҚР Президентіне халықар. шарттар мен келісімдер жасасу туралы ұсыныстар түсіреді. СҚМ халықар. шарттар мен келісімдер жасасуға немесе олардың күшін жоюға қатысты мәселелер бойынша, сондай-ақ халықар. шарттардың іске асырылуын бақылауда үйлестірушілік рөл атқарады. Оның қатысуымен ұйымдастырылған маңызды халықар. іс-шаралар: АӨСШК саммиттері, Әлемдік және ұлттық дәстүрлі діндер жетекшілерінің басқосулары, БҰҰ аясында Транзиттік тасымал бойынша 1-халықар. министрлік конференциясы, ТМД-ға, ЕурАзЭҚ-ға, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшыларының саммиттері, БҰҰ, ЕҚЫҰ аясындағы әр түрлі халықар. тақырыптардағы көкейтесті мәселелер бойынша өткізілген конференциялар. СҚМ-н Министр басқарады, оның 5 орынбасары бар. Министр жанындағы СҚМ-нің Алқасы – сыртқы саяси бағытты іске асыруға қатысты нақты іс-шараларды ұйымдастыратын, халықар. жағдайдың негізгі мәселелерін қарастыратын, Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің, сондай-ақ СҚМ-нің орталық аппараты мен шетелдегі мекемелерінің қызметін үйлестіретін кеңесші орган. Қазақстанның тәуелсіздігі басталған жылдардан бері СҚМ-н басқарған министрлер: Т.Сүлейменов (1991 – 94), Қ.Саудабаев (1994), Қ.Тоқаев (1994 – 99 және 2001 жылдан қазірге дейін), Е.Ыдырысов (1999 – 2001). СҚМ-нің орталық аппараты тиісті аумақтық және атқарымдық құрылымдардан (департаменттерден, басқармалардан) тұрады. Министрліктің жүйесіне дипломат. өкілдіктер мен консулдық мекемелер, ҚР-ның халықар. ұйымдар жанындағы өкілдіктері, министрліктің ҚР аумағындағы өкілдіктері және идаралық бағыныстағы ұйымдары жатады. Қазіргі уақытта ҚР-ның дипломат. қызметі жүйесінде 68 дипломат. өкілдік, соның ішінде 38 елшілік және 15 дипломат. өкілдік, 15 консулдық мекеме (7 Бас консулдық және 8 консулдық), халықар. ұйымдар жанындағы 5 өкілдік (Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде, ТМД-да, ЕО-да, НАТО-да, ЕҚЫҰ-да) жұмыс істейді. ШЫҰ-дағы ҚР-ның ұлттық үйлестірушісі, сондай-ақ ҚР-ның ТМД-дағы мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі арнайы өкілі тағайындалды. Қазақстандық өкілдер ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары және ТМД атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазақстан Республикасында 101 шет мемлекет 66 елшілік арқылы өкілдік ашқан және 43 елші қосымша тағайындалған, сондай-ақ 21 халықар. ұйымның өз өкілдіктері бар. 2002 ж. СҚМ жанында сыртқы саяси қызметтің нақты бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп отыру мақсатында Сыртқы саясат жөніндегі кеңес құрылды. СҚМ өзінің басылымын – “Дипломатия жаршысы – Дипломатический курьер” журналын шығарып тұрады.
К. Тоқаев