30 Тамыз 2014, 12:24
СЫРДАРИЯ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ СЪЕЗІ, 1918 ж. 6 – 9 қаңтар аралығында Түркістан қ-нда өтті. Оған Сырдария обл-ның уездерінен 79 өкіл, Алашорда үкіметі атынан 3 өкіл – Б.Құлманов, М.Дулатов және Т.Құнанбаев қатысты. Съездің күн тәртібіне Сырдария обл. қазақтарының Алаш автономиясына қосылуы жайлы жергілікті қазақтар атынан Түркістан (Қоқан) автономиясының Уақытша кеңесіне мүшелер сайлау, милиция құру, т.б. мәселелер қойылды. Сырдария обл. қазақтары қайда бағынуы керек, Түркістан (Қоқан) автономиясы мен Алаш автономиясының қайсысының құрамында болғаны дұрыс деген мәселе съезде 2 күн бойы қызу талқыланып, бұл жөнінде мынадай қаулы қабылданды: Сырдария обл. Түркістан өлкесінде болғандықтан әзірге Түркістан (Қоқан) автономиясы құрамында қалсын; Алаш автономиясы жарияланғаннан кейін Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақтасатын болса, онда сол уақыттан бастап Сырдария обл. қазақтары Алаш автономиясына қосылсын; Сырдария обл. қазақтары қосылғаннан кейін Алаш автономиясының астанасы Түркістан қ. болсын. Съезд басталғаннан кейін Ташкенттегі кеңес өкіметінің өкілі ретінде келген П.Г. Полторацкий кезектен тыс сөз алып, Түркістан (Қоқан) автономиясына қолдау көрсетудің қажеті жоқ, өйткені ол халық тілегіне сай келмейді деп сөйлей бастады. Полторацкийдің мұндай мазмұндағы сөздеріне съезге қатысушылар қарсы екендіктерін танытып, оның өзін съезден қуып шықты. Съезде Түркістан (Қоқан) автономиясының Уақытша кеңесіне мүшелікке обл. қазақтары атынан М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Ә.Көтібаров, Д.Алтынбаев, М.Күзембаев секілді қайраткерлерді сайлау керектігі жөнінде ұйғарым жасалды. Съезд обл. қазақтарының милициясын құру мәселесін талқылап, облыста қазақ милициясы құрылсын, милиция құруда екінші жалпықазақ съезінің шешімдері басшылыққа алынсын, милиция құру ісі уездердегі ұлттық ұйымдарға жүктелсін деген қаулы қабылдады. Съезде бірқатар өкілдер большевиктердің қазақтарға жасап жатқан қысымшылықтарына тосқауыл қою керектігі жөнінде мәселе көтерді. Осыған орай съезде қазақтар кеңес өкіметін мойындамайды, большевиктердің зорлық-зомбылығына тыйым салу ісі қазақ милициясына жүктелсін, большевиктерге еріп халықтың берекесін кетірген қазақтар ұлт дұшпаны деп жариялансын деген қаулы қабылданды. Осы съездің қаулылары сол кезде шығып тұрған “Бірлік туы”, “Сарыарқа”, “Қазақ” газеттерінде және Ташкентте татар тілінде шығатын “Ұлығ Түркістан” газетінде жарияланды.
С. Рүстемов