29 Маусым 2015, 04:33
«Бәйтерек» холдингі жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысын жоғары қарқынмен жүзеге асыруда.
«Осы жұмыс шеңберінде Қызылорда қаласында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшылары «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында салынған жаңа пәтерлерге көшуде», - делінген холдингтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қоныс той иелеріне пәтер кілттерін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев табыстады.
Қызылорда қаласының «Ипподром» ауданында 50 пәтерлі алты тұрғын үй пайдалануға берілді, пәтерлердің жалпы саны – 300. Жалпы ауданы 19 722 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үйдің құрылыс құны - 1 775 млн теңге (соның ішінде ҚР Ұлттық қоры қаражаты есебінен 87,8 млн теңге).
Аталған 300 пәтердің ішінен 225 пәтер «Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша үлестірілсе, қалған 75 пәтер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандардың арасында үлестіріледі.