Сыр өңірінің тарихи нышандары

28 Тамыз 2020, 16:47 5850

«Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары»

«Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы» жобасы аясында Қызылорда өңiрiндегi қасиеттi мешiттер мен кесенелерге шолу жасауды жөн көрдiк.

Әбжали иман мешiтi

Әбдiжалил (Әбжали) Қалымбетұлы бала оқытқан дiни ағартушы. Ол ХVIII-ХХ ғасырларда Сыр бойынан шыққан дiни ғұлама, оқымыстылардың қатарына жатады. Әбжали иман шамамен 1870 жылдары Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылдық округына қарасты Мырзабай ахун ауылында өмiрге келген. Әбжали сауатын сол Мырзабай ахунның өзiнен ашқан. Кейiн Бұхарада орналасқан Көкiлташ медресесiнде 14 жылдай оқып, шатырхат алып шыққан. Әбжали өз заманында ишан атанып, бала оқытып, көпшiлiктiң дiни сауатын ашуға атсалысқан. Бiрiншi жылдары ишан қамыстан тұрғызып, iшi-сырты сыланған жай мешiтте оқытыпты. 1931 жылдан бастап, сондағы зәулiм ғимараттың мұнарасы бұзылып, кiрпiштерiн қосымша бөлме салуға пайдаланып, мектеп-интернат болып жұмыс iстей бастаған. Өз жерi, туған халқы үшiн еңбек етiп, бұқараның сауатын ашуды көздеген Әбжалидiң Кеңес үкiметiне тигiзген зияны болмаса да, 1934 жылға дейiн бiр рет, 1934 жылдан кейiн екiншi рет қамауға алынып бiраз қиындықтарға тап болған. Деректерде оның қанша жыл түрмеде отырғаны белгiсiз күйiнде. 1937 жылы нағыз репрессия жылдары басталғанда ишан 3-шi рет қамауға алынған екен. Бұл жайында Әбжалидiң жұбайы Қатира Досқызы естелiгiнде былай деп кетедi: «Әбеке, бiз қайта келдiк, бiзбен бiрге жүрiңiз» деп бiреулер келдi, ол да қамаудан қашпайтынын айтып, «тек отбасыммен қоштаусға мұрсат берiңдер» деп, бесiкте жатқан Сәруфаны қолына көтерiп алды да, иiскедi, менiң маңдайымнан сүйiп тұрып, «босасам 18 жылдан кейiн келемiн. Ал ол болмаса, қырық жылдан соң ақыретте жолығамыз» деп кете барды» - дейдi. Содан Әбжали ишан қайта оралмаған. Әбжалидiң мешiтi Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Таң ауылы Жабаев көшесiнде тұр.

Айқожа ишан кесенесi

Айқожа Ишан 1773 жылы Жаңақорғанда өмiрге келген. Есейген шағында Ташкентке, Бұқараға барып, дiни сауатын ашып, терең бiлiм алған. Одан соң Ауғанстандағы атақты ғұлама, қара суды терiс ағызатын Ислам шайхқа барып, оның қолында төрт жыл шамасында басқа да ишандармен бiрге жоғары бiлiм алады. Айқожа ишан Темiрұлының зеректiгi және бiлiмдарлығымен қоса, оның бойында басқаларға тән емес ерекше қасиеттiң барын Ислам шайх сол кезде-ақ байқаған. Бiрде ол шәкiртiн сынап көру мақсатында алдына келуге шақырады. Басқалары ұстаздарының бөлмесiне кiдiрместен, кiрiп барғанда, Айқожа есiк алдына тұрып қалыпты. Оның тоқтаған себебiн сұрағандарға, табалдырықтың астында қасиеттi нәрсе тұрғанын, оны алмай, аттамайтынын айтқан. Сөйтсе, Ислам шайх шәкiрттерiн сынау үшiн табалдырықтың астына Құран кiтабын жасырып қойыпты. Оны сезген Айқожа ишанның көрiпкелдiгiне барлығы таңқалыпты. Айқожа ол жақтан дiни бiлiммен сусындап келген соң, өз туған жерiнде халықтың сауатын ашып, дiни iлiммен сусындандырумен айналысқан. Тағы басқа деректерде Айқожа мектеп, медресе салып, халықты ағарту үшiн ерен еңбек еткенi айтылады. Бiрде Айқожа Ақтасқа басқалармен бiрге қоныс аударыпты. Ақтасқа жеткенде ишан, сол жердiң ендiгi халықтың тұрақтайтын мекенi болатынын айтқанда, басқалар «сусыз, елсiз жерде қалай тұрақтап қаламыз?» деп аң-таң болыпты. Оын естегн Айқожа асатаяғын жерге шаншығанда сол тұстан су бұрқырап шыға бастайды. Ол жер әлi күнге дейiн «Айқожа бұлағы» деген атаумен белгiлi. 1857 жылы Айқожа Сарықамыс деген жерде өмiрден өктен. Сүйегiн Ақтас әулиенiң қасына әкеп жерлеген. Айқожа ишан кесенесi Сыр өңiрiндегi ең iрi тарихи ескерткiштiң бiрi болып есептеледi.

Ақтас мешiтi

Ақтас мешiтi Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданы Бесарық бекетiнен оңтүстiкке қарай орнатылған. Мешiт Айқожа ишанның айтып кеткен өсиетiмен салынып, «Ақтас» деген атау алған. Айқожа ишан қайтыс болғаннан кейiн 25 жылды араға салып, мешiттiң орны жаңартылып, 1882-84 жылдары Айқожаның немересi Атамағзұмның күш салуымен, Тасжан деген байдың қолдауымен, жергiлiктi халықтың күшiмен салынған едi. Мешiттiң құрылысын Бұхара қаласынан арнайы келген Халид шебер жүргiзiптi. Қасиеттi үй Сырдарияның оң жағалауындағы жайылма алқапта тұр. Терасса етегiнде емдiк қасиетке ие бұлақ ағып жатқанын көруге болады. Мешiт өз уақытында биiк болғаны соншалық Яссауи мен Арыстан баб кесенелерi көрiнетiн болған. Сонымен қатар, қажылыққа аттанатын қауым, алдымен осы мешiтке соғу дәстүрi болыпты. Ақтас деген атау жерге байланысты болуы мүмкiн деген әңгiмелер кездеседi. Ол атаудың шығуының өз тарихы бар. Айқожа ишанның өз заманында дiни сауатты, ағартушы кiсi болғанын iлгерiде айтып кеттiк. Қариялардың айтуынша, бiрде Айқожа ишан муридтерiн шақырып, Сырдарияның жоғары ағысымен бiр мәйiттiң ағып келе жатқанын айтады. Ол кез көктемгi сең жүрiп жатқан уақыт болса керек. Мүридтер кезек-кезегiмен дарияны күзетiп, мәйiттi күтедi. Бiр кезде дариядағы сең арасынан адам денесi көрiнген екен. Бiрақ, ол мәйiттi алудың ешқандай мүмкiндiгi жоғын айтқанда, Айқожа баба асатаяғын созып қалғанда мәйiт тоқтап, өзiне тартқанда өлi дене жағаға шығыпты. Мәйiттi арулап, жерлеп, басына ақ тас қойған екен. Бұл жердiң атауы Ақтас атанып кеткендiгi сондықтан болар.

Асанас ата кесенесi

Асанас ата – ұлты бойынша қарақалпақ, жергiлiктi аймаққа аты белгiлi әулие Қожан қожаның нағашы атасы. Аңыздарда осы кесенеде оның немере қызы жерленген делiнедi. Ескерткiштi қарақалпақтар тұрғызған.

Мәдi қожа бiзге жеткен мәлiметтерде өте киелi әулие болғаны айтылады. Бiрнеше мәрте қажылыққа да барған. Сол сапарларының бiрiнде Меккеге жаяу бара жатып, қарақалпақ елiнде бiр ауқатты кiсiнiң үйiне құдайы қонақ болып түседi. Үй иелерi бұл қонаққа немқұрайлы қарап, дәлiз жақтан орын ұсыныпты. Түнде үйдiң иесi жарқырап түскен сәуледен оянып кетсе керек. Қонақтың үстiнен шашыраған нұр сәуленi көрiп, кемпiрiн оятады. Екеуi таң атқанша ойланып, алты ұлдың ортасындағы жалғыз қызды бабамызға бермекке бекiнедi. Таңертеңгiлiк бұл ойларын ұлдарына айтып көрсе, олар еш көнбептi. «Қаңғып келген адамға айдай қарындасымызды беремiз десеңдер, алжыпсыңдар» деп, ашуға булығып, қонақты өлтiрмек болады. Мылтықпен бiрнеше рет атса да, Мәдi қожаға оқ дари қоймайды. Бейғам отырған бабамыз мына сұмдықты көрiп, алтауына налығаны соншалық олар бiрден қайтыс болған. Кейiн мән-жайды түсiнген Мәдi қожа «алтауын тiрiлтейiн бе немесе сол алтауға татитын бiр ұл Алладан сұрайын ба?» дептi. Сонда олар, өлетiн балалар өлгенiн, олар өз ақымақтығынан жан тәсiлiм еткенiн айта келе, жақсы ұл тiлеуiн сұрайды, бабамыздың тiлегi қабыл болып, сол шаңырақта қадыр-қсиетiмен бiр ұл бала дүниеге келiптi. Ол ұл сол кездегi ирандықтардың жерiн қорғаған, әулие батыр болыпты. Мәдi қожаның тiлегiмен өмiрге келген баланың аты – Асанас едi. Үй иелерi жалғыз қызды Мәдi қожаға жар етiп берiп жiбередi. Асанас ата кесенесi Сырдария ауданы Айдарлы ауылынан шығысқа қарай орын тепкен.

Ноғай мешiтi

Мөрәлiм бай мешiтi сонау патша үкiметi заманында салынған. Алайда, оның қашан, қалай салынғаны жөнiнде нақты ақпарат кездеспейдi. Юнус баба өз әңгiмесiнде мешiт тұрғызылып, қабырғалары қаланып жатқанда 13-тегi бала болғанын айтқан. Ол кiсi Мөрәлiмдi көзiмен көргенiн, оның зор денелi, ұзын бойлы, қыр мұрынды, қызыл шырайлы ксi болғанын айтады. Iзiнде бес тазысы ерiп жүредi екен. Орта Азия мен қазақ жерiнде саудасы жақсы жүрген көпес болыпты. Мешiттi арнайы Бұқара мен Хиуадан шеберлер алдырып, салдыртқан. Сол секiлдi оған керек-жарақтарды сол Бұқарадан арнайы әкелген көрiнедi. Сонау алыс жерден соншама керек-жарақ құралдарды түйемен тасып әуреленбей, оның оңай жолын тапқаны көптi таңғалдырады. Көптеген бөрене ағаштарды бiр-бiрiне жалғап, қайық жасап, Сырдария арқылы ағызып әкелген көрiнедi. Арнайы жасақталған адамдар сол бөрененi жиекке соқтырмай, тастардан аман өткiзiп, барлық құрал-сайманды ши шығармай жеткiзiптi. Олардың да еңбегiн жемей Мөрәлiм әрқайсысына алтын дiлдәдан табыстапты. Мешiттiң құрылысы алты жылға созылған. Себебi, жұмысы тоқтап қалған кездер де болған екен. Кейбiр зерттеушiлерi мешiт iшiндегi тiреуiштер арнайы Үндiстаннан әкелiнгенiн айтады. Ал ою-өрнектердi Бұхар ұсталары салыпты.

Мешiт сыртындағы кесекке арнайы сылақтың жүргiзiлгенiне бiр ғасырдан астам уақыт өтсе де, бүлiнбей сақталған. Мешiт құрылысы бiткеннен кейiн Мөрәлiм Бұхарадан Хақназар есiмдi имамды арнайы алдырыпты. Ал ол кезегiнде Бұхараны аяқтаған өте сауатты кiсi болған. Ноғай мешiтi Қызылорда облысы Қазалы ауданында орналасқан. Әлi күнгi дейiн мештiке келушiлер бар.

Ғанибай мешiтi

Ғанибай тарихи деректерге сүйенсек, 1894 жылы үйдiң жанынан арнайы мешiт тұрғызыпты. Сол мешiт Ғанибай мешiтi аталып кетедi. Бүгiнде бұл ғимаратта Қазалы қалалық кiтапхана орын тепкен. ХХ ғасырдың басында ескi Қазалы қаласында Сыр бойындағы ең алғашқы кiтапхана оқырмандар үшiн ашылған болатын. Бұл тұста Ресей елiнен жер аударылып, келген орыс социал-демократтары көмек қолын созған екен. Кiтапхана қорына қолда бар әдебиеттерiн берiп, қазақ жастарынан концерттiк бағдарламалар қойып, одан түскен ақшаға кiтап сатып алуға септiгiн тигiзедi. Одан қала бердi, қазақ зиялылары да кiтапхананың бұқара халыққа тигiзер пайдасы мол екенiн ұғынып, оның қорының молаюына барынша ықпал еткен. Сөйтiп алтыншы жылға жеткенде барлығы 430 кiтаппен Қазалы кiтапханасы алғашқы оқырманын қабылдады. Сол бiр уақыттарда кiтапхананың 413 тұрақты оқырманы болған. Орта Азияға сапар шеккен П.Семеов Тян-Шанский Қазалы қаласында болып, кiтапханашыларға ақыл-кеңес берiп, өзiнiң 200-дей кітабын қолтаңба қойып, қалдырыпты. Ол кiтаптар бүгiнге дейiн қалалық М.Горький атындағы кiтапхананың қорында сақтаулы екен. Ғанибай мешiтi Қызылорда облысы Қазалы ауданында орналасқан.

Қосым қожа мазары

Қосым қожа - 1710-1780 жылдар аралығында ғұмыр кешкен дiни қайраткер. Ол елдiң бiрлiгiн сақтауға ерекше үлес қосқан адам. Замандастары ерекше қасиетке ие, аруақты адам болғанын айтады. Сыр өңiрiнде туған. Әкесi – үш жүзге пiр сайланған Мүсiрәлi Жәдiқұлының бел баласы Қосым қожа. Тәуке ханның «Жетi жарғысын» жазуға атсалысқан. Сыр бойы мен көршi қарақалпақ елiне ислам дiнiн дәрiптеушi. Қосым қожа жетi өлiкке жан берген деген сол заманнан жеткен қосынды сөздер бар екен. Аңыз бойынша ел аралап сауда жасап жүрген жетi адам аяқ астынан белгiсiз себеппен қайтыс болып кетiптi. Шiлденiң қайнаған ыстығында мәйiттердi олардың елiне жеткiзiп тастау мүмкiн болмаса керек. Қиналған жандар Қосым қожаға келiп жәрдем сұрайды. Бiр Аллаға сыйынып, жаратқаннан жәрдем тiлеген оның қолдары қалшылдап, дiрiлдеп, көкке қарай көтерiле берiптi. «Иә, Алла, пенделердiң жанын сақтай гөр» деген бата бередi. Жаратушы Иесi де өзiнiң адал сүйген құлының тiлегiн қабыл алса керек. Жетi жолаушы да аман қалып, елдерiне өз аяқтарымен оралыпты. Расында, мұндай ғажайып ұлы қасиетке иелiк ету тек пайғамбарда ғана болған деседi ел. Осындай кереметтей қасиетi болған Қосым қожаның оқыған дұғасы перiштелер құлағына шалынатын болыпты. Қосым қожа кесенесi Қызылорда облысы Қазалы ауданы Басықара ауылынан оңтүстiк-батыс маңында орналасқан.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: