Сыр елінде Елбасы Жолдауы қызу талқыланды

16 Қазан 2018, 03:38 1725

Қызылорда қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған Ғылыми-сарапшылық топтың кеңейтілген отырысы өтті. 

Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауы - белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызды  тарихи құжат. Осы орайда Жолдауда көрсетілген тапсырмалардың орындалуы, халық арасында насихатталуы, азаматтық қоғам мүшелеріне оңтайлы тұстарының маңыздылығын түсіндіру әр қазақстандықтың азаматтық парызы саналады.

Кеңейтілген отырыс облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешованың төрағалығымен өтті. Ләйлә Бегалықызы өз сөзінде Қазақстан халқы ассамблеясы - діңгегі нығайған, ел мүддесі үшін қызмет ететін абыройлы қоғамдық институттардың бірі екендігін атап өтті.  

«Біз де өзіміздің құрылымдар арасында Жолдаудың негізгі аспектілеріне тоқталып, насихат жұмысын жүргізуді бастап кеттік. Осы отырыс - соның дәлелі», - деді Ләйлә Төрешова.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ләззат Қаржаубаева өз баяндамасында құқықтық қатынастардың әрбір азаматқа қатысты болатынын, сонымен қатар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірде қоғамдық медиация институтын дамытуда қарымды үлесі бар екендігін тілге тиек етті.

«2018 жылғы ІІІ тоқсанда облыс көлемінде медиация институтын дамытуға бағытталған түрлі санаттағы 19 шара ұйымдастырылды. Мұның бәрі медиация институтын өңірде дамытуға елеулі әсер ететіні анық, - деді Ләззат Майлыбайқызы.

Сондай-ақ, баяндамашы Жолдауда көтерілген әлеуметтік маңызды мәселелердің бірі - медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға қатысты өз ойын ортаға салды. Мемлекет басшысының емханаларды қағазбастылықтан арылту, оның ішінде денсаулық паспорттары, учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейту және өзге де тақырып аясындағы тапсырмалары барша халықтың көңілінен шықты.

Халықтың өмір сүру сапасы мен салауатты өмір салтын ұстануы ұлт саулығының, адами капиталдың артуы Елбасы Жолдауында айқын көрініс тапқан.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Жастар денсаулық орталығы» КММ директоры  Жанар  Қалмақова өз баяндамасында бүгінгі күні республика бойынша балалардың балабақшамен 95 пайызы қамтылғанына тоқталды. «Біздің облыста балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Бұл мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жеке балабақшалар санының артуы арқылы жүзеге асырылуда. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірленіп, қолданысқа енгізіледі. Жоғары білім алу сапасы мен осы саладағы бәсекелестіктің деңгейін арттыру тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ», - делінген Ж.Қалмақованың баяндамасында.

Аталмыш шара аясында этномәдени бірлестік өкілдері, ҒСТ өкілдері, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ҚХА кафедрасының меңгерушілері мен оқытушылары, «Жаңғыру жолы» ЖҚ мүшелері өз ойларын ортаға салып, саяси сахнадағы батыл қадамға қатысты пікірлерімен бөлісті.  

 Қ. Мұхамеджанов атындағы № 1 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Әлденова:

«Жыл басында облыс басшылығы тарапынан Ресей Федерациясының федералдық бюджеті есебінен Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің К. Тимирязов атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясына бакалавр бағдарламасымен 8 талапкерді және магистратура бағдарламасы бойынша 20 талапкерді жаңадан оқуға қабылдау жөнінде келісімге қол жеткізілді. Сонымен бірге, жыл сайын облыс әкімінің грантымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды ауыл балаларын аймаққа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына жіберілуде. Бұл жоба - білім саласын дамытып, дарынды жастарға қолдау көрсетудің өңірлік деңгейдегі серпінді көрініс», – деп сөзін қорытты С.Әлденова.

 

Бөлісу: