18 Сәуір 2016, 10:51
Марина бұл қадамға ермек іздеп емес, қаражат тапшылығын көргендіктен барып отыр. Кейіпкеріміз 2010 жылы аяқастынан ауырып, қос бүйрегі істен шығады. Ол диализдік құрылғыға тәуелді болып, күнара аталмыш аппараттың көмегіне жүгінетін халге жетті. Маринаның өмірін донор бүйрек қана ұзарта алады. Егер гүл бизнесі өрге домалап, табысы артып жатса екібастұздық бағбан бүйрегін ауыстыру мүмкіндігіне ие болмақ.
– 2010 жылдың наурыз айынан бастап Марина Ибраева қалалық гемодеализ орталығына қаралып, ем-шара қабылдап жүр, – дейді нефролог дәрігер Шыңғыс Бихитяов. – Емді ол күнара 4 сағат алуы тиіс. Науқастың екі бүйрегі де жұмыс істемейді. Осы орталықтағы процедуралардың арқасында өмір сүріп келеді, егер ем-дом шараларын тоқтататын болса шамамен жарты ай ғана өмір сүре алады. Созылмалы бұл дерттен ол кісі тек ота жасатып, бүйрегіне трансплантация жасату арқылы ғана айығады. Бүгінгі таңда Марина бүйрек ауруының кезегінде тұр.
Маринаның әзірге мұндай күрделі ота жасатуына мүмкіндігі жоқ. Алайда, кейіпкеріміз қол қусырып отыра бергеннен гөрі, қолынан келгенше аянбай еңбек етіп, қаражат табудың қамына кірісті. Ол жеке кәсіп ашуды ұйғарып, жеке пәтерінің бір бөлмесінде қызғалдақ гүлдерін өсіруді қолға алды. Марина алдағы уақытта гүл бизнесі өрге домалап табысы артып жатса, бүйрегіне ота жасатуға ниетті.
– Бұл ісімді біріншіден қомақты қаражат жинақтау үшін бастап кеттім, – дейді бағбан. – Ақша екі бүйрегіме ота жасату үшін аса қажет. Гемодиализде мен 6 жылдан астам жүрмін. Әрине өмір сүргім келеді, ұлым ер жетті, ал қызым әлі оқушы сол балапанымның қызығын қызықтағым келеді. Өте қиын, бірақ үмітімді үзбеймін.
Маринаның 2 бөлмелі пәтерінің бір бөлмесі құдды жылыжай сияқты. Арнайы гүл түпқоймасы орналастырылған сөре түгел бөлмені алып тұр. Бағбан гүл өсірудің ең қарапайым әдісін қолдануды ұйғарыпты. Кейіпкердің сөзінше, бұл уақытша әдіс. Ал жазғытұрым арнайы жылыжайдың ірге тасы қаланған соң голландық тәсілде суды тамшылатып өсіру арқылы ісін жүзеге асырмақ. Марина уақытты тиімді пайдалану үшін әуелі үй жағдайындағы жылыжайды қолға алып, кәсібін бастап кеткен. Ол қызғалдақтардың алғашқы легін ақпан айында отырығызыпты. Бастапқыда 16 күннің ішінде мыңдаған қызғалдақтың сабағы қылқиып, жайқалып шыға келіпті.
– Марина Ибраева өзінің жобасын іске асырып жатыр, – дейді Павлодар облысының кәсіпкерлік палатасы Екібастұздағы филиалының директоры Медият Мұсанап. – Бүгінгі таңда алғашқы қызғалдақтардың легі өз жемісін бере бастады. Менің ойымша жуықта Екібастұз халқы әдемі қызғалдақ гүлдерін гүл сататын сөрелерден көре алады. Қуаныш иелеріне отандық гүлдер сыйлап, жақындарын қуанта алады.
Шын ықыласпен өсіргендіктен болар, үй ішіндегі қызғалдақтардан өзге де бөлме өсімдіктері ерекше гүлдеп тұр. Олардың бірқатарының атауын түріне байланысты өзгертіп атайды екен. Марина пәтер ішінде гүл өсіргеннің пайдасы көп екенін айтады. Кейіпкеріміздің айтуынша, топыраққа жылы шыраймен отырғызылған гүл өміршең келеді.
«Әрине бұның бәріне бап керек. Күтіп-баптаудың арқасында ғана гүл гүлдейді, жайқалып өседі, мәселен мен осы қызғалдақтардың 80 пайызын қызыл түстес, ал қалған пайызы сары және ақ түстес болады деп жоспарлап отырмын. Ұзындығы 60 см болмақ. Ал гүл өсіру әдісін үйрететін маман Екібастұзда жоқ. Өзім ізденіп, көбінесе кітіп-журналдар мен ғаламтордағы ақпараттарға жүгінемін. Ісімді дөңгелетуге жолдасым мен ұлым қолқабыс жасайды» – дейді бағбан Марина.
Марина 100 метр аумақты алатын ірі жылыжайдың іргетасын жазғытұрым қалауды жоспарлап отыр. Мұнда көздің жауын алатын қызғалдақ гүлдердің сан түрі өсірілмек. Кейіпкеріміз отандық гүлдердің алғашқы легін сатылымға ағымдағы жылдың тамыз айында шығаруды көздеп отыр. Егер Екібастұздағы қызғалдақтарға деген сұраныс көңілден шықпай жатса, еліміздің өзге де қалаларына жөнелтуді жоспарлайды. Ең бастысы еңбегі жемісін беріп, уақытылы ота жасатуға қаражат жинауға септигі тисе болғаны.
Роза ЖАКУПОВА
Екібастұз қаласы