Сыны бұзылмаған салт

4 Шілде 2018, 02:50 2877

Әрбір ұлттың заман ағымына ілесіп, дамудың дархан жолына түсуі үшін ұлттық салты мен дәстүрін сақтауы ең маңызды. Өйткені, сынаптай сырғыған уақыттың тезіне төзіп, сынына шыдау үшін ұлттық құндылықтардың алатын орны ерекше.

Білімді жастар — ұлттың болашағы десек, салты мен дәстүрін санасына жаттап өскен ұрпақ елінің елеулісі, халқының қалаулысына айналары айдан анық. Сондықтан, жаһанданудың жағымды жақтарына ілесу үшін ғылым мен білімді меңгере отырып, оны ұлттық дәстүрмен ұштастыра білетін жастарды тәрбиелеу керек. Ұлтын сүйген ұл ешқашан ұлт беделіне нұқсан келтірмек емес.

Ал, мұндай ұрпақтарды тәрбиелеуде тарих қойнауынан қалыптасып, бүгінгі күнге әдебиет арқылы айнымай жеткен билер философиясымен танысу үлкен маңызға ие. Аты аңызға айналып, қазақ елдігінің айнымас асыл тұлғалары атанған Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би тағылымдары — ұрпақтан ұрпаққа жеткен баға жетпес қазына, қазақ ұлтына берілген үлкен даналық.

Жалпы, үлкенге — құрмет, кішіге ізет ережесімен жүретін қазақ халқы үшін бала тәрбиесі отбасы ошақ қасындағы әйелден, ел тұтқасын ұстаған атқамінерлерге дейін толғантқан үлкен сала десек артық болмас. Өйткені, олар үшін жас ұрпақты адамгершілікке, намысшылдыққа, ізгілікке, адалдыққа баулу басты міндет саналған. Осылайша, «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөз бүкіл халықты тәрбиелеген. Осы бір тағылыммен сусындап, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ ұрпағы жамандықтан ада-күде таза болмаса да, тарихта жоқ жерден ұрынып, зияны мен залалын тигізіп, өзгенің обалына қалған халық емес.

Ал, жаугершілік замандағы ел үшін туып, халық үшін жан аямаған батырлардың ерлігі бүгінгі жастар үшін нағыз өнеге. Адамзаттың алғашқы махаббаты туған жермен астасып, туған халқына деген құрметіне жалғасқан. Ал, туған халқына деген махаббаттарын өмірлерімен өлшеген батырлардың тағдыры тіптен бөлек әңгіме. Осылайша, түкті жүректегі терең махаббат ұлт болашағының тамырынан тоқтамай, ғасырлардан ғасырларға жалғасып, өмір сүруіне себепкер болды. Міне, махаббат, сыйластық, құрмет дегеннің халықтың өміршеңдігі үшін қаншалықты маңызды екендігін осыдан көреміз.

Бала тәрбиесін бесіктен бастаған қазақ алдымен оны тазалыққа, пәктікке бейімдеген. Ал, ат жалын тартып мінер ұл балаға бес жасынан бастап атқа қонып, ер азаматқа ғана тән мінездемелерді сіңіруге барын салған. Алғаш  рет 3-4 жасында атқа мінгізіп, аузы дуалы қариялардан бата алған.

Мұның барлығы бір ғана қазақ ұлтына тән тәрбиелік дүниелер. Ал бүгінгі таңда зайырлы мемлекет құрып, егемендіктің жалауын желбіреткен мына заманда біз көпұлтты мемлекетпіз. Мұнда 130-дан астам өзге ұлт өкілдері бірлікте үйлесімді өмір сүріп келеді. Ал, олармен татулықта өмір сүру үшін тағы да тәрбие мәселесі қылаң етіп бой көтереді.

Елімізде қанша ұлт өкілдері болса, сонша ұлағатты тағылым бар. Өзге ұлттардың өкілдерімен бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан біздің олардан үйренеріміз де, оларға үйретеріміз де көп. Себебі, әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері бар. Өзіне тән салты мен дәстүрі, тәрбие мен тағылымы бар. Жалпы тәрбиесі мен дәстүрі, әдебі мен салты сәйкесетіндер ғана бір шаңырақ астында үйлесімді өмір сүретіндігіне күн өткен сайын көз жеткізіп келеміз.

Ұлттық мәдени салттары мен дәстүрлерін қайта жаңғырту арқылы кез келген ұлт өзінің ұлттық рухани мәдениетін бірқалыпқа түсіре алады. Ал, оған ерекше назар аударып, байыта түсу адамзаттық, әлемдік мәдениетке қосылған үлкен үлес болып табылады.

Жалпы, ұрпақ тәрбиесіне арналған дүниелер жазылып та, айтылып та жатыр. Олар тәрбиенің сан түрлі жолдарын сілтейді. Заманауи жаңаша әдістерін ұсынады. Психологиялық сан-салалы жолдарын ұштастыра отырып, тәрбие берудің түрлі-түрлі тәсілдерін нұсқайды. Бірақ, барлығы айналып келгенде бір ғана саналы, инабатты ұрпақ өсірудің мәселесін қамтиды.

Бүгінгі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі де осы тәрбие турасында. Жаһандану заманында ақпараттың жан-жақтан толастамай ағылып жатқан кезінде тәрбиеге баса мән бермеске де болмай қалды. Өйткені, түрлі елдердің мәдени салттары бір-бірімен тоғысып, араласып жатқан тұста ұлттық тәрбиеден, салт пен санадан, дәстүрден алыстап қалу тым оңай үрдіске айналған. Ал, бұл әрбір халықтың болашағына балта шабар үлкен қасірет.

Сондықтан, ұрпағым өнегелі болсын деген кез келген ата-ана өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілікті ерте бастап сезіне білуі қажет. Отбасынан басталған тәрбие қоғамда да әсерін тигізетінін естен шығаруға әсте болмайды. Ең бастысы баланың тіліне, инабаттылығына, ізеттілігіне баса назар аударуы тиіс.

Бүгінгі таңда егемен еліміздің сөздік қорында «ұлттық сана», «ұлттық тәлім-тәрбие», «ұлттық мәдениет» сөздері көптеп кездеседі. Бұл ұлттық ерекшеліктермен әспеттелген тәлімнің айырықша маңызға ие болып отырғандығынан ақпарат береді.

Жалпы жас буын заманауи жаңа ұрпақты ұлтын сүйер ұлық етіп тәрбиелеу үшін ана тілдің қаншалықты маңызды екендігін ұмытпау керек. Бұл – әрбір отбасында ескерілуге тиісті ең құнды ережелердің бірі. Өйткені, туған тілін тұлғасына сіңіріп, санасымен сезініп, жүрегімен түйсініп өскен кез келген жан ұлт алдындағы борышын абыроймен атқармақ. Қанмен беріліп, ана сүтімен дарыған ең маңызды, ең қасиетті ұлттық белгіміз де сол.

Сондықтан, ұлтым деп ұмсынар, ел болып елдігімді бекемдер ұрпағым көп болсын деген әр отбасы ұрпағына ұлттық нәрмен суысындаған тәрбие беруді борышым деп білуі тиіс.

Егемен елдің Елбасы айтпақшы, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: