Сымбат Әбдірахманова, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы: АУДАРМАШЫ, ПСИХОЛОГ, МУЛЬТИПЛИКАТОР, СҮЙІКТІ АНА

12 Қараша 2018, 10:04

Кішкентай мульткейіпкері Сара тіл мүкістігі бар балаларға «есік» сөзіне сөйлем құрау туралы тапсырма берді. Мультфильмге қызыға қарап, оның кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен сөздерін қайталауға ұмтылған балалар жапа-тармағай өз білгендерін асығып-аптығып айтып жатыр.

Мүлдем сөйлей алмайтын бір бала орнынан тұрып барып, есікті тоқылдатты. Бұл оның «Мен есікті қақтым» дегені еді. «Мұны көргенде, менің уақытымның зая кетпегенін түсіндім. Сондықтан да, бүгінгі күні бұрынғыдан да артық жұмыс жасап, әр ісімнен нәтиже көрсетуге тырысамын» дейді «100 жаңа есім» жобасының өткен жылғы жеңімпазы, балаларға бақыт сыйласам деп, алғаш рет қазақ тілінде мүмкіндігі шектеулі балалардың ой-өрісін дамытуға арналған мультфильм шығарған қызылордалық Сымбат Әбдірахманова.

- «100 жаңа есім» жобасы өміріңізде қандай да бір өзгерістердің орын алуына ықпал етті ме?

- Өмірімді жобаға дейін және жобадан кейін деп бөліп қарауға болатын сияқты. Бұрын қарапайым ғана маман болсам, қазір жұмыстарым республика көлемінде таралып жатыр. Жеке ішкі қабылдауым, жан дүниемдегі өзгерістер туралы айтар болсам, біріншіден, өзіме деген сенімділігім артты. Мәселен, мен көпшіліктің алдына шығып сөз сөйлеуге қысылатынмын, тіпті қорқыныш болатын. Қазір кездесулер жиі ұйымдастырылады, жиналыстарға да көп қатысамын, үнемі сөз сөйлеуге тура келеді. Жоба менің ішкі қорқынышымды жеңуге көмектесті. Ең бастысы, дұрыс бағытта жұмыс жасап, дамып келе жатқанымды түсіндім.

Ата-анам, отбасым, достарым менімен мақтанатын болды. Өз ортаңның мақтанышы болу да бір мәртебе екен. Үнемі жанымда жүрген жолдасым мен балаларымның қолдауы аса маңызды. Балаларым әрине, не болып жатқанын түсіне бермейді, үлкен қызым «Мама, сіз рекордтар кітабына кірдіңіз бе сонда?» деп сұрайды.

Президентпен кездесу өмірімдегі ерекше сәт еді. Қобалжу болды, бірақ мен жолы болғыш адаммын. Оны үнемі айтып та жүремін. Суретке түскенде дәл Президенттің жанында тұрдым. Президент бізбен суретке түсіп болғаннан кейін, маған бұрылып, қолымды алып, аз-кем сұхбаттасты. Ал мен ішімнен «тағы да жолым болды» деп ойладым. Бұл кездесу ары қарай жұмыс жасауымызға үлкен серпін берді. Мен бұрын да күн-түнмен санаспай еңбек ететінмін. Ал қазір, ойыма бір жоспар алсам, тәулігіне 3-4 сағат қана көз іліп, оны бітіргенше тыным таппаймын. Шаршағанымды сезбеймін, керісінше қуанып жүремін. Бұл Елбасының бізді жақсы істерге, болашаққа сеніммен қанаттандыруы деп білемін. Менің әлі де елге беретін көптеген мүмкіндіктерім бар екеніне көзім жетті.

- Көшеде ілініп тұрған өз фотосуретіңізді көрген кезде қандай сезімде боласыз, мақтаныш басым ба, әлде жауапкершіліктің жүгі ауыр көріне ме?

- Алғашқы рет көшеден өз фотосуретімді көрген кезде біртүрлі болдым. Бұған дейін атақты болып көрген жоқпын ғой (күлді. Авт.). Қазір менен ел үлкен жобаларды күтетіндей болып көрінеді. Фотосуретім бейнеленген баннер үйіме жақын жерге ілініпті. Кішкентайым сол жерден өткен сайын «Мамам» деп мені көрсетеді. Балаларыма үлгі бола алғаным үшін де қуанамын.

Жауапкершілікті сезінемін. Барлығы да солай шығар деп ойлаймын. Маған айналам баяғы Сымбат деп қарамайды, «100 жаңа есімнің» жеңімпазы ретінде тындырымды іс, парасатты сөз күтетін сияқты болып көрінеді. Бұл халықтың таңдауы болды. Қызылорда облысының өзінен 96 адам ұсынылыпты. Соның ішінен бізді халық таңдап, дауыс берді. Енді біздің оларға айтар басты алғысымыз – сенімді ақтар ісіміз бен сөзіміз болмақ. Сондықтан бүгінге дейін жеткен жетістігіме масаттанып, тоқтап қалуға болмайтынын түсінемін.

- Шыныңызды айтыңызшы, бала кезіңіздегі армандарыңыздың ішінде атақты болсам ғой деген арман болды ма?

- Қазір өмірімде болып жатқан өзгерістердің барлығы бала күнімдегі армандарыммен байланысты сияқты. Әнші немесе биші болуды армандамадым. Қоғамға белгілі, бәлкім өнертапқыш, бәлкім ғалым болуды армандадым. Әке-шешем менімен мақтанса екен деп ойлайтынмын. Ата-анамның қырыққа келгенде көрген кенжетайымын. Сондықтан болар, әке-шешем мен бойжеткен шақтан бастап, «бағыңа жақсы жігіт кездессе, рұқсатымызды береміз» деп отыратын. Осы сөзді құлағыма сіңіргендіктен де болар, өзім үшін шынымен жақсы жігіттің идеалын жасап алдым.

Болашақ жарым математиканы шемішкедей шағатын білімді болса екен дейтінмін, мен өзім ол пәнді онша ұнатпадым. Сол уақытта өзім бала болсам да, ертеңгі күні балаларым математикадан көмек сұраса, менің білмей тұрғаным ұят қой, сондықтан ең болмаса, күйеуім оларға көмектесе алатындай болса екен дейтінмін. Менің жолдасым сол өзім қиялымда сомдап алған сүгіретпен дәлме-дәл келді. Сондықтан үнемі өзім балаларға да айтып отырамын. Армандау керек, бірақ жәй ғана армандамай, нақты не қалайтыныңды айту керек деймін. Басшылық қызметке ешқашан қызыққан емеспін. Үнемі жаныма жылу, көңіліме қанағат сыйлайтын іспен айналысқым келді.

- Алғашқы мамандығыңыз аудармашы екен. Адам жанын түсінуге ұмтылып, психолог болуыңызға не себеп болды?

- Парсы тілінің аудармашы маманымын. Бала кезімнен ата-анамның қабағына кірбің түсірмеуге тырыстым. Тәуелсіздікке ұмтылдым дей алмаймын, алайда ата-анама салмақ салмауды ойладым.  Мектепте оқып жүргенде қарапайым оқушы болдым. Ешқандай талантыммен, болмаса асқан біліміммен дараланбадым. Алайда, жанымдағы құрбыларымның барлығы да бестік бағаға оқитын үздіктер еді. 11 сыныпқа келгеннен кейін, ол құрбыларым қандай дайындық курсына жазылса, соған мен де барып, олар қандай кітап оқыса, сол кітапты мен де парақтап, өзімше дайындала бастадым. Осылайша, сынама тестілеуден жақсы балл алғанымда, оған өзім де сене алмай таң-тамаша болдым. Сол кезде ғана мен адамның жасағанын өзге адамның да жасай алатынын өз тәжірибем арқылы түсіндім. Шынымды айтайын, оған дейін мен адамдар ақылды, білімді, талантты болып туады деп ойлайтынмын. Үздік оқитын оқушылар олимпиададан орын алыпты деп айтып жатса, «еее, дұрыс қой, ол қыз жақсы оқиды ғой» дейтінмін. Бірақ менің де қолымнан сол секілді үздік көрсеткіш көрсету келеді деп ойламаппын. Адам талпынса, ізденсе, соны қаласа, армандаса, оның қолынан келмейтін іс болмайды. Қазір жастармен кездесуде де үнемі осыны мысалға келтіремін. Табысқа жеткен адам мен табысқа жетпеген адамның арасында айырмашылық жоқ деп есептеймін. Олар да біз секілді екі аяғы, екі қолы, бір басы бар пенде. Сондықтан ол жеткен жетістікке адал еңбек етсең, сен де жете аласың деп айтамын. Мектепті бітіріп, ҰБТ-дан 96 балл алдым. Менің таңдаған төртінші пәнім ағылшын тілі болатын. Мен мұғалімдер отбасында өстім, әкем ақ жол тілеп, Алматыға оқуға аттандырып тұрып, төрт мамандық жазып берді. Алайда, мен әкем айтқан мамандықтарға грантқа түсе алмайтынымды білдім, сондықтан Алматыға келген соң, ұзақ ойланбастан «Егемен Қазақстан» газетін ашып қарадым. Сөйтсем, менің балыммен түрік, парсы тілдеріне аудармашы мамандығына грант бойынша түсуге болады екен. Ол уақытта жастардың дені ағылшын тілін таңдайтын, ал мен көп адамның таңдауы түсе бермейтін парсы тіліне құжат тапсырдым. Әкем менің бұл мамандыққа түскеніме қуана қоймады, керісінше, ашуланып, өзіме ренжіді. Екінші курста оқып жүрген кезімнен бастап жұмыс жасай бастадым. Себебі, парсы тілінде еңбек нарығында бәсекелестік болмады. Ағылшын тілін білетін мамандар көп, ал парсы тілін меңгергендер аз болды. Елшілікте жұмыс жасадым, жақсы табыс таптым. Кейін дұрыс таңдау жасағаныма өзімнің де, ата-анамның да көзін жеткіздім. Бүгінге дейін осы алғашқы мамандығыма қосымша табыс көзі ретінде қарап келемін, жазбаша, ауызша аударма жасаймын.

Қызылордаға келгеннен кейін, парсы тілінде жұмыс жасауға сұраныстың болмағаны рас. Сондықтан білім саласына әдіскер болып келдім. Мен осы салада жүріп, психологтармен тығыз жұмыс жасадым. Қиын балалармен жұмыс барысында оларға қалай көмектесе аламын деген ой мазалады. Олардың жанын ұғынып, санасына жететіндей ой айту үшін де кәсіби маман болу керек екенін түсіндім. Сондықтан да психолог мамандығын игердім. Қазір бұл салаға келгеніме өзім шын қуанамын. Күнделікті қаншама баланың тағдыры көз алдымыздан өтіп жатады. Олардың шарасыздығын, қоғамды кінәлаған назарын көргенде, мұндай балалармен жұмыс жасаудың жауапкершілігін сезінемін.

Қазір мен қызмет атқаратын қор мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайды. Соның негізінде 18 жасқа дейінгі балаларды ақысыз қабылдаймыз. Бұрын мен қызмет еткен жерлерде мұндай жеңілдіктер болмады, сондықтан психолог қабылдауына қалтасы көтере алатын жасөспірімдер ғана келетін. Ал қиын балалардың көбісі тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шығады. Бұл ащы да болса ақиқат. Қазір мемлекет мұндай балаларды назарға алып, оларға осындай мүмкіндік бергені үшін шын қуанамын. Балалардан нәтиже көре бастадым, ата-аналармен, балалармен кері байланыс орнату мүмкін болды.

- Анимациялық мультфильм шығарсам деген ой қалай пайда болды, бұл сіз үшін тың кәсіп пе еді? Қалай игердіңіз, кім көмектесті?

- 2012 жылы логопед, психологтармен жұмыс жасаудың сәті түсті. Бір іс-шара барысында оңалту орталығында болып, мүмкіндігі шектеулі балалардың оқу әдістемесімен таныстым. Қазақ тіліндегі оқулықтардың аздығы да көңілді қынжылтатын. 2013 жылы екінші балам дүниеге келді. Балалармен «Саяхатшы Дара» мультфильмін қарап отырып, неге осындай нұсқада балалар үшін қазақша мультфильм шығармасқа деп ойладым. Сөйтіп ғаламторды ақтарып, анимациялық мультфильм жасаудың тәсілдерін іздедім, бағдарламаларын жүктеп, үйренуге тырыстым. Алғашқы танымдық сұрақ-жауапқа негізделген мультфильмді дайындап болғанда қуанышымда шек болмады. Оны өзімнің басшыма апарып көрсеттім. Ол кісі аса қатты қуанып, қолпаштай қоймады. Сонда да алған бетімнен қайтпай, осы бағытта іздене бердім. Еңбектің қайтарымы болады екен. Неше жылдан кейін менің жұмыстарыма сұраныс бола бастады. Ешқашан салың суға кетіп, алғашқы сәтсіздікті бақытсыздыққа балауға болмайды. Керісінше, саған айтылған сын саған қамшы салуы керек.

Менің бірінші көрермендерім балаларым. Бүгінгі күні қандай да бір жобаны үлкен қызыммен ақылдасамын, егер ол менің жасаған мультфильмімді қызыға тамашаласа, демек басқа балалар үшін де қызықты болады деп ойлаймын.

Барлық мультөнімдерім ютуб-каналға жүктелген, оны кез келген әдіскер, ата-ана ашып, баламен жұмыс жасай алады. Әр жыл үшін өзіме жоспар құрамын, сосын жылдың соңында өз-өзімнен есеп аламын. Нені жасадым, нені жасап үлгермедім деп. Осы жылы екі мультфильм түсіремін деп жоспарлаған едім. Біреуі туған жерім Қызылордаға арналған «Сиқырлы кілт» тарихи танымдық мультөнім.

Мультфильм жасау кезінде өзім де туған өлкемнің мен біле бермейтін біраз тарихымен таныстым. Мен өз туған жерімнің атынан «100 жаңа есім» жобасына ұсынылдым. Қайда барсам да, маған жоба жеңімпазы ретінде құрмет көрсетіліп жатады. Туған жеріме менің де тартуым осы болмақ. Екінші мультфильмді тапсырыспен орындадым. «Отпен ойнама, балақай!» деген мультфильм қауіпсіздік ережелерін бала тілінде түсіндіреді. Бүгінде мультфильмдерім телеарналардан көрсетіле бастады, тұсаукесері де болды. Енді түрлі байқауларға қатысып, бағымды сынап көрсем деймін. 

- Суицид тақырыбында елеулі еңбек жаздыңыз, оның алдын алуға үлес қосып келесіз. Ол әсіресе, жастар арасында да көрініс таба бастады, оған кінәлі кім еді, сараптап көріңізші. Бұл тақырыпты зерделеуіңізге не түрткі болды?  

- Шынымды айтсам, кәмелетке толмаған балалармен жұмыс, олардың арасындағы өз-өзіне қол жұмсауға бейімділіктің астарына үңіліп, себебін анықтау маған отбасы құндылығының, жақындарымның қолдауының маңыздылығын тағы бір мәрте ұғындырғандай болды. Бұл уақытқа дейін жұмысқа деген құлшынысым кейде тіпті, балаларыма өз деңгейінде көңіл бөлуге кедергі келтіретін еді. Жұмыстан шаршап, қиялымдағы жаңа жобаларды толғатып жүргенде, балаларым етегіме жармасса, оларды ойыншықпен алдаусыратып, әйтеуір мені мазаламаса екен дейтінмін. Қазір осы жобамен айналысқалы, мен баланың қалыптасуында отбасының жылулығы мен ата-анасының арасындағы байланыс маңызды екенін түсіндім. Осы жобаның арқасында ғылыми жұмыспен айналыстым, шетелге шықтым, мінберлерден сөз сөйледім. Мұның барлығы да мақтаныш, әрине. Бірақ ең бастысы, менің жұмысым мені ата-ана ретінде тәрбиеледі. Сол уақыттан бастап мен балаларыма көбірек көңіл бөлуге тырысып келемін. Балаларымды мен емес, телеарна, телефон ғаламторындағы ойындар тәрбиелеп жатқанына көзім жетті. Бұл жағдай мені әрине, ата-ана ретінде шошытты. Өзіме түрлі проблемалармен келіп жататын балалар есіме түсті. Біз өзіміздің ұлттық баға жетпес отбасылық дәстүрлі тәрбие сабақтастығынан айрылып бара жатқанымыз да сондықтан. Балаға жете көңіл бөлмейміз. Оның тұрмыстық қажеттілігін өтесек, түрлі білім курстарына берсек, сонымен жақсы азамат қалыптастырамыз деп ойлаймыз. Шын мәнінде, мүлдем олай емес.  Қазір сараптап қарар болсам, мен жұмыста жүрген кездегі балаларымның мінез-құлқы тіпті бөлек болыпты. Олар ашуланшақ, ештеңені түсінбейтін өзімшіл болып, тілдері де телеарнадағы мультфильмдердің тәлімімен орысша шығып келе жатты. Бүгінде демалысымызды міндетті түрде балаларға арнаймыз. Бұл күнді өзіміз үшін отбасы күні деп белгілеп алғанбыз. Қала ішінде қыдырамыз, болмаса балаларымызбен бірге отырып әңгіме дүкен құрып, олардың ой-пікірін білуге ұмтыламыз. Сонымен қатар, біздің отбасымызда Әке күні, Ерлер күні деп белгілеп алған шағын отбасылық мерекелеріміз бар. Мен әйел адам болған соң, кейде ұй тұрмысына алаңдап, айналысуым керек шаруаларым болады. Сондай уақытта балаларым жабырқап қалмауы үшін жолдасым екеуміз осындай отбасылық мерекелерді ойлап, күнделікті тұрмыстық жоспарларымызға тұрақты етіп енгізіп алғанбыз. Біз балаға кішкентай кезінде керекпіз. Олардың жадында балалық шағы, ата-анасының қамқорлығы мен шексіз махаббаты туралы жақсы естеліктер қалыптасып, сақталуы керек. Жасөспірім шақта бала жан-жағын өз бетінше тани бастайды, олар ол уақытта жанында ата-ананың еріп жүргенін қаламайды. Сондықтан балаға дұрыс мінез бен түзу тәрбиені ол соған мұқтаж кішкентай кезінде беріп үлгеруіміз керек. Ең бастысы отбасындағы жағдай, үйдегі атмосфера. Балалардың әрекетіне жеңіл қарамау керек. Көп ата-ана, бала өз өзіне қол жұмсамақшы болса, ол қорқыту үшін жасаған ғой деп айтады. Алайда, балада проблема болмаса, ол ондай қадамға бармас еді. Оның жанын түсіну үшін, өзіңді соның жасында елестетіп, оның орнына қойып көруің керек.

 - Инстапарақшаңызды қарағанбыз, үнемі күліп жүретініңізді айтыпсыз. Расымен солай ма, жақсы көңіл-күйдің энергиясын қайдан аласыз?

-  Үнемі күліп жүретінім де рас. Кейде оны біреулер дұрыс түсінбей жатады. Адамдармен күліп қарым-қатынас орнатамын. Күлімсіреу арқылы адамға жылулық бересің, ол саған сенім білдірудің бірен-бір кепілдігі. Балалармен жұмыс жасау кезінде де менің жылы қабақ танытуым, олардың жан дүниесін ашуға септігін тигізеді. Күліп жүру арқылы позитивті көңіл-күйді, жақсылықты жақын етесіз.

- Сіз қазір идеалсыз, ал өзіңіздің идеалыңыз кім еді?

- Менің идеалым менің әкем. Әкем менімен мақтанса екен дейтінмін. Әрбір баланың ойындағысы сол ғой. Бүгін әкемнің қуанышын көргенде бұл арманымның орындалғанына көзім жеткендей болады. Ол үнемі сабырға, қанағатшылыққа тәрбиелеп отырады.

- Жеңімпазды не толғандырады?

- Көп адамдардан неге өз өзіңді дамытпайсың, неге өзіңе ұнайтын іспен айналыспайсың деп сұраймын. Олардың дені уақытым жоқ деп жатады. Менің үш балам бар, ата-енемнің қолында тұратын келінмін. Алайда, бұл тұрмыстық мәселелер қоғамдық іспен айналысуыма, өзімді дамытуыма кедергі келтірмеді. Адам жан-жақты болуы керек. Бір ғана бағытта жұмыс жасап қоймай, білім көкжиегін кеңейтуге көңіл бөлуі керек. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының арасында 18-19 жастағы жастар бар. Менің отыз жасымда жеткен жетістігімді олар 18 жасыңда-ақ еңсеріп үлгерді. Сол кезде ойлайсың, мен бұл балалар секілді жетістікке жететін, білімге ұмтылатын уақытымды қайда жұмсадым деп. Сөйтсем, мен ол уақытта пайдасыз кино қарап, мағынасыз әңгіме айтып, телефон ақтарумен күн өткізген кездерім болыпты. Ал ол балалар сол уақытты өздері үшін де, қоғам үшін де тиімді пайдалана білген.   

P.S. «100 жаңа есім» елге үлгі етер тұлғаларды ұсынып қана қоймады, ол осы тізімге енген қазақстандық үздіктердің арманына қанат бітіріп, көңіліндегі сенімге серпін берді. Өз күштері мен мүмкіндіктеріне сенген олар бүгінде Қазақстанның болашағының құрылуына, қалыптасуына өздері қосар үлестің қомақты болуы керек екенін, таңдау арқылы өздеріне артылған жауапкершілік жүгінің ертеңге артылған аманат екенін жақсы түсінеді.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: