СЫҒАНДАРДЫҢ ЕРКІН РУХЫ: МЕМЛЕКЕТІМІЗ ЖОҚ ҰЛТПЫЗ, ЕРКІНБІЗ, БІЗДІ ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖАҚСЫ ҚАБЫЛДАСА, СОЛ ЖЕРДЕ ТҰРАҚТАЙМЫЗ

26 Сәуір 2019, 00:00 3216

Ақтөбенің сығандары байырғы ата-бабалары секілді: саудамен айналысып, бал ашып, көңіл-көтеріп, барлық сән-салтанатымен жайдарлы да жайбарақат ғұмыр кешуде. 

Олар саясатқа араласпайды және тәртіп сақтау органдарында жұмыс жасамайды. Олар үшін бұл - тыйым.

8 сәуірде Сығандар күні аталып өтті. Бұл мереке 1971 жылы Лондон қаласында бірінші Дүниежүзілік сығандардың конгресі кезінде бекітілді. Сол уақытта әлем сығандары өздерін мекені жоқ жалғыз ұлт ретінде танып, өз нышандарын – әнұран мен туды қабылдады. Сыған туы көлденеңнен екі түске боялған, жоғарғы бөлігі көк аспанды білдірсе, екінші бөлігі жасылға боялып, көк майсаны білдіреді. Ортасында мәңгілік көшпенділіктің нышаны – қызыл түспен боялған доңғалақ сипат орналастырылған.

Ақтөбелік сығандар «Көктем шығы» мейрамын Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ән мен күйдің фестивалімен атап өтті.

«Дэш» сыған диаспорасы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Дмитриева: «Би мен ән қанымызға сіңген. Біз өмірімізде саясатқа араласпаймыз, біз үшін «саясат» жоқ. Біз мемлекеті жоқ, еркіндіктің адамдарымыз. Қай жақта бізді жақсы қабылдаса, сол жерде тұрақтаймыз және сол мемлекетті, адамдарын қастерлейміз», – дейді.

Ақтөбеде қазір жүзге жуық сыған, он бес отбасы тұрады. Жергілікті билік өкілдері біздің диаспораны қолдайды.  Сыған – славяндар мен Латын Американдықтар секілді түрлі ұлт өкілдерінен құралған бірнеше этностардың жиынтығы, оған ондаған халық жатады. Жалпы болжам бойынша сығандардың ата-бабалары Батыс Үндістанда мекендеген, алайда олардың әдет-ғұрыптары мен мәдениетінің өзіндік ерекшелігі бар, – деді Елена Дмитриева.

Сонымен қатар «Дэш» бірлестігінің төрайымы былай деді: «Бізде үлкен отбасын құру әдеті қалыптасқан. Біз ата-бабаларымыздың, тегіміздің тарихын жақсы білеміз. Ерлеріміз әйелдерге үлкен құрметпен қарайды. Балаларды өте жақсы көреміз. Айтпақшы, біздің жігіттер кез-келген ұлттың қыздарына үйлене алады. Бұған байланысты бізде біржақты пірік қалыптаспаған. Менің екі ұлым бар, екеуі де отбасылы. Бір келінім – украин, екіншісі – грузин этносынан. Сыған қаны өмір бойы араласып, жаңарып отырады, бірақ оған ешкім мән бере бермейді.  Жігіт басқа ұлттың қызын әкелсе, міндетті түрде туған-туыс, дос-жаранды жиып, некені заңдастыруы қажет».

Сыған отбасына келін болып түскен қыз белгілі бір ережелерді ұстануы қажет болады. Мысалы, орамал тағып, ұзын көйлек киіп жүруі керек. Мереке кезінде ерлер мен әйелдер бөлек үстелдерде отырады, келіндердің ер адамдарға сөз қайтаруына тиым салынған. Сонымен қатар жаңа түскен келіншек тамақ әзірлей білуі тиіс. Үйге келген адамдарға қонақжайлылық танытып, дастарқан жаюы керек. Сығандар бұл дәстүрді қатаң ұстанады. Олар «дұшпаның келіп отырса да, дәмнен ауыс тигізбей үйден шығармаймыз» дейді.

Сондай-ақ сыған қызы да таңдаған ұлттың, діннің өкіліне тұрмысқа шыға алады.

— Жігіт жақсы болса, қарсылық білдірмейміз. Бірақ ол жігіт міндетті түрде алдымен қыздың ата-анасының алдынан өтіп, құда түсуі керек. Егер жақсы адам, араларында кіршіксіз махаббат, адал жар болуға дайын болса – біз тек некені құптаймыз, – деп, дәстүр ерекшеліктерімен бөлісті Елена.

Сығандар мамандыққа өте үлкен мән береді, олар үшін «сығандардың кәсібі», «сығанның кәсібіне жатпайтын» деген ұғым қалыптасқан. «Сығандардың кәсібіне»: музыка, әрітстік, шоу-бизнеспен байланысты мамандықтар, сондай-ақ жануарлармен жұмыс істеу, педагогика және психология, зергерлік, қолөнер жатады. Бал ашу ертеден келе жатқан сыған әйелдерінің кәсібі. «Қара тізімге» құқық қорғау органдары мен фабрикада жұмыс жасау кіреді.

 — Ерлер жағы көлік саудасымен айналысады, алтын сатып алып, зергерлік бұйымдар жасап шығарады. Әйелдер базарда сауда жасайды, бал ашып отырады. Бұл біздің тағдырымызға жазылған. Жұрт сығандарды гипнозбен айналысады дейді, бірақ біз ол сөздің мағынасын толық түсінбейміз де, – деп  ағынан жарылды төрайым. – Егер қыз баланың қызығушылығы болса, өзі картаға жақын бола бастайды, өсе келе бал ашып үйренеді.

Еленаның өзі де бал ашумен айналысады. Оған қасиет әжелерінен дарыған. Бала кезінде анасы тыйым салып, кейін өзі үйреніп алған, егер бұл қасиетті шыңдамаса, одан айырылып қалудың да қаупі бар, дейді сығандар.

— Кез келген адам «Таро» картасын оқи алады, мен әдеттегі картамен бал ашамын. Ол күрделірек. Менде қыз бала жоқ, бірақ жақында ұлым қызды болды, енді сол немереме білгенімді үйретсем деймін, – деп қорытындылады сөзін Елена Дмитриенко.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: