Светлана Жақыпова ҮЕҰ өкілдерімен кездесті

13 Қазан 2023, 23:48 1053

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанның ХI Азаматтық форумы аясында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізіді, кездесу барысында азаматтардың сұрақтарына да жауап берді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс-шараға азаматтық сектордың 50-ге жуық өкілі, оның ішінде Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, үкіметтік емес ұйымдар, Әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің, Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты.

Іс-шараға қатысушыларды әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелер мен басым міндеттер туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова хабардар етті. Ол өз сөзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президент пен Үкімет қойған барлық міндеттерді уақтылы және жауапкершілікпен іске асыратынын атап өтті.

Ең төменгі жалақы мөлшерін 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Тиісті норма «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына енгізілген. Бұл жеке және мемлекеттік кәсіпорындарда әртүрлі салаларда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскерлердің еңбек табысына оң әсер етеді.

Қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын, Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамтылған қызметкерлердің құқықтарын қорғау, зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау үшін заңнамаға түзетулер әзірлеп жатырмыз, – деді Назгүл Сағындықова.

Вице-министр ЕХӘҚМ мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау жөніндегі шараларды тұрақты негізде іске асыратынын айтты. Зейнетақылар мен жәрдемақылар уақтылы және толық көлемде төленеді, оларды жыл сайын арттырылуда.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі жаңа шаралар пакеті іске асырылуда.

Біріншіден, 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас деңгейінде қалдырылды. Аталған шара коронавирус пандемиясы азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер етуіне байланысты қабылданды. Осы уақыт аралығында денсаулық сақтау жүйесінде жетілдіру шаралары қабылданатын болады. Бұл ретте ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге, оларды қолдауға бағытталған оңалту орталықтарының желісін құруға және кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Екіншіден, бес жыл ішінде базалық зейнетақының мөлшері кезең-кезеңімен өседі: ең төмен базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70 %-ына дейін; ең жоғары базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 100%-ынан 120%-ына дейін. Осы жылдың басынан бері базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 60%-ына дейін өсті.

Үшіншіден, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

Бұдан басқа, ынтымақты зейнетақы мөлшерінің төмендеуіне байланысты жұмыс берушілер есебінен 2024 жылдан бастап 1,5 %-дан 2028 жылға қарай 5%-ға дейін қосымша зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Бұл 1998 жылға дейін жеткілікті еңбек өтілі жоқ азаматтарды, сондай-ақ 1975 жылдан кейін туған адамдарды қолдауға мүмкіндік береді. Олардың зейнетақысы үш компоненттен тұрады: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – өз аударымдары есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен.

Еңбекмині әлеуметтік әріптестермен бірлесіп тұрақты түрде үздік халықаралық тәжірибелерді зерттеп, еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыстарды жүргізеді. Биыл еңбек дауларын шешу тәртібін жеңілдетуге, сондай-ақ заңнамалық реттеу мен жұмыспен қамтудың икемді нысандарын дамытуға бағытталған еңбек заңнамасына түзетулер қабылданды.

Қазір қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс берушінің әкімшілік жауапкершілігін қатаңдату боынша нормаларды пысықтап жатырмыз, – деп толықтырды Назгүл Сағындықова.

Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғамға әлеуметтік ықпалдасу үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылуда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі конвенцияға Факультативтік хаттама ратификацияланды. Қазақстан үшін ол 12 тамыздан бастап күшіне енді.

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Ол мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және қамтамасыз ету жүйесінде жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталған. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары іске қосылды. Олар техникалық құралдар, оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді жақсартуға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Біріншіден, Spina Bifida диагнозымен ауыратын азаматтар үшін жоғары сапалы катетермен қамтамасыз ету қарастырылған. Оған республикалық бюджеттен 328 млн теңге бөлінді.

Екіншіден, жөргектермен қамтамасыз етудің күнделікті нормалары екі есе ұлғайды. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 5 млрд теңге қарастырылған.

Үшіншіден, ментальды кемшіліктері бар балаларға ілеспе аурулар болған кезде дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде санаторлық-курорттық емдеу жолы пилоттық режимде ұсынылады.

Төртіншіден, жеке көмекшілердің зейнетақы жүйесіне, медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне қатысу қамтамасыз етілді. Бұл әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда оларды әлеуметтік қорғауға мүмкіндік береді.

Бесіншіден, Ақмола, Қарағанды, Түркістан облыстарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында сыйымдылығы шағын үйлерде балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске қостық. Осы жылдың соңына дейін Батыс Қазақстан облысында осындай үй ашу жоспарланған.

Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс аясында мүгедектігі бар адамдарды қолдау және қоғамға интеграциялау үшін маңызды бірнеше негізгі бағыттарға назар аудардық.

Біріншіден, республикалық деңгейде арнаулы қызметтер көрсету орталықтарының бюджетін шоғырландыру. Бұл ресурстарды тиімдірек бөлуге және барлық өңірлерде көрсетілетін қызметті алушылар үшін қызмет көрсетудің жалпы тең стандарттарын белгілеуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтардың қызметін лицензиялау, бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және осы саладағы барлық ұйымдар ұстанатын стандарттарды жасауға ықпал ететін болады, – деп хабарлады Назгүл Сағындықова.

Мүгедектігі бар адамдарды жоғары технологиялық оңалтудың техникалық құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ) қамтамасыз ету үшін ОТҚ инновациялық фабрикасын ашу жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру қорытындысы бойынша оңалтудың жоғары технологиялық құралдарын, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға арналған жылжымалы көтергішті, экзоскелеттерді және т.б. енгізе отырып, ОТҚ жіктеуіші қайта қаралады.

Төртіншіден, мүгедектігі бар адамдарды қоғамға интеграциялау және олардың экономикалық дамуға белсенді қатысуын қолдау үшін маңызды қадам болатын Инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеу.

Бесіншіден, егер жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квоталарды орындамаса, олардың міндетті өтемақы төлемдері механизмін енгізу. Алынған қаражат мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталады және еңбек нарығында тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Алтыншы, инватакси қызметтерін, сондай-ақ оңалтудың техникалық құралдарының жекелеген түрлерін монетизациялау. Қазіргі уақытта Министрлік ұсыныстарды жинап, ортопедиялық аяқ киімді монетизациялаудың қажеттілігі мен механизмін анықтауда.

Алдағы уақытта Отбасының цифрлық картасының көмегімен біз өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізуді жоспарлап отырмыз.

Биыл Министрліктің және Біріккен Ұлттар Ұйымын дамыту бағдарламасының бірлескен жобасы аясында аталған жоба Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астанада пилоттық режимде іске асырылуда. Қиын өмірлік жағдайдың бар екендігі туралы сигнал түскен кезде отбасына түрлі ведомстволар – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ішкі істер ведомстволары және т.б. көмек пен қолдау көрсетеді. Ал болашақта ведомстволар Отбасының цифрлық картасының негізінде проактивті қызмет көрсетеді, – деп толықтырды вице-министр.

Өз кезегінде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҮЕҰ өкілдерімен кездесу барысында айтылған өзекті сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Ол сондай-ақ азаматтардан Еңбекминіне ведомствоаралық өзара іс-қимылды талап ететін сұрақтар келіп түсетінін атап өтті.

Атап айтқанда, олар: мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге; инфрақұрылым объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық жарыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ету құқықтарын іске асыруға және т.б. қатысты. Осы мәселелердің барлығын Мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінде бірлескен талқылауға шығару жоспарлануда, – деді Светлана Жақыпова.

Кездесу соңында ЕХӘҚМ басшысы ведомствоның ҮЕҰ-мен ұзақ мерзімді өзара іс-қимылы өзінің тиімділігін дәлелдегенін және елдің мыңдаған мұқтаж азаматтарына пайда әкелетінін атап өтті.

Қорытындылай келе, жаңа әлеуметтік саясат Президент жариялаған ауқымды өзгерістердің маңызды аспектісі екенін атап өткім келді. Әлеуметтік қорғау, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар біздің ортақ күш-жігерімізді шоғырландыруды талап етеді. Біз ашық диалог пен сындарлы ынтымақтастыққа әрқашан да ашықпыз. Біз өзара іс-қимыл көкжиегімізді кеңейтуге дайынбыз және сіздердің ұсыныстарыңызды күтеміз, – деді Светлана Жақыпова.

Перизат Саденова
Бөлісу: