Суретші: Мен үшін мотиватор ең әуелі өзім

25 Қаңтар 2022, 16:45 52337

Әйгерім Кәрібаева этно-модернизм бағытында сурет салады

 

Бүгінгі таңда иллюстрациялық графика бағытындағы ұлттық колориттегі ертегі кейіпкерлері бейнеленген суреттер, этникалық сарындағы қыз-келіншектердің әсем әшекей бұйымдары сондай-ақ түрлі заманауи материалдарға салынған көздің жауын алатын Шығыстың ою-өрнектері сәнде екені рас. Қазіргі таңда бұларды «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының былтырғы жеңімпазы, қылқалам шебері Әйгерім Кәрібаеваның жұмыстарынан байқауға болады. Оның туындыларынан туған елінің тарихы мен мәдениетіне деген құрметі мен сүйіспеншілігі маңызды орын алатынын көруге болады.

 

Әйгерім Кәрібаева – Қарағанды облысының тумасы. Ол бала кезінен сурет салуға бейім болыпты. Сол уақытта оның құрдастары далада ойын ойнаса, Әйгерім қылқаламмен қағазға түрлі суреттер салумен айналысқан. Тағы бір айта кетерлігі, оған суретшілік өнер нағашы жұртынан дарыған деуге болады. Өйткені Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Досбол Қасымов қылқалам шеберінің туған ағасы.

 

- Алты жасымнан бастап қағаз бен карандашты қолымнан тастамадым. Тіпті таңнан қас қарайғанша сурет салып отыра беретінмін. Сол уақытта іштей өскенде суретші боламын деген ой келді. Өнерге бейімімді байқаған ата-анам мені арнайы сурет салуға бейім мектептердің біріне бірінші сыныпқа оқуға берді. Мұнда 11-сыныпты тәмамдаған соң ары қарай кәсіби білім алу үшін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Графикалық дизайн» мамандығына оқу түсіп, оны 2010 жылы бітірдім, - дейді Әйгерім Кәрібаева.

 

Кейін ол алған теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру үшін біраз жыл графикалық-дизайнер болып жұмыс істеді. Ауқымды тапсырыстар алып, түрлі жобаларды дайындады. Осы арқылы ол бір жағынан табыс тапса, бір жағынан кәсіби дағдыларын одан сайын жетілдіре түсті.

 

Қылқалам иесі сурет салу арқылы адамның талабын терең түсінуге талпынған әрі мәселелерді ұтымды шешуге тырысқан. Бір айта кетерлігі, бұл адамды креативті жағынан ойлауға бағыттайды және шығармашылықты одан сайын дамытады. Нәтижесінде өмірін өнермен байланыстырған адам кез келген тақырыпқа қатысты сұрақты төтесінен қоймай, керісінше адамның эмоциясына, көңіл-күйіне қызығушылығын тудыруға сеп болады.

 

Кейіпкеріміз негізінен этно-модернизм бағытында сурет салады. Осы орайда бір ерекше атап өтерлігі, бағыттың бұл атауын Әйгерім Кәрібаева өзі қойған екен. Ол қазіргі заманғы өнердің ауқымы өте үлкен, ал өзінің жеке туындыларының нақты бағытын айқындау қиынға түскенін айтады. Содан ол әсіресе өнерсүйер қауымның арасында аты кеңінен танымал Ольга Батуринамен кеңесіп, өз жұмыстарына осы стильдің атауы лайық деп тапқанын жеткізді. Осылайша суретші этникалық мәдениет пен қазіргі заманның соңғы технологияларын бір арнаға түйістірді.

 

- Туындыларымды алғаш рет 2019 жылы суретшілерге арналған көрме-жәрмеңкеде сатылымға қойдым. Оған келушілер саны көп болмаса да, бірнеше сағат ішінде барлығы-дерлік сатылып кетті. Нәтижесінде сурет салуға деген қызығушылығым одан сайын еселене түсті, - дейді суретші.


 

Күнделікті тұрмысқа және интерьерге керекті дүниелерде қазақтың ою-өрнектерінің болуы Әйгерім Кәрібаева үшін шексіз әдемілік болып саналады. Мұндай көздің жауын алатын әрі тарихымызды әспеттейтін ұлттық нақыштағы заттар отандастарымызбен қоса шетелдіктердің де назарын аударатыны сөзсіз.

 

Еліміздің бай тарихы мен көшпелілердің мәдени мұрасы өмірін өнерге арнаған біздің кейіпкеріміз үшін үлкен шабытқа айналғанын байқауға болады. Бүгінде оның жүзден аса суреттерінен ежелгі уақыттан бүгінгі заманға дейінгі тұстағы халқымыздың күнделікті өмірін және қазіргі сәндегі түстермен боялған жұмыстарын көруге болады.

 

Сондай-ақ оның суреттерінен отбасы, бала-шаға, аналық махаббат жайында бейнеленген туындыларды кезіктіресіз. Бастысы олардың барлығы қылқалам шеберінің ішкі жан дүниесімен астасып, ыстық махаббатпен қағаз бетіне түсірілген.

 

Бүгінде оның туындыларын қазақстандықтармен қоса, әлемнің 50 елінің азаматтары да тамашалап, таңдай қағады. Өз шығармашылығы арқылы қазақтың мәдениетін әлемге дәріптеп жүрген қылқалам шебері картиналарын Еуропа, АҚШ, Азия және тағы басқа алыс-жақын елдерге жөнелткен екен.

 

- Мен үшін ең үлкен мотиватор ең әуелі өзім. Алға көптеген мақсаттар қойып, соған жету жолында нақты міндеттерімді де жазамын. Мақсатың айқын болса, армандар орындалады емес пе? Мен өзім осы принципті ұстанамын. Сондай-ақ күнделікті өмірде менің отбасым, бала-шағам да мотиватор екенін айта кету қажет. Тағы бір айта кетерлігі, анам да менің мотиваторым болды. Оның айтқан әрбір сөзі мен үшін өте маңызды.. Бастысы ол мені үнемі қолдайды әрі маған сенім білдіреді. Оған қоса, өнер иесін өз ұлтының тарихы, мәдениеті де шабыттандырады емес пе?, - дейді графикалық дизайнер.

 

Әйгерімнің арманы – жеке сурет көрмесін ұйымдастыру. Ал оның сүйікті суретшісі, голланд кескіндемешісі, импрессионизмнен кейінгі кезеңнің ең көрікті өкілдерінің бірі – Винсент Ван Гог.

(Суреттер Әйгерім Кәрібаеваның instagram парақшасынан алынды)

 

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: