Сурет деген бір сиқыр...

24 Ақпан 2016, 10:42

Фотограф Бекен Жапаровтың көрмесі

«Астана» ұлттық сурет галереясында қазақстандық фотограф және дизайнер Бекен Жапаровтың «Қас-қағым сәтпен бөлісу» атты жеке фотокөрмесі өтті. Фотограф көрмені ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады.

Шарада Бекен Жапаровтың 44 жұмысы көрермен назарына ұсынылды. Туындылардың көпшілігінде табиғаттың ғажайып көріністері бейнеленген. Елорданың ең көрікті орындары да, Бурабайдың сұлу келбеті де суреткер объективінен тыс қалмаған екен. Есілдің түнгі көрінісі, Жұмбақтас, Оқжетпес, күн батқан шақ, құлын мен балдырған... Зер салып қараған жанға фотографтың суреттеріндегі табиғат көріністері тылсым тілінде сөйлей жөнеледі.

Фотокөрме барысында Бекен Байзақұлы мектеп оқушыларына «Фотоөнердің әуесқойларға арналған негіздері» атты шеберлік дәрісін өткізді. Дәріс барысында фотограф кішкентай модельдерді суретке түсірудің жолдарын көрсетті, объектив түрлерімен таныстырды. Сонымен қатар, ол балаларға таңертең және кешкі уақытта түсірілген суреттер сәтті шығатынын айтты. Әсіресе пейзажды күн ұясына батып бара жатқанда түсірген дұрыс екен. «Ал, күн шақырайып тас төбеде тұрған шақта жарық тым көп болғандықтан, сурет сапасыз болады» дейді фотограф. 

Бекен Жапаров – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Фотограф үшінші курста оқып жүргенде фотоөнер курсына қатысып, содан кейін оның осы салаға деген құштарлығы күн санап арта бастайды. Уақыт өте келе оның әуесқойлығы өмірлік кәсібіне айналады. Бекен Байзақұлының ұстанған нақты бір бағыты жоқ. Өзі «назарыма іліккен кез келген әдемі дүниені түсіремін» дейді. Бастысы, композиция мен түстерді сезіне біледі. Фотографтың айтуынша, жарық – фотосуреттің ажырамас бөлігі. Сондықтан, ол жұмыс барысында жарықтың дұрыс түсірілуіне баса мән береді. 

– Мен фотоөнерге кездейсоқ келдім. Университетте оқып жүргенде, Борис Петрович  деген ұстазымыз  бізге сурет түсірудің қыр-сырын үйреткен болатын. Баяғы 36 кадрлық фотоаппаратын құшақтап, Алматының көшелерін аралап кетуші едік. Сосын әркім өзінің түсірген суретін әкеп, алдымен ұстазымызға көрсетеді. Оны бәріміз ортаға алып, талқылаймыз. Сөйтіп жүріп, фотоөнердің сиқыры мені қалайша тез баурап алғанын да білмей қалдым, – дейді фотограф.  

Бекен Жапаров – бүгінде «Астана» ұлттық сурет галереясы, полиграфия және дизайн бөлімінің жетекшісі. Қолы қалт еткенде, уақытын өзінің сүйікті хоббиіне арнайды.

Фотокөрме 25 наурызға дейін жалғасады.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу: