20 Мамыр 2016, 04:16
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің Күмбезді залында Санк-Петербург Концерттік хорының өнерпаздары әсем әуендерін әуелетсе, талантты фотографтар көрермендерді «Жаңа көзқарас New Vision» фотосуреттер көрмесімен тәнті етті.
Көрменің мақсаты — Санк-Петербург шаһарының көрікті жерлерін сондай-ақ бірегей тарихи кешендерімен таныстыру. Көрермен назарына ұсынылған жұмыстардың қатарында: Исаакий, Сампсониев соборлары бар. Жас фотосуретшілер бұл ғимараттарға деген өзіндік көзқарасын көрсетті. Осы жобаның барысында қала тұрғындары мен қонақтары Санкт-Петербургті жаңа қырынан танып, қаланың заманауи тынысын және классикалық дәстүрлер көркемдігіне бай өмір ырғағымен танысады.
Көрменің ашылу рәсімінде Санкт-Петербургтің атақты хор ұжымдарының бірі Санкт-Петербург Концерттік хоры (Смольный соборының камерлік хоры) өз өнерлерін көрсетті. Хор 1991 жылы құрылған болатын. Санкт-Петербург Концерттік хорының вокалдық орындау мәнерінде еуропалық жеңіл дауыс ырғағы мен нағыз орыс халқына тән дауыс тембрі әдемі үйлесім тапқан.
Көрмені музей директорының орынбасары Ақтаева Күлайша Қабдуалиқызы ашты:
— Бұл біздің Ресей елімен бірігіп ұйымдастырып отырған екінші жобамыз. Естеріңізде болса алдыңғы жылы Санк-Петербург қаласына біздер қонаққа барған болатынбыз. Енді міне, Николай Витальевичтің бастамасымен ресейлік қонақтар Астанамыздың төріне келіп отыр. Көрменің мақсаты Ресей мен Қазақстанның достығын нығайту, рухани байланыс орнату.
Николай Буров, Ресей Федерациясының халық әртісі, «Исаакий соборы» Мемлекеттік ескерткіш-музейінің басшысы:
— «Мен қуаныштымын» десем өтірік айтқан болар едім. Мен бақыттымын! Жас болса да, тарихқа толы, ғажайып ғимаратта сіздермен жолыққаныма шексіз бақыттымын. Бүгін алдарыңызға алып келген жұмыстар Санк-Петербургтің жас суретшілерінің туындылары. Олар жас болғанымен, өте талантты. Келер жылы осы көрмеге қазақстандық жастар да қатысса екен деген арман-тілегіміз бар. Бүгінгі көрмеге келгендеріңіз үшін тағы да шексіз алғыс айтамын.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі. Музей 2004 ж. құрылған, жаңа елордамыз – Астана қаласында, Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы Резиденциясы (1997–2004 жж.) ғимаратында орналасқан. Музей республиканың мемлекеттік егемендігінің қалыптасу процесін және тәуелсіз, демократиялық мемлекет құрудағы Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың тарихи рөлін зерттеумен, мәдени мұраны насихаттаумен, шығармашыл жастарды қолдаумен және де мәдениет аралық үнқатысуды дамытумен айналысады.
«Исаакий соборы» Мемлекеттік ескерткіш-музейі – бұл бірегей тарихи-көркемдік кешен, хронологиясы бойынша І Петр дәуірінен бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі Санкт-Петербург қаласының сәулет өнері қалыптасқан барлық кезеңді қамтитын ескерткіш-ғибадатханалар. Музей тарихы 1948 жылдың 12 желтоқсанынан бастау алады, 1969 жылдан бастап жеке музей болып құрылды. Музей құрамына 1971–2004 жылдар аралығында Христостың қайта арылу ғибадатханасы («Спас на крови») және Сампсониев соборы кірген болатын. Бүгінгі таңда «Исаакий соборы» Мемлекеттік ескерткіш-музейі – жалпыға танымал бүкілресейлік мәдени орталық және көпфункционалды музей мекемесі.
Алмас САУДАНБАЙ
Фотограф — Нұрбек Әлманбетов