Суицид – тығырықтан шығатын жол емес

20 Ақпан, 18:35 367

Өмірде әр адамның басына түрлі қиындықтар түседі. Кейбіреуі оны сабырмен еңсерсе, кейбірі өз проблемасынан ешқашан шыға алмайтындай күй кешеді. Осындай кезде суицид туралы ойлар пайда болуы мүмкін. Алайда өзіне-өзі қол жұмсау мәселенің жалғыз шешімі емес. Кез келген қиындықтан шығатын жол бар. Бүгінгі мақаламызда суицидтің себептері, оның алдын алу жолдары және шешімі жайлы сөз қозғамақпыз.

Суицидтің негізгі себептері

Суицид – бір ғана себептен туындамайды. Әдетте, бірнеше фактордың әсерінен адамдар осындай шешімге келеді. Оларды үш негізгі топқа бөліп қарастыруға болады.

  1. Психологиялық факторлар
  1. Әлеуметтік факторлар
  1. Биологиялық факторлар

Соңғы деректер қандай?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын әлемде шамамен 800 мың адам суицидтен қайтыс болады. Бұл әр 40 секунд сайын бір адамның өз-өзіне қол жұмсайтынын білдіреді.

Ал Қазақстанға келер болсақ, мұнда да суицид мәселесі өзекті. Ranking.kz порталындағы ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылдың қаңтарында Қазақстанда 234 адам өз-өзіне қол жұмсады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 адамға (немесе 1,3%-ға) аз. Көп жағдайда суицид жасағандар сау күйде болған (177 адам), ал 50 адам алкогольдік мас күйде болған. Сондай-ақ 7 адамның психикалық ауытқушылықтарға ұшырағаны анықталған. Суицид жасағандардың 82,1%-ын ер адамдар құрайды – 192 адам. Қиын өмірлік жағдайлар көбіне орта жастағы ер адамдар үшін қайғылы аяқталады: 2025 жылдың қаңтарында өз-өзіне қол жұмсағандардың басым бөлігі 35-44 жас (47 адам), 45-54 жас (38 адам) және 55-64 жас (29 адам) аралығындағы азаматтар болды. Бұл үш санат барлық суицид жасаған ер адамдардың шамамен 60%-ын құрайды.

Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда суицид жасаған әйелдер саны азайған – 42 адам, былтыр 51 адам болған. Көбіне мұндай қайғылы жағдайлар 18-24 жас пен 45-54 жас аралығындағы (әр топта 8 адамнан) және 35-44 жас аралығындағы (7 адам) әйелдер арасында тіркелген. Суицид жасағандардың 5,6%-ы – кәмелетке толмағандар (13 адам), олардың 11-і толық отбасында тәрбиеленген. Өңірлер бойынша ең көп өз-өзіне қол жұмсау фактілері Алматы облысында тіркелді – 24 адам, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда екі еседей  өскен. Сондай-ақ Түркістан облысында 23 адам, Ақтөбе облысында 20 адам суицид жасаған. Ең аз суицид тіркелген өңірлер – Ұлытау және Қызылорда облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.

Өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі себептері қаржылық қиындықтар, жалғыздық және тұрмыстық жағдайдың нашарлығы болып отыр. Қаржылық қиындықтардан 26 адам өз-өзіне қол салған, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда екі есе көп. 14 адам жалғыздықтың кесірінен, 8 адам тұрмыстық жағдайдың нашарлығынан, 7 адам қарым-қатынастың үзілуінен (оның ішінде ажырасу), 5 адам ауыр соматикалық аурулардан, 4 адам отбасындағы жанжалдардан (оның ішінде 2 адам – жұбайымен, 1 адам – ата-анасымен жанжалдасқан), 1 адам жақынын жоғалтқаннан, тағы 1 адам жасаған әрекеті үшін жазадан қорыққандықтан өз-өзіне қол жұмсаған. Дегенмен бұл тек белгілі болған жағдайлар ғана, ал 234 адамның 170-інде суицидке нақты не түрткі болғаны белгісіз күйде қалды.

Ең көп таралған суицид тәсілі – асылып қалу, бұл жолды 188 адам таңдаған, өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-ға көп. Сондай-ақ 11 адам улану, 11 адам өткір заттарды қолдану, 9 адам биіктіктен секіру, 5 адам атыс қаруын қолдану арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Суицид оқиғаларының басым бөлігі тұрғын үйлерде орын алған – 143 адам, 15 адам көшеде, 3 адам жұмыс орнында, 2 адам жертөледе, 1 адам медициналық мекемеде, ал 70 адам басқа жерлерде өз-өзіне қол жұмсаған.

Суицидтің алдын алу жолдары

Суицидтің алдын алу – кешенді түрде қарастырылуы керек мәселе. Оған жеке адам, отбасы, қоғам болып бәрі атсалысуы қажет.

Егер депрессия мен мазасыздық белгілері байқалса, дереу психологқа немесе психотерапевтке жүгінген жөн. Суицидке бейім адаммен ашық сөйлесу, оны тыңдау, қолдау көрсету маңызды. Өзін жақсы көру, жетістіктерін бағалау, өмірдің мағынасын іздеу, физикалық белсенділік, шығармашылық, хоббимен айналысу да көмектеседі. Алкоголь мен есірткі психикалық жағдайды нашарлатып, суицидтік ойлардың күшеюіне әкелетіндіктен, зиянды әдеттерден бастарту маңызды. Отбасында ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас орнатылып, проблемаларға бей-жай қарамаған абзал. Оны тыңдап, қолдау көрсету, махаббат пен қамқорлық таныту да маңызды. Егер отбасы мүшесінде суицидтік ойлар байқалса, оны жасырмай, білікті мамандардың көмегіне жүгіну керек.

Ал мектеп пен оқу орындарында буллингке қарсы күрес жүргізіліп, мектеп әкімшілігі буллингті болдырмау үшін арнайы бағдарламалар енгізуі қажет. Психологтар мен мұғалімдер оқушылардың эмоционалды жағдайын бақылауы тиіс. Сондай-ақ, оқушылар мен студенттерге арналған тегін психологиялық қолдау орталықтарын ашу, суицидтің алдын алу бойынша ақпараттық сабақтар өткізу де маңызды. Қоғамдық және мемлекеттік деңгейде психикалық денсаулық мәселелері туралы ақпараттық науқандар жүргізіліп, анонимді сенім телефондары мен психологиялық көмек орталықтарының жұмысы күшейтілуі тиіс. Кедейшілікпен күрес, жұмыссыздық деңгейін төмендету, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету сияқты әлеуметтік қолдау шаралары да маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, суицидті насихаттайтын контентке тыйым салу, әлеуметтік желілердегі зиянды ақпаратпен күресу, буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша заңнаманы күшейту қажет.

Кімнің көмегіне жүгінуге болады?

Егер сіздің жақындарыңыздың немесе таныстарыңыздың бойында суицидтік ойлар байқалса, оларды тыңдап, ашық сөйлесіп, проблеманы елемей қоймай, оларға психологиялық көмек алуға ынталандыру қажет. Сенім телефондары немесе мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес беру де маңызды.

Кейде жақын адамдарға ашылу қиын болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сенім телефондарына хабарласуға болады.

Бұл орталықтарда кәсіби мамандар 24/7 жұмыс істейді және құпиялылық сақталады.

Суицид – алдын алуға болатын құбылыс. Бұл үшін жеке деңгейде де, қоғам деңгейінде де кешенді шаралар қажет. Әрбір адам өзінің және жақындарының психикалық денсаулығына мән берсе, суицид деңгейін төмендетуге үлес қоса алады. Өмір – ең құнды нәрсе және әр адамның қиындықтан шығатын жолы бар. Егер сіз немесе сіздің таныстарыңыз көмекке мұқтаж болса, сенім телефондарына немесе психологтарға жүгінуден қорықпаңыз. Сіз жалғыз емессіз, сізге көмектесуге дайын жандар әрдайым бар!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: