Суицид – қоғамның әлеуметтік мәселесі

Кеше, 13:10 353

Тіршіліктегі басты құндылық – адамның өмірі екені белгілі. Ал сол адамзаттың барлығының да тағдыр жолында қиын сәттер мен қуанышты жағдайлар қатар жүреді. Тек әр адам оны әрқалай қабылдайды. Бірі қиындыққа тура қараса, екіншісі әлсіздік танытып, күйзеліске түсіп кетеді. Кей уақытта мәселені қабылдау процесі қайғылы жағдаймен де аяқталып жатады. Бұл бүгінгі қоғамда ашық көрініс тауып отырған өзекті мәселе. Сонда адамның өмірден баз кешуінің себебі неде?

Соңғы жылдары жаға ұстатарлық жағдайды жиі еститін болдық. Тіпті, Қазақстанда күніне 10 адам өзіне-өзі қол салатын көрінеді. Бұл статистика көрсетіп отырған шындық. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар мен шілде айлары аралығында елде шамамен 2,1 мың суицид жағдайы тіркелген. Сонда осыншама адамның өз өмірінен бас тартуына не себеп? Психолог мамандардың айтуынша, адамдарды суицидке итермелейтін бірнеше маңызды факторлар бар көрінеді. 

Суицид ұғымы латын тілінен енген және өзін саналы түрде өлтіру дегенді білдіреді. Көбіне адам қиын өмірлік жағдайға түскен кезде сол қиындықтан қашу үшін өзін өлтіруді ойластырады. Суицидке тек психикалық ауытқуы бар адамдар ғана емес, сондай-ақ, психикасы сау адамдар да барып жатады. Суицид көбіне шарасыздықтан туындайды. Рухы әлсіз адамдар қиындықтан шығар жалғыз жол өлім деп санайды. Бүгінгі қоғамда суицид белең алып отырғанның бірнеше себебі бар. Ол – экологиялық, психологиялық, биологиялық факторлар. Сонымен қатар, материалдық жағынан жетіспеушілік, жалақының аз болуы да адам санасына кері әсерін тигізеді. Қазір нарықтық заман болғаннан кейін бәсекелестік көп. Ал адам сол қатарға іліне алмағаннан ашуланып, шарасыз күйге ұшырайды. Сондай-ақ, адамдар арасында мәдениет өте төмен. Ол да әсер етеді. Атап өткендерім көбіне суицидке себеп болып жатады. Өз-өзіне қол салатындардың жан дүниесі күйзелісте болады. Ешкім қуаныштан ондай әрекетке бармайды, – дейді психолог маман Анаргүл Мәулиқызы.

Мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған Аустриялық психиатр-терапевт Виктор Франкл негізін қалаған логотерапия ілімінде адам өмірден мән тапқанда ғана барып өмір сүруге деген құлшынысы артады. Ал мән жоғалған кезде адамды Әзірейілдің ажал тырнағынан ештеңе құтқара алмайды деген қорытынды шығарған. Иә, Виктор Франклдың сөзіне илануға болады. Оған салмақты себеп бар. Неге десеңіз, ауқатты, жетістікке жеткен адамдардың да тоқырауға ұшырап, ертерек өмірмен қоштасатындары бар. Себебі жаңағы айтылған өмірлік мән жоқ. Бүгінде адамдардың мұңға батып, өмірден баз кешуіне қазіргі кездегі материализм, бәрін тек қана ақшамен, жетістікпен өлшеудің әсері тиіп отыр.

Өз-өзіне қол салатындардың көбі 30 жастан асқандар. Айта кетерлігі, олардың 81,5%-ы қайғылы оқиға кезінде алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде болмайды екен. Психологтардың пікірінше өз-өзіне қол салуды ойластырған адамдарды олардың іс-әрекеттеріне қарап ертерек анықтауға болатын көрінеді.

Суицид жасайтын адамдар тұйықталып, ортадан қаша бастайды. Ашушаң болып, ұйқысыздық мазалайды. Асқа деген тәбіттері де бұзылады. Осындай белгілерге қарап, адамға жедел көмек керек дегенді анықтауға болады, – дейді психолог.

Елде балалар арасындағы суицид мәселесі де өзекті. Ranking.kz аналитикалық порталының мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда 112 кәмелетке толмағандардың суициді тіркелген. Ал жасөспірімдер мен балалардың өз-өзіне қол салуына не себеп? Өткен жылы Алматының көпқабатты үйінің шатырынан бірінен соң бірі секірген оқушылардың қайғылы оқиғасы жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Сол оқиғадан кейін оңы мен солын толық танымаған оқушылардың санасын улайтын ойындар туралы ақпарат тараған. Оған сәйкес, әлеуметтік желінің ар жағына жасырынғандар жасөспірімдерге түрлі тапсырмалар беріп, ең соңында өзін өлтіруді бұйыратын көрінеді. Иә, бұл дамыған заманның зиянды салдары болса керек. Ата-ана тарапынан балаға деген бақылаудың болмауы, олардың кіммен сөйлесіп, қандай әлеуметтік желіде отыратынын қадағалай алмағанынан туындайтын мәселе. Оның үстіне, баланың ет жақындарымен етене араласпауы да оны еріксіз телефонмен достастырып отыр. Ал телефонның арғы жағынан келетін қатердің алдын тек қырағылық арқылы ғана алуға болады.

Әлеуметтік желілерден келетін қатерді тексеру арқылы тоқтатуға болады. Себебі оң мен солын танып үлгірмеген жасөспірімдер сенгіш болады. Сондықтан бақылау ата-ана тарапынан болуы керек. Сақтықта қорлық  жоқ. Қандай әлеуметтік желілерде отырғанын тексеріп, достары туралы сұрап, өмірлік қиын жағдайлардан шығудың мысалдарымен бөліскен жөн. Әр ата-ана баласы үшін барлық мәселені шеше бермей, балаға да жауапкершілік беруі керек. Үй жұмыстарына араластырып, белгілі бір жұмысты тапсырған жөн, – дейді Анаргүл Мәулиқызы.

Қазақстанда жыл сайын өмірін қасақана тоқтататын адамдар саны шамамен 4 мыңға жетеді. Олардың қандай күйзелісте болғанын нақыт айту қиын шығар. Бірақ, өз-өзіне қол жұмсау тығырықтан шығар жол емес. Суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жандүниесін түсінуіміз қажет. Кейде үлкен мәселенің шешімі кішкентай ғана себепте жатады. Ол –   екі тараптың ашық сөйлесуі. Ері мен әйелі, басшысы мен қызметкері, құрбысы мен досы, ата-анасы мен баласы дегендей. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ менталитетінде психолог маманға тек психикалық ауытқушылығы бар адамдар ғана жүгінеді деген түсінік қалыптасқан. Осы жаңсақ пікірді санадан шығарып, маман кеңесіне құлақ асу керек.

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: