Сухур мен ифтар: Бас мүфти діни атауларға қатысты нүкте қойды

11 Наурыз, 10:26 2877

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оразаға қатысты қалыптасқан ұғымдарды атауға қатысты айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ораза алдында діни басқарма діни түсініктерді атауға қатысты мәселеге нүкте қойды.

Ата-бабалардан бізге жеткен салт-дәстүрлеріміз бар, Құдайға шүкір. Дініміз Исламмен сабақтасып кеткен. Жақында ғана «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы жарық көрді. Яғни, бізге Ислам қашан келді, оны бабаларымыз қалай ұстады, қандай бағытта жүрді – осының барлығы сол жерде көрсетілген. Осы кітаптар елімізге кеңінен тарап жатыр. Дәстүрдің құндылығы аясында оразаға қатысты дүниелерді айттық. Мысалы оразаға қатысты сырттан келген сөздер бар. Мысалы сәресін біз сәресі деп келдік, кейбір жастарымыз оны «сухур» деп кетті. Сәресі деп айтайық. Түсінікті тіл, – дейді Бас мүфти ұлттық арнаға берген сұхбатында.

Ал ифтарды ауызашар деп айтуға шақырды.

Оны да біреулер ифтар деп айтып кетті. Кейбір сөздерді ағылшын тілінде айтып жатады. Көршілес орыс тілінде айтылатын сөздер бар. Бірақ біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптейік деген мақсатта осы үндеулерді айттық, – дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти қоғамда күнделікті әңгіме барысында шет тілдерін қосып сөйлеу әдетке айналғанын да атап өтті. Мәселен, жастар аға, інім, бауырым демей, «брат», «братжан» деп сөйлейтінін еске салды. 

Біз оразаға қатысты дүниелерді айттық. Бұрындары маған бір кісінің «Абайдан артық Алланы таныған қазақ бар ма? Абайдың өзі Алла деп жазды ғой» дегені бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейінгі пәтуаларында айтқан: яғни Аллах емес, Алла деп айтайық дедік. Қазаққа сіңімді, жақын сөз ғой. Алла Тағала деп айтамыз. Осыны да үндеуге қосып кеттік. Осындай сөздерді халқымызға насихат ретінде айттық, – дейді Бас мүфти.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: