"Судья болу – адам тағдырына тікелей әсер ететін жауапкершілік"

Бүгiн, 10:30 218

Әйелдер отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамдағы маңызды шешімдер қабылдайтын тұлғалар. Бүгінде әділдік пен заңның сақшысы болып жүрген әйел судьялар құқық саласында өз орнын қалыптастырып, биік белестерді бағындыруда. Статистикалық дерекке сүйенсек, Қазақстанда судья әйелдердің жалпы саны – 1 248. Бұл жалпы судьялардың 53% пайызын құрайды екен. Осы ретте El.kz тілшісі10 наурыз – Халықаралық әйел судьялар күніне орай сот төрелігінің нәзік иесі – Шымкент қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы, қазіргі таңда уақытша іссапармен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотта қызмет атқарып жүрген Лаззат Сейтханқызы Әуелбековамен сұхбаттасты. Сырлы сұхбатта кейіпкеріміз кәсіби еңбек жолымен қатар сот жүйесіндегі гендерлік теңдік және әділ шешім қабылдаудың жауапкершілігі туралы ойымен бөлісті.

El.kz: Лаззат Сейтханқызы, сұхбатты бастамас бұрын кешегі өткен Халықаралық әйелдер күні және бүгінгі кәсіби мерекеңізбен құттықтағым келіп отыр. Алғашқы сұраққа тоқталсам, судья болу шешімін қалай қабылдадыңыз? Бұл салаға қалай келдіңіз, қандай жолдан өттіңіз?

Лазат Сейтханқызы: Көп рахмет! Судья болу – мансап жолындағы қадам ғана емес, бұл саналы түрде таңдалған тағдыр, жүрекпен қабылданған шешім. Бұл жолға мен бір күнде келген жоқпын. Әрбір өткен кезең, әрбір атқарған жұмыс, әрбір шешім – мені осы жауапкершілікке жетелеген баспалдақтар болды. 

Менің сот жүйесіндегі алғашқы қадамым Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотында хатшы қызметінен басталды. Сол кезде сот залында қандай оқиғалар орын алатынын, адамдардың әділеттілікке деген сенімі қаншалықты маңызды екенін көрдім. Судьялардың әрбір шешімі тек заң шеңберінде емес, адам тағдырының күре жолында қабылданатынын сезіндім. Ол жерде мен заңның құр сөздер жиынтығы емес, адамдардың өмірін реттейтін тірі механизм екенін түсіндім. Осы тәжірибем мені сот жүйесінің ішкі құрылымын тереңірек түсінуге жетеледі және мен өзімді құқықтық салада одан әрі дамытуды шештім. Кейін Астана қаласы бойынша соттар әкімшісінде, нақтырақ айтқанда, Сот орындаушылары қызметін реттеу және бақылау бөлімінде жұмыс істедім. Бұл кезеңде атқарушылық іс жүргізу саласындағы мәселелерді шешуге қатысып, сот шешімдерінің орындалуын қадағалау қалай жүзеге асатынын білдім. Бұл тәжірибе маған заңның қағаз жүзінде ғана емес, өмірде қалай жүзеге асатынын тереңірек түсінуге көмектесті. Кейін адвокат болдым. Адамдардың құқықтарын қорғап, олардың сенім артқан дауысына айналдым. Әрбір іс мен үшін тек заңды процесс емес, бір адамның үміті, қорқынышы, әділдікке деген талпынысы болды. Бірақ бір күні «Мен тек қорғаушы болып қала беремін бе, әлде әділеттілікті қамтамасыз ететін адамға айнала аламын ба?» деп өзіме сұрақ қойдым. Бұл сұрақ мені одан әрі жетелеп, нотариус қызметіне алып келді. Ол жерде заңдылықтың басқа бір қырын таныдым. Бұл – адамдар сенім артатын, мәмілелерінің тазалығын, құқықтарының заңды екенін растайтын жүйе. Бірақ бұл да менің іздегенім емес еді. 

Мен судья болуды таңдадым. Себебі мен үшін заң – құр қағаздағы әріптер емес, әділеттілікке апаратын жол. Судья болу – жай ғана ереже сақтап, шешім шығару емес, адамдардың өміріне әсер ететін әділдіктің тірегі болу. Бұл жол – жай ғана мансап емес, бүкіл санаңды, жан-дүниеңді осы қызметке арнау. 

Алғашқы кезде Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының судьясы болып тағайындалдым. Ал қазіргі уақытта Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы қызметін атқарудамын. Уақытша іссапармен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотта қызмет атқарып жүрмін. Бұл соттың ерекшелігі – бала тағдырымен жұмыс істеу. Егер азаматтық сотта адамдар арасындағы құқықтық қатынастарды реттеу маңызды болса, мұнда – адамның болашағына әсер ететін шешім қабылдау міндеті тұр. Балалар қателесуі мүмкін, олар кейде өз ісінің салдарын түсінбеуі мүмкін, бірақ олардың тағдырына бей-жай қарау мүмкін емес. 

Мен өзіме әрдайым сұрақ қоямын: Мен қабылдаған шешім сол балаға жаңа мүмкіндік бере ала ма? Оған дұрыс жол көрсетуге көмектесе ала ма? Мен әділдік орнатумен қатар, оның болашағын жақсартуға ықпал ете аламын ба? Бұл сотта қаралатын әрбір іс – жай ғана құқық бұзушылық емес, бір адамның өміріндегі бетбұрыс нүктесі. 

Судья болу – билік жүргізу емес. Бұл – адамдарға әділдік сыйлау, олардың заңға, өмірге, өз болашағына деген сенімін сақтау. Кейде сот залынан шығып бара жатқан адам шешімге наразы болуы мүмкін, бірақ уақыт өте ол сол шешімнің дұрыс екенін түсінеді. Себебі сот әділетті шешім қабылдауға міндетті, ал шынайы әділдік – әрдайым оңай шешім емес.  Мен заң алдында ғана емес, адамгершілік алдында да жауаптымын. Сондықтан әрбір істі қараған сайын, тек заңды ғана емес, жүректі де тыңдаймын. Себебі әділдік – тек заң аясында емес, адам тағдырында көрініс табатын шындық. Судья болу – бұл жай ғана жұмыс емес, өміріңді әділдікке арнау.

El.kz: Судья қызметіндегі ең үлкен қиындықтар қандай және нендей қасиеттер маңызды?

Лазат Сейтханқызы: Судья қызметіндегі ең үлкен қиындықтардың бірі – әр істің артында адам тағдыры тұрғанын түсіну және сол тағдырға әділ шешім қабылдау. Ювеналды сот саласында бұл жауапкершілік еселене түседі, өйткені біз балалармен, жасөспірімдермен, олардың отбасыларымен жұмыс істейміз. Олардың болашағына әсер ететін әрбір шешім – тек заң тұрғысынан емес, адамгершілік, тәрбиелік және психологиялық тұрғыдан да мұқият ойластырылуы керек. 

Ең күрделі қиындықтардың бірі – эмоциялық жүктеме. Кәмелетке толмағандарға қатысты істер көбінесе отбасылық жанжалдармен, қараусыз қалған балалармен, олардың құқықтарының бұзылуымен байланысты болады. Осындай істерді қарау барысында кейде баланың өмірінде орны толмас жағдайлардың куәсі боласың. Бірақ соған қарамастан сот шешімін эмоцияға емес, заңға және әділеттілік принциптеріне сүйене отырып қабылдау қажет. 

Тағы бір маңызды қиындық – тепе-теңдікті сақтау. Судья әділ болуы керек, бірақ сонымен бірге кәмелетке толмағандарды қорғау міндеті тұр. Бұл жерде қатаң жазалау мен баланы әлеуметтендіру арасындағы тепе-теңдікті табу өте маңызды. Кейбір жағдайларда жазадан гөрі тәрбиелік шаралар әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. 

Ал «Судьяға қандай қасиеттер маңызды?» деген сұраққа келетін болсақ, ең алдымен, психологиялық тұрақтылық керек. Қанша қиын жағдайларға тап болсаң да, эмоцияға берілмеу, әр істі бірдей салқынқандылықпен қарау – судьяның кәсіби міндеті. Екіншіден, заңды терең білу ғана емес, оны әділетті қолдана білу қабілеті қажет. Заң – тек әріптер жиынтығы емес, ол әртүрлі жағдайларда шешім қабылдауды талап ететін тірі жүйе. Сондықтан судья болу – тек заңды білу ғана емес, ол – үлкен жауапкершілік, әділеттілік пен адамгершілікті үйлестіре отырып шешім қабылдау өнері.

El.kz: Әйел адам үшін судья болудың қандай ерекшеліктері бар?

Лазат Сейтханқызы: Судья болу – бұл жай ғана мамандық емес, бұл тағдырды таңдау, әділеттілікке қызмет ету жолын саналы түрде қабылдау. Бұл жолда әйел мен ер адам арасындағы айырмашылықты заң ажыратпайды. Өйткені сот төрелігінде ең маңыздысы – кәсіби шеберлік, бейтараптық және заңға деген адалдық. Дегенмен, қоғамда қалыптасқан белгілі бір көзқарастар мен өмірлік шындықтар әйел судья үшін бұл жолды кейде күрделірек етеді. 

Әйел судьялар көбінесе сараптауға, келіссөз жүргізуге, тараптардың эмоциясын түсінуге бейім. Бұл қасиеттер әсіресе отбасылық даулар, әлеуметтік мәселелер мен адам тағдырына қатысты істерде өте маңызды. Кейбір жағдайларда заң талап ететін жаза әділ болғанымен, адам тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін. Мұндай кезде заң мен әділеттілік арасындағы нәзік балансты табу – судьяның ең күрделі міндеті. 

Әйел судья кәсіби міндеттерімен қатар отбасы, бала тәрбиесі, жеке өмірі және қоғамдық өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауы керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Судья болу – тек заңды жетік білу емес, сонымен бірге қоғам алдында мінсіз тұлға болу. Кейде бұл жеке өмірде белгілі бір шектеулер қоюды талап етеді, бірақ бұл қызметке жүрек қалауымен келген адам үшін бұл – саналы таңдау. 

Судья – әділдіктің дауысы. Ол жынысқа байланысты емес, ол – заңға, ар-ожданға және қоғам алдындағы борышқа байланысты. Әйел судьялар сот төрелігіне нәзіктік, парасаттылық, эмоциялық интеллект және терең түсіністік енгізіп, өздерінің ерекше орнын қалыптастырады. Әйел судьялар қоғамда құқық пен әділеттіліктің бейнесі ғана емес, адамгершілік пен жауапкершіліктің көрінісі де бола алады.

(Фото: Судья Лазат Әуелбекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Сіз бұл мамандықты таңдағанда гендерлік кедергілерге тап болдыңыз ба? Егер тап болсаңыз, нақты қандай?

Лазат Сейтханқызы: Мен судьялық қызметте гендерлік кедергілерге тап болмадым және заң саласында ер мен әйелге қойылатын талаптар бірдей деп есептеймін. Қазақстанда сот төрелігі гендерден тыс қағидаттарға негізделген, яғни судьялық қызметке үміткердің жынысы емес, оның білімі, кәсібилігі және әділдікке адалдығы маңызды. 

Менің жолымда ешкім "Бұл қызмет әйел адамға лайық емес" немесе "Сенің судья болуға мүмкіндігің шектеулі" деп айтқан емес. Қайта заң саласында жүрген жылдарымда кәсібилікті бірінші орынға қоятын ортада болдым. Судья болу – бұл жынысқа емес, біліктілікке байланысты таңдау. Бұл қызметті атқару үшін жігер, әділеттілікке деген адалдық және жауапкершілік қажет. 

Судьяның шынайы күші – оның объективті шешім қабылдау қабілетінде, заңды түсінудегі тереңдігінде және әр істі салқынқандылықпен, әділеттілікпен сараптай білуінде. Сондықтан мен үшін бұл мамандықта шектеулер жоқ, тек талап бар – білікті болу, әділ болу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну.

El.kz: Әйел судьяларға қатысты қандай да бір стереотиптер бар ма? Олармен қалай күресесіз?

Лазат Сейтханқызы: Әйел судьяларға қатысты стереотиптер бар, бірақ олар кәсіби шындыққа сәйкес келе бермейді. Қоғамда кез келген салада гендерлік көзқарастар сақталуы мүмкін, алайда сот төрелігінде ең бастысы – кәсібилік, әділдік және заңға адалдық. 

"Әйелдер шешім қабылдауда эмоцияға көбірек беріледі"

Бұл – ең кең тараған қате пікірлердің бірі. Судья болу – сезімге емес, заң мен дәлелдерге сүйенетін мамандық. Әрбір судья заңнаманы жетік меңгерген, салқынқандылықты талап ететін шешімдер қабылдауға үйренген кәсіби маман. Жеке сезімдерге бой алдырмау – судья әдебінің басты қағидаларының бірі. Сондықтан бұл стереотип негізсіз. 

Тағы бір қате түсінік – әйел судьялар жұмсақтау болады, кешірімшіл келеді деген пікір. Шын мәнінде, әрбір судья – заңды орындаушы тұлға. Жаза – жынысқа емес, істің мән-жайына, дәлелдерге және заң талаптарына байланысты тағайындалады. Әділдікке қызмет ететін судья үшін ең бастысы – заң нормаларына сүйену, сондықтан мұндай пікір шындыққа жанаспайды.

"Әйелдер күрделі істерді шешуге батылы жете бермейді" деген пікір де бар. Бұл пікір әсіресе ауыр қылмыстық істерге, даулы азаматтық немесе ювеналды сот істеріне қатысты жиі айтылады. Алайда әйел судьялар дәл сол ер судьялар сияқты кез келген күрделі істі қарап, шешім қабылдай алады. Кәмелетке толмағандардың соты, отбасылық даулар мен әлеуметтік істер көбіне психологиялық төзімділікті, жан-жақты талдау қабілетін талап етеді. Ал бұл қасиеттер әйел судьяларда жетерлік.

Стереотиптермен күрес тұрғысына тоқталсам,  мен үшін ең тиімді әдіс – нақты істер мен нәтижелер арқылы көрсету. Қоғамды сөзбен емес, әділетті шешімдермен, заңға адалдықпен, кәсібилікпен сендіруге болады. Егер әрбір іс мұқият қаралып, шешім әділ әрі заңды болса, уақыт өте келе кез келген стереотип жойылады. 

El.kz: Судья болу әйел адамның жеке өміріне, отбасына қалай әсер етеді?

Лазат Сейтханқызы: Судья болу – жай ғана кәсіби таңдау емес, бұл адамның бүкіл өмірін өзгертетін, оның болмысын қалыптастыратын жол. Бұл қызмет сенің тек жұмыс уақытында ғана емес, әрбір сөзіңде, әрбір шешіміңде, күнделікті өміріңде әділдік пен адалдықтың айнасы болуыңды талап етеді. Судьялық – заңның алдында адал болу ғана емес, өз болмысыңды соған лайық ету. 

Әйел адам үшін судья болу – ерекше жауапкершілік. Қоғамда әйел адамның рөлі көбіне отбасы, бала тәрбиесі, жақындарына қамқорлық танытумен байланыстырылады. Ал судьялық – толық берілу мен жан-жақты адалдықты талап ететін қызмет. Бұл екі дүниені қатар алып жүру – үлкен күш, шыдамдылық және жүрек қалауын қажет етеді. 

Судьяның жұмысы кейде жеке өмірден көп нәрсені талап етеді. Сотта қабылданған әрбір шешім тек істердің ішінде қалмайды, ол сенің санаңда, жүрегіңде қалады. Әр істің артында адамның тағдыры тұрғанын білу – бұл қызметтің ең ауыр жүгінің бірі. Бұл жүктеме жұмыстан тыс уақытта да сезіледі, өйткені сен жай ғана заңды оқып, шешім шығарып қана қоймайсың, адамдардың өміріне ықпал етесің. Бірақ судьялық қызмет отбасы мен жеке өмірден бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл екі дүниені тең ұстау – сенің ең басты сынағың. Отбасы – бұл күшіңнің қайнар көзі, өміріңнің тірегі. Судья болу деген – адамдардың тағдырын таразылаумен қатар, өз отбасыңдағы тепе-теңдікті сақтай білу. Бұл жұмыстың ауырлығын түсінетін, сені қолдайтын жақындарың болса, қандай да бір қиындықты жеңу әлдеқайда оңай. 

Судья ретінде жеке өмірде де үлкен жауапкершілік бар. Сенің қоғамдағы әрбір әрекетің, адамдармен қарым-қатынасың, қарапайым өмірлік таңдауларың сенің беделіңе, сенің әділдігіңе деген қоғамның сеніміне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл қызмет тек жұмыста  емес, күнделікті өмірде де ұстамдылықты, жоғары моральдық ұстанымды талап етеді. 

Әйел адам үшін судья болу – тек заңды қолдану емес, өмірдің әрбір сәтінде әділеттілікті ұстану. Ол сені өзгертеді, сенің болмысыңды, көзқарасыңды қалыптастырады. Бұл жолда ең маңыздысы – отбасы мен қызмет арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтау, жүрегіңде әділеттілікпен қатар мейірімділікке де орын қалдыру. Себебі сенің басты мақсатың – заң арқылы қоғамға әділеттілік орнату ғана емес, сонымен бірге өзіңді адами тұрғыдан жоғалтпау.

El.kz: Әйел судьялардың сот жүйесіндегі рөлі туралы не ойлайсыз?

Лазат Сейтханқызы: Әйел судьялардың сот төрелігіне қосатын үлесі орасан. Қазақстанда сот жүйесінде әйелдердің саны артып келеді. Әйелдер көбінесе терең талдау, тыңдай білу сияқты қасиеттерге ие. Бұл әсіресе ювеналды соттарда, отбасылық дауларда және әлеуметтік мәселелерді шешуде өте маңызды.

El.kz: Судья ретінде әйел адам қандай қиындықтарға жиі тап болады?

Лазат Сейтханқызы: Судья болу – жынысқа тәуелді емес, кәсіби біліктілік пен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Мен өз тәжірибемде әйел судьяларға арналған қандай да бір ерекше қиындықтарға тап болдым деп айта алмаймын. Сот төрелігі – бейтараптық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген жүйе. Мұнда бастысы – заңды білу, шешім қабылдау қабілеті және әділдікке деген адалдық. 

Қоғамда судьялық қызмет туралы түрлі көзқарастар болуы мүмкін. Бірақ менің тәжірибем көрсеткендей, нағыз бедел жыныс арқылы емес, кәсіби шеберлік пен әділетті шешімдер арқылы қалыптасады. Судья – бұл тек сот залында ғана емес, бүкіл қоғам алдында жауапты тұлға. Оның қабылдаған шешімдері эмоцияға емес, заңға негізделуі керек. 

Мен үшін судья болу – бұл тек қызмет емес, миссия. Қиындық деп айтуға болатын нәрсе жоқ, өйткені өз ісіңді шын жүрекпен атқарсаң, ол қиындық емес, сенің кәсіби таңдауыңның бір бөлігі. 

El.kz: Ал эмоционалды ауыр істерді қарау кезінде қандай сезімде боласыз? Онымен қалай күресесіз?

Лазат Сейтханқызы: Әрбір сот ісі – бір адамның, кейде бүтін бір отбасының тағдыры. Әсіресе, ювеналды сот саласында жұмыс істегенде, бала құқықтары мен оның болашағы басты назарда болады. Бірақ судьяның негізгі міндеті – эмоцияға берілу емес, әр істі әділетті қарастырып, заңға негізделген шешім қабылдау. 

Мен әрбір істі қараған кезде тек дәлелдер мен заң нормаларына сүйенемін. Бұл процесс психологиялық тұрғыдан беріктікті талап ететіні рас, бірақ уақыт өте келе сенің ішкі кәсіби ұстанымдарың қалыптасады. Бұл – эмоцияны басу емес, оны дұрыс бағытқа бұру. Себебі судья үшін ең маңыздысы – сезімге берілмей, ең әділ шешім қабылдау. Бір қызығы, ювеналды сотта жұмыс істеу тек заңды қолдану емес, кейде жасөспірімдерге екінші мүмкіндік беру дегенді де білдіреді. Бірақ қандай жағдай болмасын, заңнан ауытқуға болмайды. 

Менің басты қағидам – әр істі заң тұрғысынан қарау, бірақ адам тағдырын ескеру. Ювеналды сотта біз тек жазалауды емес, түзетуді, бағыт беруді де ойлаймыз. Бұл эмоционалды ауыр болуы мүмкін, бірақ бұл қиындық емес – бұл менің кәсіби ұстанымымның бір бөлігі.

El.kz: Азаматтық істерді қарайтын судья ретінде жұмысыңыздың негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтіңізші. Сонымен қатар сотта қаралатын азаматтық істердің ең көп кездесетін түрлері қандай? Олар несімен ерекшеленеді? 

Лазат Сейтханқызы: Азаматтық істер өте кең ауқымды болғандықтан, олардың әрқайсысы өз ерекшеліктеріне ие. Кейбір даулар келіссөз арқылы шешілсе, кейбірі күрделі сараптамалар мен терең талдауды қажет етеді.

Сотқа түсетін азаматтық істердің көпшілігі бір тараптың құқығы бұзылды деп санап, оны қалпына келтіруді талап етуімен ерекшеленеді. Мұнда судья тараптардың уәждерін мұқият саралап, заң нормаларын басшылыққа ала отырып, әділ шешім қабылдауы тиіс. 

Азаматтық істердің ең жиі кездесетін түрлеріне келетін болсақ: 

Біріншісі: Еңбек даулары – қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарына байланысты даулар. Бұл істер көбінесе еңбекақының уақытылы төленбеуі, еңбек шарттарының заңсыз бұзылуы, әділетсіз жұмыстан шығару, еңбек жағдайларының сақталмауы секілді мәселелерді қамтиды. Мұндай істерде судья жұмысшының құқықтары мен жұмыс берушінің заңды мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауы қажет. 

Екіншісі: Қарызды өндіру даулары – жеке және заңды тұлғалар арасындағы қаржылық міндеттемелерді орындамау, несие және қарыз шарттарын бұзу, қарызды қайтара алмау секілді жағдайларға байланысты даулар. Судья мұнда тараптардың өз міндеттемелерін қаншалықты адал орындағанын, шарт талаптарын қаншалықты сақтағанын саралап, заң аясында әділ шешім қабылдайды. 

Үшіншісі: Тұрғын үй даулары – бұл санатқа тұрғын үйге меншік құқығы, жалға алу шарттары, баспанадан шығару немесе заңсыз қоныстану, тұрғын үйге тіркелу мәселелері жатады. Бұл дауларда азаматтардың өмір сүру құқығы мен меншік иесінің заңды мүдделерін қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау – судьяның басты міндеті. 

Төртіншісі: Мүліктік даулар – бұл меншік құқығы, мұрагерлік, келісімшарттық міндеттемелер, жылжымайтын мүлікке иелік ету сияқты мәселелерді қамтитын істер. Мұндай даулар көбінесе отбасы мүшелері немесе жақын адамдар арасында туындайтындықтан, олар ерекше эмоциялық жүктемемен ерекшеленеді. Судья бұл істерде мүліктік құқықтар мен тараптардың заңды мүдделерін барынша әділ әрі объективті түрде қарастыруы тиіс. 

(Фото: Судья Лазат Әуелбекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Медиация және сотқа дейінгі реттеу азаматтық істерде қаншалықты тиімді? Сондай-ақ қарапайым азаматтар дауларды сотқа жеткізбей шешу үшін не істей алады?

Лазат Сейтханқызы: Медиация және сотқа дейінгі реттеу азаматтық дауларды шешудің маңызды және тиімді механизмдерінің бірі болып табылады. Бұл әдістер тараптар арасындағы қақтығыстарды сотқа жеткізбей, өзара тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Медиацияның негізгі артықшылықтары мыналар: 

1. Уақытты үнемдеу – сот процесі бірнеше айға, кейде жылдарға созылуы мүмкін. Ал медиация бірнеше күн, тіпті сағат ішінде нәтижеге жетуге көмектеседі.

2. Қаржылық шығындарды азайту – сот ісін жүргізу шығындарын, мемлекеттік бажды, адвокаттық қызмет ақысын төлеу қажеттілігі туындаса, медиация арқылы тараптар бұл шығындардан құтылады.

3. Тараптар арасындағы өзара тиімділік – сотта бір тарап жеңіп, екіншісі жеңілуі мүмкін. Ал медиация екі жаққа да тиімді шешім табуға бағытталған. Бұл әсіресе еңбек, келісімшарттық, отбасы және мүліктік дауларды шешуде тиімді.

4. Конфиденциалдық – медиация процесінде талқыланған мәселелер жария етілмейді, ал сот істері мемлекеттік құжат ретінде тіркеліп, кейбір жағдайларда көпшілікке қолжетімді болады.

5. Бейбіт келісімге келу – тараптар арасында өзара қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді. Өйткені сот процесі көбіне екі тараптың қарым-қатынасын одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Азаматтардың дауларды сотқа жеткізбей шешу мәселесіне келсем, кез келген азамат сотқа жүгінбей-ақ дауды бейбіт жолмен шешуге тырыса алады. Мұндай жағдайда ең алдымен тараптар арасындағы ашық диалог маңызды рөл атқарады. Даудың мәнін сабырлықпен талқылап, ортақ шешім табуға талпыну көп жағдайда сотқа жүгінудің алдын алады. Егер тараптар өзара келісімге келе алмаса, кәсіби медиатордың көмегіне жүгіну тиімді шешім болуы мүмкін. Қазақстанда "Медиация туралы" заң қабылданған, оған сәйкес медиаторлар дауды бейтарап түрде қарап, екі жаққа да қолайлы шешім ұсынады. Бұл әдіс тараптардың уақытын үнемдеуге, қарым-қатынасты сақтауға және сот процесіне кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. 

El.kz: Жоғарыда өз сөзіңізде қазір кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында уақытша іссапармен қызмет етіп жүр екеніңізді атап өттіңіз. Осы жағын түсіндіре кетіңізші, іссапарды кім белгілейді және уақыты қаншаға созылуы мүмкін?  

Лазат Сейтханқызы: Иә, қазіргі уақытта мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іссапармен қызмет атқарып жүрмін. Судьялардың іссапары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының бұйрығымен жүзеге асырылады. Мұндай тәжірибе сот жүйесінде кең таралған және сот төрелігін үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын қалыпты процесс. 

Іссапар мерзімі нақты соттың қажеттілігіне байланысты қысқа мерзімді немесе ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Оның ұзақтығын қалалық сот төрағасы белгілейді. Кей жағдайларда белгілі бір өңірдегі судьялық жүктеме артып кетсе немесе мамандандырылған судья қажет болса, осындай іссапарлар ұйымдастырылады. Бұл – сот жұмысының үздіксіз әрі тиімді жүруін қамтамасыз етудің бір жолы. 

El.kz: Ювеналды судья қызметінің жалпы ерекшеліктері қандай? Кәмелетке толмағандар істерін қарау ересектерге қатысты істерден несімен ерекшеленеді? Және сот шешімдерін қабылдауда қандай негізгі қағидалар ескеріледі?

Лазат Сейтханқызы: Ювеналды судьяның қызметі жалпы сот төрелігінен ерекше талаптар қояды. Бұл салада тек заң нормаларын қолдану жеткіліксіз, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік және тәрбиелік факторларды ескеру қажет. Кәмелетке толмағандардың істерін қарау кезінде судья заңды ғана басшылыққа алмай, баланың жеке ерекшеліктеріне, оның өскен ортасына, отбасылық жағдайына, тәрбиесіне және болашаққа әсер ететін барлық факторларға назар аударуы тиіс. 

Ювеналды соттың басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау және олардың болашағына оң әсер ету. Егер ересек адамның заң бұзуының салдары қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке алып келсе, кәмелетке толмағандарға қатысты сот процестерінде жазалаудан гөрі қайта әлеуметтендіру, түзету және тәрбиелеу шаралары басымдыққа ие болады. Баланың қателігін түсініп, дұрыс жолға түсуі үшін оған тек заңдық шектеулер қою жеткіліксіз, оған бағыт-бағдар беру, жағдайды терең зерттеу, отбасы мен қоғамның рөлін ескеру маңызды. 

Әрбір іс жеке көзқарасты талап етеді. Ювеналды сот процесі тек құқықтық баға берумен шектелмейді, мұнда психологтар, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер сияқты мамандардың пікірі ескеріледі. Бұл кешенді сараптама баланың жасаған әрекетінің себептерін тереңірек түсінуге және ең дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар, мұндай сот процестері көбінесе жабық түрде жүргізіледі. Бұл баланың болашақ өміріне кері әсер етпеу үшін қажет, себебі оның жеке өмірі мен құқығы қорғалуы тиіс. 

Кәмелетке толмағандарға қатысты сот шешімдерін қабылдау кезінде бірнеше негізгі қағида қатаң сақталады. Олар: 

- Баланың мүддесі басымдыққа ие;

- Жазалаудың орнына түзету мен әлеуметтендіру;

- Жеке тәсіл, яғни әрбір іс жеке қарастырылады, баланың жасына, психологиялық жағдайына, әлеуметтік ортасына ерекше назар аударылады.

Ювеналды сот – бұл тек құқық қорғау органы емес, ол балалар мен жасөспірімдердің тағдырымен жұмыс істейтін жүйе. Сондықтан мұнда әділеттілік пен адамгершілік қағидаттары қатар жүруі тиіс.

El.kz: Балалардың мүддесін қорғауда қандай негізгі қиындықтар бар?

Лазат Сейтханқызы: Кәмелетке толмағандардың мүддесін қорғау – ювеналды соттың ең маңызды міндеттерінің бірі. Алайда бұл процесс көптеген қиындықтармен қатар жүреді. Өйткені балалардың құқықтары мен мүдделері түрлі факторларға тәуелді. Мұнда тек заң нормаларын қолдану жеткіліксіз, әр істің әлеуметтік, психологиялық және тәрбиелік аспектілерін терең зерттеу қажет. 

Ең алдымен, балалардың құқықтық сауаттылығының төмендігі үлкен мәселе болып табылады. Көптеген жасөспірімдер өз құқықтарын толық түсінбейді, заң алдындағы жауапкершілігін жете сезінбейді, кейбірі өздерінің заңмен қорғалғанын да білмейді. 

Тағы бір маңызды қиындық – отбасылық және әлеуметтік ортаның әсері. Кейбір жасөспірімдер құқық бұзушылыққа немесе даулы жағдайларға өздерінің кінәсінен емес, ата-анасының, қоршаған ортасының ықпалынан тап болуы мүмкін. Кәмелетке толмағандардың істері көбінесе отбасылық жанжалдармен, ата-ананың немқұрайлығымен немесе тұрмыстық қиындықтармен тығыз байланысты. Мұндай жағдайларда сот баланың әрекетін ғана емес, оның өскен ортасын, өмір сүру жағдайын, ата-анасының тәрбиелік рөлін де бағалайды. Сонымен қатар, балалардың психологиялық жағдайын ескеру қажеттілігі тағы бір қиындық тудырады. Кәмелетке толмағандар ересектер сияқты ойламайды, олар көбінесе импульсивті шешімдер қабылдайды, сыртқы ықпалға бейім келеді. Олардың әрекеттері тек құқық бұзушылық деп бағаланбай, мінез-құлық ерекшеліктері, даму кезеңіндегі психологиялық факторлар ескерілуі керек. Осы себепті ювеналды сот процестерінде психологтардың рөлі ерекше маңызды. 

Жалпы, балалардың мүддесін қорғау – күрделі әрі жауапты процесс. Ол тек заңды дұрыс қолдануды ғана емес, сонымен бірге баланың өмірін терең түсініп, оның болашағына оң ықпал ететін шешімдер қабылдауды талап етеді. Судьяның міндеті – баланың шынайы мүддесін анықтап, оның құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар оның өмірлік жолына оң бағыт беру.

El.kz: Кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты жиі кездесетін құқық бұзушылықтар қандай?

Лазат Сейтханқызы: Кәмелетке толмағандар жасайтын құқық бұзушылықтар көбінесе олардың жас ерекшеліктеріне, отбасылық жағдайына, әлеуметтік ортасына байланысты. Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері: 

1. Ұрлық – ең көп таралған құқық бұзушылықтың бірі. Көбінесе жасөспірімдер дүкендерден ұсақ заттарды ұрлау немесе бөтен мүлікке қол сұғу сияқты әрекеттер жасайды. Мұның себебі материалдық қажеттіліктен гөрі қызығушылық немесе құрдастарының ықпалы болуы мүмкін;

2. Бұзақылық (хулиганизм) – қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, өзгелерге әдейі зиян келтіру, төбелеске қатысу сияқты әрекеттермен көрінеді. Мұндай жағдайлар көбінесе жасөспірімдердің өзін-өзі көрсетуге деген ұмтылысынан немесе құрдастары арасында бедел жинауға деген талпынысынан туындайды;

3. Есірткі және психотроптық заттарды сақтау және пайдалану – соңғы жылдары жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділік мәселесі өзекті болуда. Кейбіреулер мұны қызығушылықтан бастаса, кейбірі әлеуметтік факторлардың әсерінен осы қылмысқа тартылады.

Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарды талдау кезінде олардың туындау себептерін де қарастыру маңызды. Көп жағдайда әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, отбасылық бақылаудың төмендігі, жасөспірімнің дұрыс бағыт алмағаны, қоршаған ортаның теріс ықпалы осындай құқық бұзушылықтарға әкеледі. Сондықтан ювеналды сот жүйесінің негізгі міндеті – жазалаудан гөрі баланы қоғамға қайта бейімдеу, оған дұрыс жол көрсету және оның құқықтарын барынша қорғау болып табылады.

El.kz: Сотта істі қарау барысында ең басты принциптер қандай және сот шешімін қабылдау кезінде қандай факторлар басты рөл атқарады?

Лазат Сейтханқызы: Судья үшін әрбір іс – бұл адамның тағдыры, оның құқықтары мен міндеттері, болашақ шешімдерінің негізі. Сондықтан сотта істі қарау барысында белгілі бір қағидалар мен принциптерге сүйену қажет. 

Сот төрелігінің басты принциптері: 

1. Заңдылық. Судья шешім қабылдағанда ең бірінші кезекте заңға сүйенеді. Қандай жағдай болмасын, заң үстемдік етуі тиіс. Заң – қоғамның тәртібін реттейтін басты құрал, сондықтан сот төрелігінің әділдігі тікелей заңның сақталуымен байланысты.

2. Бейтараптық. Судья ешбір тараптың мүддесін жақтамауы керек. Кез келген істі қарағанда тек фактілер мен дәлелдерге сүйену маңызды. Адамның кім екені, оның әлеуметтік жағдайы немесе сыртқы факторлар судьяның шешіміне әсер етпеуі тиіс. Шынайы әділдік – барлық тарапқа бірдей қарау.

3. Әділеттілік. Заң барлығына ортақ болғанымен, әрбір іс – жеке оқиға, оның өзіндік мән-жайы бар. Кейде заң нормалары адам тағдырының барлық қырын қамти алмауы мүмкін, сондықтан судья әділеттілік қағидатына сүйенуі керек. Құрғақ заң ғана емес, оның мәні мен мағынасын түсіну маңызды.

4. Тараптардың теңдігі. Сотта әрбір адамның өз пікірін білдіруге, дәлелдерін ұсынуға құқығы бар. Судья екі тарапқа да тең мүмкіндік беруге, олардың дауласу құқығын қамтамасыз етуге міндетті. Егер бір тарап өз дәлелдерін толық жеткізе алмаса, сот әділ шешім қабылдай алмайды.

Судья шешім қабылдағанда бір ғана қағидаға сүйенбейді, әр істің өзіндік ерекшелігі, мән-жайы болады.

El.kz: Судьялардың шынайы тәуелсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген? 

Лазат Сейтханқызы: Судьялардың тәуелсіздігі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы" заңымен толық қамтамасыз етілген. Судья өз қызметінде тек Конституцияға, заңдарға сүйенеді, ал сот төрелігіне қандай да бір сыртқы араласуға жол берілмейді. 

Сот билігінің тәуелсіздігін күшейту үшін бірқатар маңызды кепілдіктер қарастырылған. Судьялар қызметіне араласуға, олардың шешіміне қандай да бір ықпал етуге заңмен тыйым салынған. Судьяларды тағайындау арнайы тәртіппен жүзеге асырылады және олардың қызметтен босатылуы қатаң заң талаптарына сәйкес реттеледі. Бұл - судьялардың сыртқы ықпалсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды тетік. 

Судьялар бейтараптықты сақтауға және кез келген ықтимал әсерден қорғауға бағытталған арнайы құқықтық кепілдіктерге ие. Қызметіне заңсыз араласу немесе қысым көрсету әрекеттері заң жүзінде жауапкершілікке тартылады. Сондықтан сот жүйесі толықтай тәуелсіз және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған. 

(Фото: Судья Лазат Әуелбекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Қысым немесе ықпал ету жағдайлары бола ма? Соның ішінде қоғамда судьяларға, әсіресе әйел судьяларға қысым көрсету әрекеттері кездесе ме? 

Лазат Сейтханқызы: Жоқ, судьяларға қысым жасау немесе қандай да бір ықпал ету жағдайлары болмайды. Қазақстанда сот билігінің дербестігі заң жүзінде қорғалған, сондықтан судьялар шешім қабылдау кезінде ешқандай сыртқы ықпалға тәуелді емес. Судьялар тек заңды басшылыққа алады және өз істерін кәсіби бейтараптықпен қарайды. Қоғамдық пікірдің немесе медианың қандай да бір іс бойынша көзқарасы сот шешіміне әсер етпейді. Судьялардың қызметі заңмен бекітілген қатаң этикалық және процессуалдық нормаларға сәйкес жүргізіледі, ал соттың әділеттілігін қамтамасыз ету – басты басымдық. 

"Әйел судьяларға қатысты қысым көрсету әрекеттері бола ма?" деген сауалыңызға келсем, жоқ, сот жүйесінде әйел судьяларға қандай да бір қысым көрсету немесе ықпал ету әрекеттері болмайды. Қазақстанда судьялар жынысына қарамастан тең құқықтарға ие және олардың жұмысына сырттан әсер етуге тыйым салынған. 

Әйел судьялар ер судьялармен тең дәрежеде сот төрелігін жүзеге асырады және қандай да бір кемсітушілікке ұшырамайды. Сот жүйесіндегі негізгі қағида – кәсібилік, бейтараптық және әділдік, сондықтан бұл салада судьяның жынысы емес, оның біліктілігі мен заңды дұрыс қолдана білу қабілеті маңызды. 

El.kz: Этика мен жауапкершілік тұрғысы туралы сөз етсек. Судьялардың қателіктері немесе әділетсіз шешімдері үшін жауапкершілігі қалай қарастырылады?

Лазат Сейтханқызы: Судья болу – тек заңдарды жетік білу ғана емес, сонымен қатар жоғары моральдық жауапкершілікті талап ететін қызмет. Судьялар әділеттіліктің кепілі ретінде қоғам алдында үлкен міндет атқарады және олардың әрекеттері заң аясында ғана емес, кәсіби этика нормаларына сай болуы тиіс. 

Судьяның басты міндеті – кез келген істе бейтарап болу, заңды дұрыс қолдану және әділетті шешім қабылдау. Қазақстан Республикасының Судьялар әдебі кодексі судьялардың мінез-құлқы мен қызметіне қойылатын негізгі талаптарды айқындайды. Бұл құжатта судьялардың тәуелсіздігі, адалдығы, әділдігі, бейтараптығы және кәсібилігі туралы нақты нормалар көрсетілген. 

Судьялардың кез келген заңсыз әрекеті немесе әділетсіз шешімі тиісті құқықтық бақылауға алынады. Қазақстанның сот жүйесінде судьялардың қызметін қадағалайтын бірнеше тетік бар: 

* Апелляциялық және кассациялық инстанциялар – егер судья қабылдаған шешім заңсыз немесе негізсіз болса, жоғары сот сатылары оны қайта қарап, өзгерте немесе жоя алады.

* Судьялар Жоғары Сот Кеңесі және Судьялар Әдеп жөніндегі комиссиясы – судьяның этикасы мен қызметіне байланысты мәселелерді қарайтын арнайы органдар. Егер судья өз қызметінде этикалық нормаларды бұзса немесе заңсыз әрекет жасаса, осы органдар оның жауапкершілігін қарастырады. 

* Тәртіптік жауапкершілік – судья сот әдебі нормаларын бұзған жағдайда оған ескерту, сөгіс немесе қызметінен уақытша шеттету сияқты тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін. 

* Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік – егер судья қызметін асыра пайдаланып, заңсыз шешім қабылдаса немесе өзінің міндетін орындау кезінде жемқорлыққа жол берсе, ол қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Судьялар үшін де заң барлығына ортақ, сондықтан мұндай әрекеттер заң жүзінде қатаң жазаланады.

El.kz: Судья қабылдаған қате шешімдерден зардап шеккен азаматтар үшін қандай өтемақы немесе қорғау шаралары бар? Оны кім төлейді?

Лазат Сейтханқызы: Сот шешімдері заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына негізделуі тиіс. Алайда егер сот қате шешім қабылдаса және ол азаматтың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе, оны қалпына келтірудің және өтемақы алудың заңды тетіктері бар. Қазақстан заңнамасында мұндай жағдайлар арнайы нормалармен реттелген және мемлекет азаматтардың заңсыз сот шешімдерінен қорғау құқықтарын қамтамасыз етеді. 

Судья өз қызметінде заңды қасақана бұзып, әділетсіз немесе заңсыз шешім қабылдаған жағдайда ол қызметінен босатылуы мүмкін және белгілі бір жағдайларда қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осылайша, қате сот шешімінен зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудің бірнеше заңды жолдары бар. Егер сот шешімі заңсыз болса, оны жоғарғы инстанциялар өзгерте немесе жоя алады.  

El.kz: Судьялар мен сот жүйесінің жұмысын жақсарту үшін қандай негізгі өзгеріс енгізу қажет деп ойлайсыз? 

Лазат Сейтханқызы: Сот жүйесінің тиімділігін арттыру – құқықтық мемлекеттің тұрақтылығы мен әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды шарты. Бүгінгі таңда сот төрелігін жетілдіру бойынша жүйелі реформалар жүргізілуде  және олар сот билігінің әділдігі мен ашықтығын одан әрі күшейтуге бағытталған. 

Қазіргі уақытта сот жүйесінің тиімділігін арттыру үшін бірнеше негізгі өзгерістер енгізілуде. Олар: 

- Сот өндірісін оңтайландыру мақсатында электрондық сот жүйесі кеңейіп келеді. Бұл азаматтардың сотқа жүгінуін жеңілдетіп, процестердің ашықтығын арттырады. Онлайн сот отырыстары, құжаттарды электронды түрде тапсыру мүмкіндігі, сот процестерінің барысын қадағалау секілді жаңашылдықтар халық үшін сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруда. 

- Сотқа жүгінбей-ақ дауларды шешу уақыт пен ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргі таңда медиация, арбитраж және келіссөздер арқылы дауларды реттеу жүйесі белсенді дамып келеді. Бұл өзгеріс азаматтық істердегі жүктемені азайтып, жылдам әрі тиімді шешім қабылдауға ықпал етеді. 

- Судьялар үшін үздіксіз кәсіби даму маңызды, сондықтан оларды даярлау және біліктілігін арттыру бағытында жаңа бағдарламалар іске асырылуда. Бұл өзгеріс заңнаманың жаңаруын дер кезінде меңгеруге, халықаралық тәжірибені игеруге және сот тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді. 

- Қоғам сот жүйесіне сенуі үшін сот процестерінің ашықтығы мен қолжетімділігі маңызды. Бүгінде соттар өз шешімдерін жариялау, онлайн отырыстарды енгізу, халыққа құқықтық кеңестер беру арқылы өз қызметін барынша ашық жүргізуге тырысады. 

- Сот жүйесінде күрделі істерді қарау сапасын арттыру үшін жүктемені тиімді бөлу механизмдері енгізілуде. Бұл судьяларға әр істі тереңірек талдап, әділетті шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

El.kz: Медиа мен әлеуметтік желілер сот процестеріне қаншалықты әсер етеді?

Лазат Сейтханқызы: Қазіргі цифрлық дәуірде медиа мен әлеуметтік желілердің сот процестеріне әсері айтарлықтай күшейді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістігі қоғамдағы кез келген оқиға туралы ақпаратты тез таратып, қоғамдық пікірді қалыптастырудың негізгі алаңына айналды. Бұл бір жағынан ашықтық пен жариялылықтың артуына ықпал етсе, екінші жағынан соттың бейтараптығына әсер етуі мүмкін. 

Сот жүйесінің маңызды қағидаларының бірі – бейтараптық және әділеттілік. Судьялар шешім қабылдау барысында тек заң мен дәлелдерге сүйенуі тиіс, сыртқы ықпалдарға жол бермеуі керек. Алайда, қоғамда резонанс тудырған істерде медианың белсенділігі артып, қоғам тарапынан қысым жасалуы мүмкін. Әсіресе  әлеуметтік желілерде жартылай немесе бұрмаланған ақпараттың таралуы, сотқа дейін айыптау немесе кінәлау әрекеттері жиі кездеседі. Бұл судьялардың объективтілігіне тікелей әсер етпесе де, қоғамдық пікірді манипуляциялау қаупін тудырады. 

Сот жүйесінің ашықтығы маңызды болғанымен, кейде медиа процесті бұрыс бағытқа бұруы мүмкін. Көптеген істер бойынша толық материалдар сотта қаралғанымен, ақпарат құралдары көбінесе оқырманның назарын аудару үшін ішінара немесе сенсациялық мәліметтерді ғана бөліп көрсетуі мүмкін. Бұл қоғамда жалған түсініктер қалыптастырып, соттың шынайы мақсаты – әділеттілікті қамтамасыз ету – екінші орынға ығысып кетеді. 

Әлеуметтік желілерде кейде "виртуалды сот" қалыптасады, яғни нақты сот шешімін күтпестен, қолданушылар өз бетімен "кінәлі" немесе "кінәсіз" деген шешім шығарып қояды. Бұл әсіресе  жоғары резонансты істерде айқын көрінеді. Мұндай жағдайда судья заң шеңберінде қалу арқылы эмоцияға берілмей, қоғам пікіріне тәуелсіз шешім қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, медиа мен әлеуметтік желілер сот жүйесінің ашықтығы мен халықтың құқықтық сауатын арттыруда да оң рөл атқарады. Егер ақпарат әділ, бейтарап және объективті түрде берілсе, бұл қоғамдық сенімді арттыруға, азаматтардың сот процестері мен заңнаманы түсінуіне көмектеседі.  

El.kz: Сот процесінде азаматтар жиі жіберетін қателіктер қандай?

Лазат Сейтханқызы: Сотқа жүгінетін азаматтар кейде заң нормаларын дұрыс түсінбей немесе өз құқықтары мен міндеттерін толық білмей, белгілі бір қателіктер жібереді. Атап айтар болсам?

1. Көп жағдайда азаматтар өз талаптарын растайтын нақты дәлелдерді жинамайды немесе оларды дұрыс рәсімдемейді. Сотта әрбір талап дәлелдермен негізделуі тиіс, бірақ көптеген талапкерлер құжаттарды толық ұсынбайды. Куәгерлердің пікірлерін бекітпейді немесе іс үшін маңызды материалдарды ескермейді.

2. Сот ісін жүргізуде әрбір әрекетті орындау үшін белгілі бір процессуалдық мерзімдер бекітілген. Мысалы, талап арыз беру, шағым жасау, дәлелдер ұсыну немесе апелляциялық шағым жазу уақытында орындалуы тиіс. Алайда, кейбір азаматтар мерзімдерді сақтамай, өз құқықтарын іске асыру мүмкіндігін жоғалтып жатады.

3. Кейбір азаматтар сот отырыстарына себепсіз қатыспайды, шақыртуларға жауап бермейді немесе талап арыз бергеннен кейін өз істеріне немқұрайлы қарайды.

4. Сот шешімі шыққаннан кейін кейбір азаматтар оны орындамай, кейін оны мәжбүрлеп орындау шараларына тап болады. Егер шешім бойынша міндеттемелер орындалмаса, сот орындаушыларына жүгініп, мәжбүрлі орындату шараларын қолдануға тура келеді. Бұл қосымша уақыт пен шығынға әкеледі.

Осы ретте ерекше айта кету керек, сот әділетті шешім қабылдайды, бірақ оның нәтижесі тараптардың өз құқықтарын қаншалықты дұрыс қорғай алатынына да байланысты.

(Фото: Судья Лазат Әуелбекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Судья ретіндегі ең есте қалған ісіңіз қандай болды?

Лазат Сейтханқызы: Судья қызметінде әрбір іс ерекше, өйткені олардың әрқайсысы белгілі бір адам тағдырымен байланысты. Бірақ кейбір істер эмоционалды тұрғыдан қатты әсер етіп, кәсіби тәжірибеде ерекше орын алады. 

Есте қалған істердің бірі кәмелетке толмаған баланың тағдырына қатысты күрделі процесс болды. Бұл іс ата-анасы ажырасып кеткеннен кейін баланың кімнің қамқорлығында қалатыны жөніндегі дауға қатысты еді. Әдетте мұндай дауларда сот заң нормаларына сүйене отырып, баланың мүддесін басты орынға қояды, алайда бұл жағдайда мәселе анағұрлым терең болды. 

Баланың анасы оны тәрбиелеуге құқылы екенін дәлелдеуге тырысты, ал әкесі анасының баланы қарауға мүмкіндігі жоқ екенін алға тартты. Әдетте балалар анасының жанында қалады деген түсінік бар, бірақ бұл істің ерекшелігі – баланың психологиялық жағдайында еді. Бала анасына да, әкесіне де сенімсіздік танытып, өзін жайлы сезінбейтінін білдірді. Психологтармен жүргізілген сараптама оның ата-анасымен қарым-қатынасы қиын екенін көрсетті. 

Бұл істі қарау барысында баланың психологиялық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерттеу қажет болды. Мен психологтар мен педагогтардың пікірін ескере отырып, баланың өз пікірін тыңдауға ерекше назар аудардым. Баланың мүддесін қорғау үшін әлеуметтік қызметтермен бірлескен жұмыс жүргізілді, соңында бала үшін ең қолайлы орта таңдалды. 

Бұл іс маған судьяның міндеті тек заңды қолдану ғана емес, кейде баланың болашағына әсер ететін шешім қабылдау үшін терең талдау мен жан-жақты ойластырылған тәсіл қажет екенін көрсетті. Кейде заң талаптары мен адам тағдыры арасындағы тепе-теңдікті сақтай білу – судьяның ең күрделі әрі жауапты міндеті. 

Осындай істер судьяның кәсіби және адами тұрғыдан шыңдалуына әсер етеді. Әділетті шешім қабылдау үшін заңға сүйене отырып, әрбір істің артында тұрған адам тағдырын сезіну маңызды. Бұл іс маған баланың мүддесі – ең жоғары басымдық екенін тағы бір рет дәлелдеді.

El.kz: Судья болуды армандайтын әйелдерге қандай қиындықтарға дайын болу керектігін айтасыз?

Лазат Сейтханқызы: Судья болу – кез келген адам үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін мамандық. Ал бұл жолды таңдаған әйелдер кейбір қосымша қиындықтарға дайын болу қажет. Бұл қиындықтар негізінен жоғары жауапкершілік, эмоциялық төзімділік, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік және кәсіби беделді қалыптастыру сияқты аспектілермен байланысты. 

Ең бірінші кезекте, судьялық қызметтің жоғары жауапкершілігін толық түсіну керек. Судья қабылдаған әрбір шешім адам тағдырына әсер етеді. Бұл мамандық заңды терең білуді ғана емес, психологиялық беріктікті, салқынқандылықты және әділетті шешім қабылдау қабілетін талап етеді. Кейде сот процестері эмоционалды ауыр болуы мүмкін, әсіресе ювеналды немесе отбасылық істерді қарау кезінде жиі кездеседі. Сондықтан сезімге берілмей, бейтараптықты сақтау маңызды. 

Судья болған соң жеке өмір мен қызметтік этиканы қатаң ажырату керек. Судья кез келген ортада өзінің мәртебесіне сай әрекет етуі тиіс, себебі оның қоғамдық беделі мен бейтараптығы сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз етудің бір бөлігі. Достармен немесе туыстармен қарым-қатынаста да белгілі бір шектеулер болады, себебі судья ешбір мүдделер қақтығысына жол бермеуі тиіс. Бұл кейде оқшаулану сезімін тудыруы мүмкін, бірақ бұл - қызметтің табиғи талабы. 

Әйел судьялар үшін тағы бір сын – жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін сақтау. Судьялық қызмет тек жұмыс уақытымен шектелмейді, істерді зерттеу, заңнаманы саралау, шешімдерді мұқият дайындау үлкен уақытты қажет етеді. Отбасыңды, жеке өміріңді толыққанды сақтай отырып, кәсіби жолыңды дамыту – бұл нәзік балансты ұстауды талап ететін міндет. 

Судья болуды армандайтын әйелдер осы қиындықтарды алдын ала қабылдап, оларды жеңуге дайын болуы керек. Бұл мамандық ерік-жігерді, салқынқандылықты және заңға адалдықты талап етеді. Бірақ егер сен өз ісіңе сенімді, әділдікке берік және заңды жоғары қоя алатын болсаң, онда бұл жолда ешқандай кедергілер болмайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, судья болу – үлкен жауапкершілік, бірақ сонымен қатар қоғамға әділеттілік орнатуға үлес қосу мүмкіндігі.

El.kz: Сізді судья ретінде ең қатты ойландыратын немесе алаңдататын мәселе қандай?

Лазат Сейтханқызы: Судья болу – бұл тек лауазым немесе кәсіби міндет емес, бұл адам тағдырына тікелей әсер ететін жауапкершілік. Әрбір іс – тек заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ол адам өмірінің бір бөлігі, оның үміті, қорқынышы, әділдікке деген сенімі.

Қатаң заң нормалары нақты жазылғанымен, шынайы өмір әрқашан қарапайым емес. Әрбір істің артында адамның ауыр тағдыры, оның шынайы мұқтаждығы, кейде өмірдің әділетсіздігі тұр. Біз заң бойынша шешім шығарамыз, бірақ кейде заң адамның шынайы жағдайын толық қамти алмауы мүмкін. Осындай кезде мен судья ретінде заңның әр әрпін сақтай отырып, сонымен қатар әділеттілікті қалай қамтамасыз етуге болатынын ойлаймын. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың істері мені қатты ойландырады. Бала – бұл қалыптасып келе жатқан өмір, ал біздің қабылдайтын шешіміміз оның бүкіл болашағына әсер етуі мүмкін. Мен әрдайым өзіме сұрақ қоямын: Бүгінгі шешім бұл балаға қандай өмір жолын ашады? Ол өзіне берілген екінші мүмкіндікті пайдалана ала ма? Біз оған жеткілікті қолдау көрсете алдық па? Себебі баланың жасаған қателігі оның бүкіл тағдырына көлеңке түсірмеуі керек, ал біз судья ретінде тек заңды ғана емес, баланың шынайы өмірін де ескеруіміз қажет. 

Сот залында кейбір адамдар әділдікті сұрап келеді, бірақ олардың әділдік туралы түсінігі әртүрлі. Кейде бір тарап үшін әділдік – өзінің мүддесін қорғау, ал екінші тарап үшін – жаңадан бастау мүмкіндігі. Ал судья үшін әділдік – екі тараптың да құқықтарын сақтап, тек заң аясында ең дұрыс шешім қабылдау. Бірақ әділдік әрқашан біреуге ұнай бермейді. Кейде адам сот залынан шығып, судьяны кінәлауы мүмкін, бірақ уақыт өте ол біздің шешіміміздің дұрыс болғанын түсінеді. 

Мені алаңдататын тағы бір мәселе – қоғамның сот төрелігіне деген сенімі. Кейде адамдар сот шешімін толық түсінбей, оны эмоциямен қабылдайды. Олар заңның шектеулері мен әділеттіліктің кейде қаншалықты нәзік болатынын көрмейді. Судьяның жүрегінде "Мен барлық дәлелді зерттедім бе?", "Менің шешімім тек заңды ғана емес, әділетті ме?" деген сұрақ әрдайым болады. Себебі біз тек заңмен ғана емес, өз ар-ожданымызбен де жұмыс істейміз. 

Судья болу – тек билік жүргізу емес, үлкен адами жауапкершілік. Кейде біз адамдарға ұнайтын шешім емес, олар үшін ең әділетті шешім қабылдауымыз керек. Себебі әділдік – бұл шындықпен бетпе-бет келу, заңды құрметтеу және болашаққа дұрыс бағыт беру.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет! 

Жансая Ақбала
Бөлісу: