Суды үнемдеу технологияларын қолдану дәнді-дақылдардың өнімділігін арттырды – Сұлтанов

15 Қазан, 13:43 394

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің жалпы ауданы 1,9 млн га құрайтынын хабарлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның ішінде 1 млн гектары немесе жердің 67%-ы жер үсті суару әдісімен суарылады, 98 мың гектары немесе 6,5%-ы – күріш алқаптарын суландыру, 397,3 мың гектары немесе 26,3%-ы суарудың заманауи технологиялары пайдаланылады. Ағымдағы вегетациялық кезеңде суаруға шамамен 11,2 млрд м3 су берілді.

Нәтижесінде жыл сайын 300 мың гектарға жуық суармалы жер суару жүйелеріндегі нормативтен тыс шығындарға байланысты сумен қамтамасыз етілмейді. Егістік құрылымында суарудағы ең үлкен үлесті жемшөп, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, көкөністер, тамыр дақылдары және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары алады, — деді Азат Сұлтанов.

Сонымен қатар суды үнемдеу бойынша ұзақ мерзімді шешімдер ретінде Министрлік суды көп қажет ететін дақылдарды қысқартуға және су үнемдеу технологияларын енгізуге баса назар аудара отырып, егістерді әртараптандыру бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда.

2026 жылға дейін мақта алаңын — 36,4 мың гектарға, күрішті — 14,1 мың гектарға қысқарту жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда күріш алқаптары 2,2 мың гектарға қысқарып, 98,1 мың гектарға, мақта алқаптары 10 мың гектарға қысқарып, 106,4 мыңға дейін жеткізілді. Бұл ретте Қызылорда облысында күріш алқабы коллекторлық суларды қайталама пайдалану есебінен 1,7 мың гектарға ұлғайтылып, 85,6 мың гектарға жеткізілді.

Суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, алаңдардың ұлғаюы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда күріштің өнімділігі 8 ц/га, қант қызылшасы 109 ц/га, картоп 51,5 ц/га және көкөністер 26,5 ц/га артты, — деп нақтылады Азат Сұлтанов.

 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: