«АӨК субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» фермерлерге субсидиялауға өтінімдерді ресімдеу үшін балама ретінде әзірленді. Өтінімдерді беру, субсидияларды өңдеу және алудың бірыңғай gosagro.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Жүйе толығымен автоматтандырылған және ақысыз негізде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
2022 жылдың 31 желтоқсанында бұрынғы «Qoldau.kz» порталынан инвестициялық субсидиялау бойынша толық тарихи деректер алынды. Қазіргі уақытта ақпараттық базаны жаңа жүйеге енгізу жұмыстары жүргізілып жатыр.
СБМАЖ арқасында фермерлерге субсидиялар алудың орындылығын растау үшін қосымша анықтамаларды ұсыну қажеттілігінен арылады, өйткені талап етілетін ақпарат басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, соның ішінде жер учаскелері, ауыл шаруашылығы жануарлары, техника және арнайы көлік жөніндегі деректермен, кооператив мүшелері туралы мәліметтермен, сондай-ақ «алқаптар картасымен» біріктірілген. Инвестициялық субсидиялар бөлігінде құрылыста мемлекеттік сараптама жүргізу туралы деректерді алу үшін «E-ЖСҚ» ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары басталды.
Субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі бюджеттің болуына қарамастан өтінімге реттік нөмір бере отырып, «күту парағы» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бюджет «күту парағында» өтінімдердің кезектілігі бойынша ғана бөлінетін болады, оған фермердің тарапынан қосымша іс-әрекеттер қажет емес. Бұл тәсіл қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді және субсидияларды төлеу кезінде адами факторды болдырмайды. «Күту парағына» келіп түскен өтінім мақұлданған болып есептеледі және тек тиісті қаржыландыруды күтеді.
Қазіргі уақытта субсидиялау жөніндегі қызметтерді өтінім берілген сәттен бастап, субсидия төленгенге дейінгі аралықта техникалық пысықтау аяқталды.
Қолданыстағы субсидиялау қағидаларына сәйкес, фермерлерден өтінімдерді қабылдауды бастау мерзімдері белгіленген. Негізгі өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 1 ақпанынан басталады.