Суармалы алқаптарды кеңейту қажет – Олжас Бектенов

26 Наурыз, 10:52 517

Үкімет отырысында премьер-министр егіс алқаптарының құрылымынан дәнді дақылдарды әртараптандыру қарқыны төмен екенін және бұл бағытта әкімдіктер белсенді жұмыс істемей жатқанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы диқандар өңірлердің нақты жоспарлары мен салалық министрліктің міндеттерінен бейхабар екенін айтты.

Оның үстіне егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де кездеседі. Бұл су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды одан сайын қиындатып жібереді. Жалпы, егіс алқаптары мен статистиканың нақтылығына қатысты мәселелер бар, – деді премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бойынша да проблемалар жеткілікті екенін, бұл әсіресе ұсақ және орта шаруашылықтар үшін өзекті болып отырғанын жеткізді.

Фермерлер жақсы тұқымға қол жеткізу мүмкін еместігін айтып шағымданады. Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық кредит түрінде бөлуі керек. Біздегі климаттық жағдайларға төзімді, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажет, – деді Олжас Бектенов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: