Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 227 тоннадан астам азық-түлік жолданды - сенатор

9 Сәуір, 16:35 639

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге этно-мәдени бірлестіктер 227 тоннадан астам азық-түлік пен қажетті заттарды жолдаған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сенат депутаты Әлішер Сатвалдиев мәлімдеді, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

Сенатордың сөзінше, республика бойынша 50-ге жуық көмек қабылдау пункт жұмыс істеп жатыр. Астана қаласының өзінде 9 көмек қабылдау пункті бар.  

Бұл көмек қабылдау пунктерінде он мыңға жуық Астана қаласының еріктілері жұмылдырылған. Еріктілердің басым көпшілігі Ассамблея жастары ұйымының және басқа да ұйымдардың өкілдері. Бүгінгі таңда еріктілер гуманитарлық көмектерді жинау, сұрыптау және су басқан елді мекендердегі азаматтарға жеткізу, сонымен қатар суға тосқауыл болу бойынша дамбалар қою жұмыстарына көмектесуде, - деді Сатвалдиев.

Қазіргі таңда өңірлік этно-мәдени бірлестіктер тарапынан 227 тоннадан астам азық-түлік және қажетті заттарды қарғын су басқан өңірлерге жолданғанын айтты. Жалпы көлемі 276,5 млн теңге жұмсалған.  

Гуманитарлық көмектермен қоса су басқан өңірлерде пайдалану үшін 24 бірлік арнайы техникалар жолданған. Олардың қатарында экскаваторлар, камаздар және басқа да техникалар бар.  Өңірлерге гуманитарлық көмектерді жеткізу үшін 43-тен астам жүк көліктері жұмылдырылған.

Шымкент қаласынан Атырау облысына, Жамбыл облысынан Атырау  және Қостанай облыстарына жүк көліктері жөнелтілді. Алдағы уақытта Жамбыл, Түркістан облыстарынан, Алматы және Шымкент қалаларынан Атырау, БҚО және Ақтөбе облыстарына жиналған көмектерді жолдау үшін даярлық жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді ол.

Халықты ақпараттандыру үшін 8 мыңнан астам материал жарияланғанын атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 7 мыңнан астам адам орналастырылған

Осы сағатта азаматтық қорғау қызметтерімен 88 мыңға жуық адам, оның ішінде 30 мыңға жуық бала құтқарылды және эвакуацияланды. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 7 мыңнан астам адам, оның ішінде 3 700 бала орналастырылған. 4 800 адам өз үйлеріне оралды. 82 315 ауылшаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалды.

Миражан Махан
Бөлісу: