Су тасқынынан келтірілген залалды өтеуге онлайн өтініш беруге болады

6 Мамыр, 01:24 537

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы су тасқынынан келтірілген залалды өтеуге өтініш беру алгоритмінің тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ ЕХӘҚМ басшысы гуманитарлық көмекті қабылдау және беру пунктіне, келтірілген залалды өтеу шеңберінде пәтер алған отбасылардың біріне барды.

Бұған дейін хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Egov mobile мобильдік қосымшасы арқылы су тасқыны салдарынан келтірілген залалды өтеуге онлайн өтініш беру функционалын іске асырды. Мұны қалай дұрыс жасау керектігін министр Петропавл қаласының Мансап орталығында өткен су тасқынынан зардап шеккендермен кездесу барысында айтып берді.

Бұл қызмет арқылы сіз шағын сауалнамадан өтуіңіз керек. Барлық жеке деректерді толтырасыз, сізге уақытша баспана қажет пе, жоқ па, соны көрсету керек. Келтірілген залалды тізімдейсіз: бұлар тұрғын үй түрі, құрылыс түрі, қаза тапқан мал саны, жеке мүлкі, қосалқы шаруашылық және т.б. Сервис су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұратын Қазақстанның барлық азаматтары үшін қолжетімді, – деді Светлана Жақыпова.

ЕХӘҚМ басшысы бұдан әрі гуманитарлық көмекті қабылдау және беру пунктіне барды, онда ЮНИСЕФ-тің «күміс еріктілері» мен Жастар ресурстық орталығының еріктілері, сондай-ақ зардап шеккендердің өздері де киімнен бастап жеке гигиена құралдарына дейін көптеген тауарларды орап, таратады.

Жұмыс сапарының соңында Светлана Жақыпова су тасқынынан зардап шеккен 7 отбасының біреуіне барды, бұған дейін оларға залалды өтеу шеңберінде пәтерлердің кілттері табысталған болатын.

Перизат Саденова
Бөлісу: