Су тасқынынан келген залал толық есептеліп бітті ме

17 Мамыр, 20:29 887

ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов журналистермен кездесуінде бағалау жұмыстары әлі жүріп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда Үкімет резервінде 54 млрд теңге бар деп атап өтті.  

«Қазақстан халқы» қорында 16 млрд теңге бар. Олардың қаражаты 650 үй салуға жұмсалады. Оны одан басқа бізде бүгінгі таңда 34 млрд-қа жуық қаражат «Демеу» қорында, одан кейін өңірлік қорларда 8,7 млрд теңге бар. Бұдан басқа үйлердің шығынын өтеу және салу үшін бізде құрылыс министрлігі тарапынан меморандумдар жасалып, үлкен ірі кәсіпкерлердің қаражатынан қаржыландырылатын болады. Сондықтан қаражат жеке қорларда, мемлекеттік резервте де толыққанды бар. Қазір кішкене шыдамдылық танытып, оны тосу керек, – деді вице-министр.  

Сонымен қатар, комиссиямен шешімдер қабылданған кезде жұмыстар жүргізілетінін айтты.  

Президенттің айтуы бойынша осы күзге дейін барлық үйлер салынып, тапсырылуы тиіс. Шығын көлемі толық есептелген жоқ. Өйткені кейбір өңірлерде су әлі кеткен жоқ. Кей жерлерде су қайтты. Бірақ әлі толыққанды су тартылғаннан кейін ғана сомасы шығарылады. Қазір Атырау су астында тұр. Солтүстік өңірлердегі үйлер бойынша он бес күннің ішінде барлық шығынды санап шығу керек. Бұл қаражат әлі шыққан жоқ. Десе де, барлық қаражат жеткілікті, – деді Ержан Біржанов.  

Тілші: «Қаражат жеткілікті болса, онда неге Үкімет резервінен ақша алғалы жатырсыздар?» деп сұрады.  

Үкіметтің резервінен болғанда, мысалы, бұл жерде тек қана тұрғын үйлер ғана су тасқынынан зақым шеккен жоқ қой. Одан басқа да инфраструктуралық объектілер бар. Соларды тез арада қалпына келтіру қажет. Қаражат қазір жеке қорларда да, демеушілерде де, мемлекеттік резервте де бәрінде бар. Егер де қосымша шығындар пайда болатын болса, онда міндетті түрде Үкімет резервінен де қаражат бөлінуі мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, мұның алдында 400 млн-ға жуық ақша Қостанай облысына сол үкімет резервінен бөлінген болатын, – деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: