Сенаттың кулуарында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов тасқыннан бүлінген электр бағандарын жөндеуге бюджеттен қанша қаражат кетуі мүмкін екені жайлы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сұңғат Есімхановтың сөзінше, тасқын салдарынан бүлінген барлық бағандарды қалпына келтіруді электр желілері компаниясы өз мойнына алып отыр. Яғни бюджеттен ешқандай қосымша қаражат бөлінбейді.
Тек Қостанай облысындағы Жангелді ауданында құлаған бағандарға төтенше жағдай бойынша есеп жасалып жатыр. Сол есепке төтенше жағдай жанындағы бюджеттен қосымша қаражат бөлінуі мүмкін. Оны осы аптаның аяғына дейін нақтылаймыз. Қалған өңірлерде ешқандай бюджет шығыны болмайды. Электр желілері компаниясы бәрін өз қаражатына жөндейді, - деді вице-министр.
Сонымен қатар Сұңғат Есімханов Жангелді ауданындағы электр бағандарын жөндеуге бюджеттен қанша қаражат кетуі мүмкін екеніне де тоқталды.
Бүгінгі алдын ала санауымыз бойынша, 800 млн теңгеге жуық болып тұр. Бірақ ол жақта да бизнес саласындағылар көмектесіп жатыр ғой. Тиісті жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ қосымша керек болса, сондай көлемде қаражат бөлінуі мүмкін, - деді ол.