Су тасқынына қарсы күрескен әскери қызметшілер Шымкентке оралды

6 Маусым, 08:42 512

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы механикаландырылған бригадасының әскери қызметшілері Атырау облысынан тұрақты орналасу пунктіне келіп жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біріккен жасақтың 300 әскери қызметшісі мен 17 техникасы бар әскери эшелон Бадам ауылына оралды. Жеке құрамды теміржол станциясында бригада командирі полковник Әмірқожа Айтқожин қарсы алды. 

Әскери бөлімге жеке құрамы бар әскери техника легі әскери оркестрдің сүйемелдеуімен келді. Әскери қызметшілерді әріптестері, ата-аналары мен отбасы мүшелері қошеметпен қарсы алды. 

Саптық алаңда біріккен жасақтың командирі подполковник Айбар Абайұлы бөлім командиріне 55 күндік іссапардың қорытындысы туралы баяндады. 

Бөлімше Махамбет ауданының орталығы мен Есбол, Еңбекшіл, Ақжайық, Ақтоғай, Талдыкөл және Жалғантай ауылдарын тасқын судан қорғауға қатысты. Осы уақыт ішінде механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілері ұзындығы 90 км жағалауды нығайтатын құрылыстар салып, құм салынған миллионнан астам қап дайындап, төседі.

Полковник Әмірқожа Айтқожин әрбір әскери қызметшіге жанқиярлық еңбегі, ерлігі және антқа адалдығы үшін алғысын білдірді.

Апат аймағында жұмыс істеу сіздерден күш-қуат төзімділігін ғана емес, сонымен қатар жоғары жауапкершілікті де талап етті. Ауылдарды тасқын судан қорғауға және одан келетін шығынды азайтуға тырысып, сіздер ерекше батылдық пен табандылық таныттыңыздар, – деп атап өтті командир.

Іс-шара соңында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер төсбелгілермен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Перизат Саденова
Бөлісу: