Су тасқынына бөлінген 1 миллиард теңгені жемқорлар жеп қойған - депутат

29 Сәуір, 16:00 2517

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижановпен кездесіп, су тасқынына бөлінген қаржы туралы мән-жайды анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су тасқынының салдарының жоюға арналған 1 миллиард теңгені жеп қойған. Дәл осы ақпарат шыққанда жемқорларды жерден алып жерге салмаған адам аз. Дереу Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің басшылығынан анық ақпарат сұраттым. Және Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Жақиянұлы Бижановпен кездестім. Мәселе былай: бүгінге дейін жөндеуден өтуі тиіс болған гидротехникалық нысандарға бөлінген ақшаның 1 миллиард теңгесін жемқорлар жеп қойған. Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында аталған факт бойынша 4 қылмыстық іс қозғалыпты. Тергеу аяқталғанда жемқорлардың есімін білеміз, - деп жазды депутат.

Сондай-ақ мәжілісмен су тасқыны болған аймақтарға бөлінген қаржының жұмсалуын қадағалау туралы сұраған.

Тағы бір маңызды мәселені көтердім ҚМА басшыларының алдында. Қазір тасқынның салдарымен күреске жалпы (қайырымдылық, олигархтардың бергені, мемлекеттің бөлгені тағы басқа) 195 млрд теңге бөлінген деді агенттік өкілдері. Міне осы қаржының әр тиынын қадағалау керек Қаржылық мониторинг агенттігі. Қазірдің өзінде топан судың астында қалған өңірлерде әлеуметтік азық-түлік бағасы мен құрылыс заттарының бағасын негізсіз көтеру фактілері тіркелген. Мұндай жайттарға қарсы дереу шара қолданылады, - деп жазды депутат Нартай Сәрсенғалиев.

Айта кетейік,  Қаржылық мониторинг агенттігі гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексерген болатын. Осылайша, қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында жымқыру белгілері бойынша төрт іс қозғады. 5 адам күдікті деп танылды. Залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: