«Су тасқынын сылтау етеді». Депутат аймақтардағы балаларды оңалту мәселесін көтерді

11 Қыркүйек, 14:13 430

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза вице-премьер Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, балаларды оңалту орталықтары қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында  президент «Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады» деп атап өткен болатын. Бұдан басқа, бұл тапсырма «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында көрсетілген (28-тармақ – Дамуында ауытқулары және оның туындау қаупі бар сәби жастағы балалар үшін ерте араласу орталықтарын құру және 29-тармақ – «Қамқорлық» бастамасы аясында аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашу).

Бірақ, өкінішке орай, орындау мерзімі өткен жылы аяқталуға тиіс болған Жол картасының жоғарыда аталған тармақтары – орындалмаған, оның үстіне жауапты мемлекеттік органдар (Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) мен жергілікті атқарушы органдар (Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктері) тарапынан оның мерзімі 2025 жылға ауыстырылған, - дейді депутат өз сауалында.

Мәселен, дамуында ауытқулары және оның туындау қаупі бар сәби жастағы балалар үшін ерте араласу орталықтарын құру бойынша – жоба еліміздің 13 өңірінде іске асырылуға тиіс болатын, дегенмен бүгінгі таңда тек 9 өңірде ашылған.

Әкімдіктер тапсырманың орындалмағанына ақталып, елімізде болған су тасқынын сылтау етеді. Алайда су тасқыны биыл болды, ал тапсырманың орындалу мерзімі, тағы да қайталап айтамын,  былтыр аяқталуға тиіс еді. «Қамқорлық» бастамасы аясында аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашу бойынша да жағдай осындай – 17 өңірлік жобаның ішінде қазіргі уақытта тек 5 облыста жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шамамен ашылуы биылғы жылдың 4-тоқсанына жоспарланған, ал қалған 12 облыста ашылу келесі жылға жоспарланып отыр. Орындалмауының себебі ретінде елдегі су тасқыны жағдайы айтылады, - дейді мәжілісмен.

Депутат «AMANAT» партиясының Депутаттық фракциясы Жол картасын орындау бойынша жоғарыда аталған тармақтарды қысқа мерзімде жеке бақылауға алуды, сондай-ақ оларды орындау мерзімін бұзуға жол берген адамдарды жеке жауапқа тартуды сұрайды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: