Су тасқынын алдын алу жұмыстарына қатысқан студенттер марапатталды

22 Маусым, 05:17 629

Атырау облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай кезінде Utebayev University ұжымы мен студенттері табиғи апаттың алдын алу жұмыстарына қатысты. Оларға Ғылым және білім министрі атынан Алғыс хат табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Университетке бекітілген аумақ – қала маңындағы Бесікті ауылы. Жайық өзенінің жағалауына 5,5 шақырымға созылған бөгет тұрғызылып, жүйелі жұмыс пен бірлескен күш-жігердің арқасында елді мекендер су басудан аулақ болды.

Министр Саясат Нұрбек төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабта ғалымдармен кездесіп, жағалауды бекіту жұмысымен танысты. Жедел штабтың ғылыми секторында еліміздің белгілі ғалымдары және университеттің профессор-оқытушылары да бар.

Министрдің марапатын профессор-оқытушылар, қызметкерлер мен 104 студент алды.

Университет ұжымы сын сағатта бірлік танытып, жұмыла еңбек етті. Ауа райының әртүрлі жағдайына қарамастан қаланы қауіптен аман сақтап қалуға атсалысу туған жерге деген жанашырлықты көрсетті. Министр Саясат Нұрбектің марапатын табыстап, ұжымға, студенттерге ризашылығымызды білдірдік, - деді университет ректоры Гүлзада Шакуликова.

Перизат Саденова
Бөлісу: