Су тасқыны: Берілген есеп, келтірілген шығын, төленетін өтемақы

18 Сәуір, 13:00 1151

Биыл Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ірі су тасқыны болып жатыр. Су тасқынынан әсіресе еліміздің батысы мен солтүстік өңірі қатты зардап шекті. Тасқынға байланысты 120 мыңға жуық адам эвакуцияланды. Мамандар судың көлемі әлі де артуы мүмкін деп дабыл қағуда. Дегенмен өңірлерде тасқынмен күрес жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Осы ретте  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бұған дейін елімізде болған су тасқындарымен күрес қалай жүргізілгеніне шолу жасап көрді.

Қазақстандағы ең ірі су тасқындары

2010 жылы 11 наурыздан 12 наурызға қараған күні Алматы облысы Қызылағаш су қоймасының бөгеті бұзылып, салдарынан Қызылағаш ауылын су шайып 150-ге адам із-түзсіз жоғалып кеткен еді.  Бірақ ресми деректер 37 адамның ғана қаза болғанын растады. Ол уақытта Қызылағашта 3,5 мыңға жуық адам тұратын, олардың 80 пайызы сырттан көшіп келген қандас бауырлар.

Топан судың салдарынан ауылдағы 146 үйді су шайып алып кеткен,  251 үй қираған, 42 үй жөңдеу жұмыстары жүргізілуі тиіс деп тіркелген.

2021 жылы Қызылағаш су қоймасы қалпына келтірілді.

Сурет:NASA

2011 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Шаған және Деркүл өзендерінің су деңгейі көтеріліп, салдарынан 40-қа жуық елді мекен су астында қалды.

2012 жылы ақпан айында Оңтүстік Қазақстандағы бірнеше ауданды су басты. Атап айтқанда, Ордабасы, Отырар және Арыс аудандарындағы бірнеше ауылды су шайып кетті. Салдарынан 800-ге жуық үй су астында қалған.

2014 жылы 30 наурызда Қарағанды облысы Көкпекті ауылында су бөгетінің жайылуы себебінен 300-ден астам үй су шайып кетті. Ресми мәліметтерге сәйкес 5 адам қаза тауып, 125 адам өңірден эвакуацияланған. 2015 жылы да Қарағанды облысы су тасқынының эпицентіріне айналды. 450-ге жуық үй тұруға жарамсыз деп танылып, 2017 отбасы жапа шекті.

2017 жылы Ақмола облысындағы Атбасар ауданында бөгет бұзылып, бірнеше өңір су астында қалды. Сонымен қатар, дәл сол жылы жауын-шашын мен қардың қалыңдығынан Солтүстік Қазақстандағы облысындағы Сергеев су қоймасы да тасыды. Салдарынан СҚО ғана емес, еліміздің бірқатар аймақтары тасқын судан зардап шекті.

2018-2019 жылы көктемде Шығыс Қазақстан облысы топан су астында қалды. Бір тәулікте бір айлық нормада жауатын жаңбырдың салдарынан 30 шақты тұрғын үй мен 150-ге жуық ауланы су басқан. Сонымен қатар, күн райының тез жылынуынан облыс орталығы мен бірнеше аудан су астында қалып, қызыл аймақта болды.

2020 жылы оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы дамбы бұзылып, салдарынан Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданындағы 5 елді мекенді су шайып кетті. 30 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Төтенше жағдай салдарынан 900-ге жуық тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ұйымы, 1 мәдениет үйі мен 10 дүкен су астында қалған. Сонымен қатар Жеңіс ауылындағы көпір мен республикалық және облыстық маңызы бар  54,7 км автожолды су шайып кеткен. 7 639 гектар егіс алқабы зардап шегіп, мал қырылған.

Сурет: Мақтаарал ауданының әкімдігі

2022 жылы Қазақстанда 200-ден астам елді мекен су астында қалу қаупі бар аймақта қалған. Ол кезде су тасқыны қардың уақытылы шығарылмауы және арықтардың тазаланбауы салдарынан болды делінген.

2023 жылдың ақпан айында Түркістан облысындағы бірнеше аудандарда су тасқыны болды. Ресми ақпарат бойынша, бір үйді су басып, 234 үйдің ауласына су кірген. Тасқын салдарынан 204 адам эвакуацияланған. Дәл осы жылы көктемде Қазақстанның батасы да қызыл судан зардап шекті. Ойыл, Байғанин, Темір, Қобда және Шалқар аудандарындағы үйлерді су басты. Қар еріп, өзен тасыған соң, Ойыл ауданындағы Көсембай, Қайыңды, Қарасу, Ақкемер ауылдарының жолын тасқын су шайып кеткен. Жалпы алғанда қызыл судан СҚО, БҚО, Атырау мен Ақтөбе облысындағы бірнеше аудан зардап шекті.

2024 жыл. Биылғы тасқын судың салдарының еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Өңірлерде қызыл сумен күрес жалғасып жатыр. Әсіресе еліміздің батысы мен солтүстігіндегі ахуал бақылауда. Мамандар өңірлерде су сору жұмыстары жалғастырып жатыр.

Су тасқынының алдын алуға 20 млрд теңге бөлінген

9 қаңтарда  бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет басшысына берген есебінде көктемгі су тасқынын дайындық жұмыстарын бастап кеткенін мәлімдеген еді.  Көктемгі қызыл судың алдын алу бойынша арнайы топ құрылып, 39 мыңнан астам адам, 11 мыңға жуық техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпалар бары айтылды.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов тасқын судың алдын алуға және онымен күресуге әкімдіктердің бюджетінен 3 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. 

Былтыр жазда экс-министр үкімет отырысында оқыған баяндамасында су тасқындарының алдын алуға 4 облысқа (Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстары) 17 миллиард теңге бөлінгенін хабарлаған еді. Дегенмен өңірлерді су тасқынының алдын алу жұмыстары бекітілген жол картасы бойынша толық аяқталмаған, тіпті жұмыстың жартысы да жасалмағанын жеткізді. Сөзінше, жол картасында көрсетілген су тасқынының алдын алу шаралары тек Абай облысында 100 пайыз орындалған.

Жақында Мәжіліс кулуарын қаржы министрі Мәди Такиев республика бойынша жергілікті бюджетте төтенше жағдайға арналған 26 миллиард теңге барын айтты. Бұл қаржы жетпеген жағдайда үкімет резервінен қосымша қаржы қарастырылатынын да түсіндірді.

Министр былтыр су тасқынының алдын алу үшін жергілікті бюджеттен 20 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

Су тасқыны: Қызыл аймақтардағы ахуал қандай?

Көктемгі су тасқынының беті қайтпай отырғанына осымен 3 аптадан асты. Бүгінде төтенше жағдай жарияланған 10 облыстың 3-і қызыл аймақта тұр. Олар: БҚО, СҚО және Атырау облысы.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөзі

Қазіргі таңда Атырау облысындағы Құлсары қаласындағы ахуал бұрынғы қалпына қайта келіп жатыр. Жылыой ауданында су тасқыны басталғалы бері 30 мың текше метр су сорылған. Тәулік ішінде су деңгейі 20 см-ге төмендеген, жалпы деңгейі 136 см-ге түскен. Құлсары қаласында 180 мыңнан астам қап төселіп, 200 мыңнан астам инертті материал құйылған. Қазіргі таңда өңірде 2748 тұрғын үй және әкімшілік нысан су астында қалды. Жылыой ауданында су тасқыны кезеңінде 36 738 адам эвакуацияланды, оның 8 392-і бала.

Сурет: Атырау обылысы әкімдігінің баспасөзі

Мамандардың айтуынша тасқын болған аймақтардағы сорылған сулар Жем өзегіне құйылып жатыр. Қазіргі таңда өңірдегі жағдайға мониторинг жүргізілуде.

Бүгінде өңірлерде су тасқынының екінші кезеңіне дайындықты бастап кетті.

Мамандар сәуір айында болатын жауын-шашыннан тасқын қарқыны артуы мүмкін екенін айтып ескерту жасаған еді.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөзі 

Бір аптадан бері Солтүстік Қазақстан халқы да қызыл судан зардап шегіп отыр. Өңірдегі ТЖД мәліметінше, СҚО-да ахуал күрделі. Сергеев су қоймасы 149 пайызға толған, су бөгет шыңының 261 сантиметрден асқан. Мамандар, өңірге Ақмола облысынан су тасқынының екінші толқыны келе жатқанын хабарлады. Оған қарасты Ғабит Мүсірепов ауданындағы судың деңгейі де біршама көтерілген.

Сурет: El.kz

Сурет: El.kz

СҚО бойынша 2 401 үй, 1 115 аула аумағы су астында қалды. 12 235 адам эвакуацияланды, оның ішінде 2 919 бала бар. 44 адам үйіне оралды. 3,5 мыңға жуық мал қауіпсіз жерге көшірілді. Қызылжар ауданының Тепличное, Прибрежное ауылдарында 565 үй су астында қалды, 2287 адам эвакуацияланды. Соңғы тәулікте су Большая Малышка, Соколовка, Вишневка, Ольшанка ауылдарына келді, онда 317 үй су астында қалды, 1562 адам, оның ішінде 299 бала эвакуацияланды.

Сурет: El.kz

Сонымен қатар су тасқынынан үлкен қауіп Батыс Қазақстанның орталығы Орал қаласына да төніп тұр. Мамандар өңірдегі Жайық және Шаған өзендерінің деңгейі 8,5 метрге жетсе, қалаға үлкен қауіп төнеді деп дабыл қағып отыр. Қазір аймақтағы өзен суының деңгейі 8 метрге жеткен. Жақын күндері Жайықтың бұл тұсына бастауы саналатын Ресейдегі Ирек су қоймасынан шыққан су қосылуға тиіс. Осы екі арада Жайыққа құятын өзіміздің кіші өзендер саябырласа қауіп болмайды дейді мамандар.

Су тасқынынан келген шығын көлемі

Соңғы 30 жылда Қазақстан су тасқынынан аз жапа шекпеді. Тасқын судан келген шығын көлемі де аз болмады. Мәселен:

1993 жылы – 60 миллион доллар;

2008 жылы – 130 миллион доллар;

2010 жылы – 40 миллион доллар;

2011 жылы – 70 миллион доллар;

2012 жылы – 7,9 миллион доллар;

2014 жылы – 0,5 миллион доллар;

2017 жылы – 1 миллион доллар;

2018 жылы – 5,8 миллион доллар;

Биылғы қызыл судың беті әлі қайтпады. Дегенмен сарапшылар шығын көлемін шамалап берді. ANI Analytics telegram парақшасындағы мәлімет бойынша, дүниежүзілік банк биылғы тасқын судан 444 млн доллар шығын келген деп есептеген. Жоғарыда көрсетілген шығындардың барлығын есептегенде 315,2 миллион долларды құрайды. Бұл биылғы шығынның жартысына жуығы деуге болады.  

Бүгінде жеке секторлар мен кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері мен қоғамдық ұйымдар су тасқынынан зардап шеккен өңірлер үшін 73,7 миллиард теңге қаржы бөлген. Сонымен қатар, өңірлерден келіп жатқан гуманитарлық көмектер де бар.

Мемлекеттен қандай көмек беріледі

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мемлекеттен қандай көмек түрлеріне қол жеткізе алатынын мәлім етті. Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған көмектің түрлері қарастырылған. Олар: материалдық көмек, тұрғын-үймен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнеске келтірілген шығынды өтеу, денсаулық сақтау, білім беру, азық-түлікпен қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау, мобильді байланыс және интернет мәселелері бойынша өтемақылар қаралған.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек беру үшін министрлік бюджет шығыстарын қысқартты

Қаржы министрлігі 2024-2026 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары нақтыланған қаулы жобасын жариялады. Құжатты Ашық НҚА порталынан көруге болады.

Инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалатын шығындар 5 миллиард теңгеден 2,28 миллиард теңгеге дейін қысқарады. Ал төтенше жағдайларды жоюға арналған резерв 7 миллиардтан 59,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылады.

Сонымен қатар, отын-энергетика кешені, ауыл, су, орман және балық шаруашылығы, көлік пен коммуникация бойынша нысаналы даму трансферттерін 161 миллиард теңгеден 155 миллиард теңгеге дейін қысқартты.

Қаржы министрлігі Абай, Түркістан және Ақтөбе облыстарын қоспағанда, көптеген облыстық бюджеттерді несиелендіру бойынша шығыстарды қысқартады.

Ұлттық қордан трансферт арқылы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуді қаржыландыру 96 миллиард теңгеден 70 миллиард теңгеге дейін қысқарды.

Бүгінде су басқан 8 өңірде комиссиялар өз жұмыстарын бастады. Өтініштер Атырау, Ақтөбе, Ақмола, БҚО, СҚО, Қостанай, Павлодар және Ұлытау облыстарының елді мекендерінде қабылданады. Ал Қарағанды облысында азаматтарға келтірілген залалды есептейтін комиссияның жұмысы аяқталды.

Су тасқыны салдарынан мүлкі бүлінген азаматтар алгоритм бойынша төтенше жағдай басталған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде материалдық шығынды өтеуге өтініш бере алады.

Зардап шеккендер қаржылық көмек, тұрғын үй және әлеуметтік қорғау шаралары түріндегі мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алады. Сонымен қатар оларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыру қарастырылған. ШОБ субъектілеріне, фермерлерге және мал басын жоғалтқан ауыл шаруашылығы иелеріне келтірілген шығынды өтеу де қарастырылған. 

Су тасқынынан зардап шеккендерге үй берудің үш нұсқасы

Үкімет төтенше жағдай салдарынан басапанасыз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, төтенше жағдайға байланысты үйсіз қалған азаматтар мемлекет берген үйден бас тартып, өзі құрылыс жүргізе алады. Құжатты Ашық НҚА порталынан көруге болады.

Зардап шеккен отбасыларға үй үш түрлі нұсқада беріледі. Бірінші жағдайда мемлекет дайын үй береді немесе үй салып береді. Екінші жағдайда азаматтар мемлекет бекіткен үлгі негізінде өздері үй салып алады. Үшінші нұсқа, белгіленген елді мекеннен өздері үй таңдап сатып алады.

Жергілікті атқарушы орган дайын тұрғын үй сатып алады не кейіннен тұрғын үйсіз қалған азаматтарға беру үшін мемлекеттік тұрғын үй қорына бере отырып, үлгілік жоба бойынша жаңа тұрғын үй салуды жүзеге асырады, – делінген құжатта.

Құжатта мемлекет беретін үйден тұрғындар бас тарта алатыны жазылған.

Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйден бас тартқан кезде үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстары өтеледі. Немесе тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындаған аумақтағы әкімшілік-аумақтық бірліктің сатып алу-сату шарты бойынша тұрғын үйдің құны төленеді,делінген құжатта.

Сонымен бірге құжатқа сәйкес, азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған өзге құрылыс жобалары бойынша жүргізуіне рұқсат беріледі.

Жергілікті атқарушы органға да зардап шеккен азаматтар үшін жаңа тұрғын үй салатын кезде ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы бар жобалардың құрылысын жүргізу барысында үлгілік жобадан ауытқуына да рұқсат. Ондайда жобада белгіленгеннен артық айырма қосымша қаржыландырылады.

Ал сатып алу-сату шарты бойынша тұрғын үй сатып алу туралы шешім қабылдаған азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындаған елді мекендердің аумағынан тұрғын үй іздей алады. Бұл ретте тұрғын үйдің құны үлгілік жобаның құнынан және тәуелсіз бағалау компаниясының есебінде айқындалған құннан аспауға тиіс.

Мұнда жылжымайтын мүлікті жергілікті әкімдіктер бағалайды. Сонымен бірге азаматтар өз қаражаты есебінен де тәуелсіз бағалау компаниясын да тарта алады.

Мемлекеттік бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлінеді

Мемлекет үйге зақым келген жағдайда да шығынын өтемек. Келген зақым екі түрлі әдіспен қалпына келтіріледі. Бірінші жағдайда жөндеу жұмыстарына мердігер ұйымды жергілікті атқарушы органдар тартады. Екінші жағдайда жөндеу жұмыстарын тұрғын үй иесі өзі жүргізеді, ал шығынын мемлекет өтеп береді.

Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекеттік бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлінетінін айтты.

Бір үйдің құнын 22 миллион теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген, – деді министр.

Қанат Шарлапаев су тасқынына кейін зардап шеккендерге баспана тұрғызу жұмыстарының сапасын өзі қадағалайтынын атап өтті.

Миражан Махан
Бөлісу: