Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасы қаралды

10 Ақпан 2023, 19:24 1009

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, құжаттың мақсаты елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, экономика және қоршаған орта салаларының қажеттіліктерін теңгерімді қамтамасыз ету мәселелерін шешу болып табылады.

«Біз су экожүйелерінің реттеу және қолдау функцияларын сақтау үшін олардың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етпекпіз. Тұжырымдама жобасы төрт негізгі міндетті қамтиды: өнімділікті, су сапасын, қолайсыз әсерлерге төзімділікті арттыру және су ресурстарын басқаруды жетілдіру», — деді Зүлфия Сүлейменова.

2029 жылға қарай Қазақстанда магистральдық және шаруашылықаралық арналар желісі жаңғыртылып, автоматтандырылады, барлық негізгі гидротехникалық құрылыстарға көпфункционалды тексеру жүргізіледі деп жоспарлануда.

Бұдан басқа, қосымша гидрологиялық бекеттер ашылады, сумен жабдықтауға тарифтер қайта қаралады және суды ағызу мониторингінің автоматтандырылған жүйесі енгізіледі.

Талқылау қорытындысы бойынша Тұжырымдама жобасы мақұлданды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов салалық ведомствоға айтылған ұсыныстарды ескере отырып, құжатты пысықтауды тапсырды.

EL.KZ
Бөлісу: