Еліміздің республикалық жолдарындағы су басу қаупі бар учаскелерді тәулік бойы кезекшілік пен патрульдеу ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеме жасап.
Қабылданған іс-шаралар кешені республикалық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз қозғалысты, сондай-ақ жасанды құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жергілікті гидрометеорологиялық жағдайларды ескере отырып, су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені әзірленді. Мердігер ұйымдар мен жол қызметтеріне су басу қаупін алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берілді, - делінген хабарламада.
Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелеріне сәйкес су басу қаупі жоғары республикалық автожолдардың учаскелері анықталды.
Арнайы алдын алу шараларына:
• су өткізу құбырлары мен көпір асты аймақтарының арналарын қар мен мұздан тазарту;
• су тасқыны қаупі бар учаскелерді күнделікті тексеру;
• инертті материалдарды дайындау жатады.
Айта кетерлігі, 350-ден астам қауіпті учаске ерекше бақылауда.
Республикалық маңызы бар автожолдар ашық, су басып, шайылып кеткен учаскелер жоқ.