Студенттік қалалар рейтингі. Қазақстан шаһарлары нешінші орында?

17 Тамыз 2023, 18:22 1221

Quacquarelli Symonds компаниясы 11-ші рет QS Best Student Cities 2024 үздік студенттік қалалар рейтингін жариялады. Тізімге 160 қала енді, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 қалаға артық. Лондон тағы да студенттер үшін әлемдегі ең үздік қала болып танылды. Алматы – 81, Астана – 121 орынға жайғасты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Рейтингке қатысу үшін қалада 250 000-нан астам тұрғын  және QS World University Rankings рейтингінде көрсетілген кем дегенде екі университет болуы керек. Үздік қалалар тізімі алты негізгі санатқа біріктірілген көрсеткіштерге сәйкес құрылды: университет рейтингтеріне қатысу (QS World Universities Rankings 2024), студенттер құрамы, сұраныс, жұмыс берушілердің белсенділігі (QS Graduate Employability Rankings), қаржылық қолжетімділік, студенттер мен түлектердің пікірлері.

Үздік 10 студенттік қала

  1. Лондон (Ұлыбритания);
  2. Токио (Жапония);
  3. Сеул (Оңтүстік Корея);
  4. Мельбурн (Аустралия);
  5. Мюнхен (Германия);
  6. Париж (Франция);
  7. Сидней (Аустралия);
  8. Берлин (Германия);
  9. Цюрих (Швейцария);
  10. Бостон (АҚШ).

Лондон рейтингте жетекші позицияны сақтап тұрғанымен, көптеген қалалар тізімде белсенді түрде жоғары көтерілген. Мысалы, Токио жетінші орыннан екінші орынға көтерілді. Сондай-ақ, жапониялық Осака мен Нагоя да өз көрсеткіштерін жақсартты. Сарапшылар бұл ілгерілеуді студенттер мен түлектерден алынған кері байланыс санатындағы көрсеткіштердің жақсаруымен байланыстырады. Сонымен қатар, өткен жылы 99 және 74-орынға ие болған Майами мен Рим қалалары да айтарлықтай прогреске қол жеткізді, Майами 21 сатыға көтеріліп, 78-ші орынға, ал Рим 56-шы орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш осы қалалардағы «жұмыс берушілердің белсенділігінің» артуына байланысты жақсарған.

Дегенмен, нәтижелері көңіл көншітпейтін қалалар да бар. Өткен жылы екінші орын алған Мюнхен үш сатыға төмендесе, бұған дейін алғашқы ондыққа кірген Эдинбург қазір 16-орында.

Алматы мен Астана қалаларында оқудың артықшылықтарына да тоқталып өткен. Алматы әсем табиғаты мен өмір сүруге қолайлы болса, Астана ел астанасы болғандықтан жеке даму үшін көп мүмкіндіктер болатынын атап өткен.

Үздік қалалар рейтингі қалай жасалғанына тоқталайық. Мысал ретінде әр санатта қолданылатын кейбір көрсеткіштерді келтіреміз.

Университет рейтингтері. Қалада QS World University Rankings рейтингіне енген қанша университет бар? Соңғы рейтингте бұл университеттер орны қаншалықты жақсы?

Студенттік құрам. Қала халқының қанша пайызын студенттер құрайды? Қалада қанша шетелдік студент оқиды?

Сұраныс. Қала қаншалықты қауіпсіз? Қаланың ластану деңгейі қандай?

Жұмыс берушінің белсенділігі. Қалада жастарды жұмыспен қамту деңгейі қандай? Қаладағы жоғары оқу орындарының түлектері туралы жұмыс берушілердің пікірі қандай?

Қолжетімділік. Қаланың жоғары оқу орындарында оқу ақысы қанша? Қаладағы студенттердің тұру құны қанша?

Студенттер мен түлектердің пікірі. Оқушылар қаланың жайлылығы, тұрақтылығы, әртүрлілігі және т.б. қандай баға береді? Студенттердің қанша бөлігі оқуды бітіргеннен кейін қалада тұруды жалғастыруда?

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: