Студенттерге арналған баспана

13 Сәуір 2017, 17:51 4086

Қазақ агротехникалық университеті студенттерге жаңа жатахана салып берді

Елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Студенттер үйінің ашылу салтанаты өтті.

Студенттерге арналған баспана оқу ордасының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға беріліп отыр.

Шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Э.А.Сухамбердиева, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің жауапты хатшысы Е.Б.Көшербаев, ҚР Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы С.В.Плотников, Астана қаласы Әкімінің орынбасары Е.Ә.Аманшаев,   белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет ардагерлері,  ұстаздар мен студенттер қатысты.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттерінің жаңа жатақханасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асты.

ҚазАТУ Студенттер үйі – тәуелсіздік тұсында ауыл шаруашылық саласындағы жоғары оқу орны студенттеріне арналып салынған 9 қабатты, 592 орынды алғашқы заманауи ғимарат. Жаңа нысанда Сәкен Сейфуллин атындағы Жастар орталығы, кітапхана, дәрігерлік бекет, асхана және спортзал жұмыс істейді.

Оқу орны студенттерінің жатақханамен қамтылу деңгейі – 75 пайыз, бұл – Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы үздік көрсеткіштердің бірі.

Іс-шараны ашқан университет ректоры студенттерді қоныс тойымен құттықтап, болашақ білікті мамандар қолында екендігіне тоқталды. «Жарқын болашақ жастардың өз қолында. Ал біз әрқашан қолдауға тырысамыз!» - деді Ақылбек Күрішбаев.

Салтанатты шараға арнайы келген ҚР Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы С.В.Плотников университет ұжымын қоныс тойымен құттықтап, жастарға жарқын болашақ тіледі.       

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сухамбердиева:

Білім беру саласын дамытуды Мемлекет басшысы әрқашан назардан шығармайды, бүгінгі қуанышты іс-шара – соның дәлелі. Сіздердің алдарыңызда тұрған басты міндет – ел үмітін ақтап, білімді де білікті маман болу!

Вице-министр ханым Энергетикалық факультеттің 3-курс студенті, «Жас отан» жастар қанатының төрағасы Ә.Әлібиге «Студенттер үйінің» кілтін тапсырды.

Жастар оқу орны басшылары мен құрметті қонақтарға алғыс білдіріп, жақсы оқып, білікті маман, үлгілі азамат болуға уәде берді.

Бөлісу: