Студенттер жатақханасын салатын инвесторларға жеңілдік жасалады

22 Қараша 2022, 17:24 1261

2025 жылға дейін 75 жаңа жатақхана салу жоспарланған

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен оқу-ағарту министрлігі жоғары оқу орындары мен колледждерге жаңа жатақханалар салу немесе жұмыс істеп тұрған жатақханаларды қайта жаңарту үшін инвесторларға жеңілдік жасайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Алдын ала жасалған келісімге сәйкес 2025 жылға дейін 75 жаңа жатақхана салу жоспарланған.
 
Алайда мемлекеттік тапсырыс бизнес үшін тиімсіз. Инвесторлар құрылыс материалдары, құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердегі пайыздық шығындардың өсуіне байланысты тәуекел етпеген.
 
ЖОО және колледж студенттері үшін жатақханалар салу кезінде бір орынға мемлекеттік тапсырыстың мөлшері 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін, Алматы қаласы үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін көбейді.
 
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі 8 жылдан 6 жылға дейін қысқартылды. Мемлекеттен берілетін төлемдер мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа объект құрылыс салушының меншігінде қалады.
 
Жалғыз шарт 20 жылға дейін объектінің нысаналы мақсатын өзгертуге болмайды. Бұдан бөлек, инвесторларға студенттік жатақханаларды салу және реконструкциялау бойынша банктік қарыздарды "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы субсидиялау мүмкіндігі берілді.
 
Жеке сектор үшін кредиттеудің соңғы мөлшері "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасымен - 7% және "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасымен - 6% құрайды.
 
Бұл шара биыл күзде өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің әлеуетті инвесторлармен және бизнес өкілдерімен кездесулерінің нәтижесінде әзірленді.
EL.KZ
Бөлісу: