Астанадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенттері Ашық есік күніне орай «ҚР Президенті Іс Басқармасының автошаруашылығы» РМК және «Материалдық-техникалық қамту басқармасының автошаруашылығы» РМК (МТҚБ) базасында болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Олар Ынтымақтастық туралы меморандум аясында кәсіпорындардың құрылымын көріп, жұмыс барысымен танысты. Іс-шараға «Көтергіш көлік, құрылыс, жол машиналары мен жабдықтарды техникалық пайдалану», «Көлікпен тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандықтары бойынша білім алып жатқан отыздан астам студент қатысты.
МТҚБ автошаруашылығы автоколоннасының бастығы Нұрбосын Қизатбектің айтуынша, өндірістік тәжірибені ұйымдастыру жөніндегі меморандум аясында кәсіпорын төрт жылдан бері елорданың техникалық колледждерімен тығыз байланыс орнатып, белсенді жұмыс істеп келеді.
«Оқу орнында студенттер негізінен теориялық білім алады. Ал кітаптан оқығаны мен ұстаздарынан естігені іс жүзінде қалай болатынын көрген кезде өздерінің дағдыларын дамыта түседі. Тәжірибеден өткен студент болашақ мамандығының қыр-сырын, қиындықтарын жан-жақты біледі», - дейді Нұрбосын Қизатбек.
«ҚР ПІБ Автошаруашылығы» РМК директорының орынбасары Руслан Өрікбаев мұндай ынтымақтастық кәсіпорынға да, оқу орнына да тиімді екенін жеткізді.
«Жастарға тәжірибе керек. Біз бәсекеге қабілетті әрі білікті кадрларға қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз. Студенттердің кәсіпорынды аралап, ерекше әсер алғаны көңіл қуантты. Олар колледжді бітіргеннен кейін қай жерде жұмыс істесе де, осында көрген жоғары жұмыс стандарттарын ұмытпайды, жұмыс барысында сақтауға тырысады», - дейді ол.
Колледж студенттеріне шетелдік мәртебелі меймандар мен мемлекет басшыларына қызмет көрсетудің ерекшеліктері туралы айтылып, сондай маңызды шараларға пайдаланатын арнайы көліктер де көрсетілді. Болашақ мамандар сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігі, диспетчерлік жұмыс, техникалық қызмет көрсету және техникалық қолдау, автомобиль және автобус паркі сынды кәсіпорынның ішкі жұмысымен танысты.