22 Мамыр 2015, 11:27
Ұлыбританиядағы Стресті басқару қоғамының (The Stress Management Society) негізін қалаушы Нил Шаның айтуынша, стресс өздігінен жақсы да, жаман да бола алмайды. Мәселе оның қалай пайдаланылуында. Стресс – бұл белгілі бір мәселені шешуге мүмкіндік беретін физикалық реакция. Бұл реакциясыз адамдар әлдеқашан жойылып кетер еді.
Кей жағдайларда стресті пайдаға жаратуға болады. Әсіресе төтенше жағдайлар кезінде, мәселен көлік жүргізіп отырсаңыз немесе пойызға не автобусқа кешігіп бара жатсаңыз. Дегенмен, көп жағдайда стресс жұмыс істеу тиімділігіне кері әсер етеді. Стресті жағдайға түскенде адам ағзасы адреналин өндіреді. Гормонның бұл түрі жүрек соғысын жиілетіп, бұлшықеттерімізге ауа мен қанды көбірек жібере отырып, қосымша күш береді. Бұл біздің назарымызды бір нүктеге қоюға көмектеседі. Осы себепті кейде стресс мақсатқа жетуде тиімді болады.
Бірақ бұл белгілі бір шекке дейін. Егер осы шектен асып түссек, шешім қабылдау қиындап, жұмыс істеу тиімділігі төмендеп кетеді. Сондай-ақ бұл ашулану мен агрессияға әкелуі мүмкін. Алайда егер біз сол аталған шекке жетпесек, мотивацияны табу қиындап, күшіміз бен энтузиазм әлсіз болады да біздің қозғалысымыз баяу және қауқарсыз күйге көшеді. Сіз үшін ең маңыздысы осы шекті анықтау.
Психолог Арчибальд Харттың пікірінше, стресс пен адреналиннің көп мөлшерде өндірілуі тез жұмыс істеуге көмектесетіні анық, алайда ол сондай-ақ қан қысымын көтеріп, өзге өмірлік көрсеткіштерге кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, стресс ұйқы режимін бұзуы мүмкін. Бұл өте қайғылы салдарға әкелуі ықтимал.
Strategic Interactions компаниясының негізін қалаушылардың бірі Дэвид Суинктің айтуынша, Ең алдымен стресті адреналин бөлінуінен ажыратып алу қажет. Адреналин – бұл стресс кезінде бөлінетін бірнеше гармонның біреуі ғана. Стресс миымыз бірнәрсені қауіп ретінде қарап, оған төтеп беруге дайындалған кезде туындайды. Улы жыланды көргенде немесе тапсырманың орындау мерзімі аяқталар тұста бір типтес гормондар бөлінеді.
Стрестің ағзаға әсері өте жақсы зерттелген. Йеркс-Додсон заңы бойынша, стресс деңгейінің төмен болуы адам іш пыстырарлық күйге түсіріп, ол қауіпті мүлдем сезбейтін болады. Қойылған тапсырма өте маңызды болғанына қарамастан, стресс деңгейі жеткіліксіз болса, адам оны дұрыс орындай алмайды. Бір жағынан, стресс деңгейі тым жоғары болып кетсе, тағы болмайды, өнімділік қайта төмендейді. Барынша тиімді өнімділікті сақтау үшін стресс деңгейін тепе-теңдікте ұстаған жөн.
Адамдар стресті әртүрлі қабылдап, одан әрқилы нәтиже алады. Мәселен, біреу берілген тапсырманы соңғы минуттарға дейін орындамай келіп, тез арада стресс көмегімен бітіріп тастауы мүмкін. Ал өзгелер үшін стресс кері әсер беріп, көзделген мақсатқа қол жетпей қалады.
Қорыта келгенде, стресс шынымен-ақ белгілі бір шекке дейін жылдам әрі тиімді жұмыс істеуге көмектеседі, алайда одан әрі ассаңыз көп қате жіберіп, тез шаршайтын боласыз, тіпті күйіп кетуіңіз де ғажап емес.
Дәурен Омаров
Мақалаға арқау болған сілтеме