Стереокино тарихындағы негізгі кезеңдер

26 Қыркүйек 2017, 15:37 5064

3D кино немесе стереоформат туралы не білесіз?

3D кино – қазіргі ойын-сауық индустриясының маңызды салаларының бірі. Стереоформат – картинаны үш өлшемді әлемге ұқсастырып көрсетуге мүмкіндік береді, ал көрерменде кеңістікті тереңдетіп көріп отырғандай немесе шынайы ортада өзі отырғандай сезім туғызады. Бұның сыры адамның бинокуляр көру феномені мен параллакстың оптикалық эффектісінде. 

Алайда бүгін стерео форматтың техникалық сипаттамасына тоқталмаймыз. Бізді қызықтыратыны – оның пайда болуы мен танымалдылық сыры. Бір қызығы сол – стерефильм жасауға деген қызығушылық сонау 19 ғасырдың соңында басталған екен. 1890 жылдары британ ғалымы Уильям Фриз-Грин стереоскопия фильм жасау әдісін патенттейді. Стерео киноның заманы осыдан бастау алады.

Оның еңбегінде бұл технология былай түсіндірілді: екі пленкаға жазылған бейне экранға қатар түсіріледі, ал көрермен стереоскоп киеді, сол арқылы екі сурет біртұтас болып бірігеді. Алайда бұл әдіс тым үлкен аппаратураларды қолдануды қажет етті, сондықтан оның идеясы іс жүзінде пайдаға асқан жоқ.

Алғашқы 3D камера

Ал стереоформатта түсіру қондырғысын Фредрик Юджин Ив есімді өнертапқыш 1900 жылы ойлап тапты. Оның камерасында екі объектив болды. Стерео форматтағы алғашқы көрсетілім 1915 жылы Нью-Йоркта «Астор» театрында болды.

Алайда бұқараға коммерциялық негізде ұсынылған тұңғыш стереофильм ретінде «Махаббат күші» («The Power of Love») картинасы аталады. Фильм 1922 жылы 27 қыркүйекте Лос-Анджелестегі «Амбассадор» кинотеатрында көрсетілді. Бұл екі таспалы жүйені қолданған және анаглиф көзілдірікті пайдаланған алғашқы жағдай болды. Бір қызығы осы көрсетілімнен кейін аталған фильмнің стереонұсқасы белгісіз себептермен жоғалып кеткен.

Ұлы тоқырау кезеңінде Америкада стереокинематографқа деген қызығушылық бәсеңдеді. Айтпақшы кинематографтың атасы саналатын Луи Люмьер де өзін осы бағытта сынап көрген екен. Ол стерео форматтағы алғашқы жұмысын 1933 жылы Париж жұртшылығына ұсынды. Стереокино өндірісінің Еуропада таралуы осыдан бастау алады. 1936 жылы Италия, 1939 жылы Германия мамандары стереофильмдер түсіре бастады.

Алайда көп кешікпей стереокиноға деген қызығушылық жоғалды. Бұған Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы себеп болды.

«Bwana Devil» фильмінің премьерасы / фотограф: J. R. Eyerman, «Life» журналы үшін

Стереокинематографтың «Алтын ғасыры» деп 1952 – 1955 жылдарды атайды. 1952 жылы Арх Оболердің «Bwana Devil» кинотаспасы стерео форматпен және түрлі-түсті реңмен шықты. Одан кейін 1953 жылы Columbia Pictures студиясы «Қараңғыдағы адам» («Man in the Dark»), Warner Bros. – «Балауыз үй» («House of Wax») фильмін көрсетті. Соңғы аталған картинаның бейнесі ғана емес, дыбысы да стереода болды. Осы фильмнен кейін актер Винсент Прайс «3D патшасы» атанды, өйткені кейінгі жылдары да стереоскопия картиналарға жиі түсті.

Алайда «Алтын ғасыр» атанған стереобум ұзаққа созылған жоқ. Жүйенің техникалық нюанстары оның кеңінен етек жаюына кедергі болды. Атап айтқанда, екі таспаны да синхронды түрде бір уақытта проекциялау, жөндеу жасалғаннан кейін екі пленканың да бастапқы параметрлерін сақтап қалу, синхронизацияны сақтау кезінде кем дегенде екі адамның күші қажеттігі, пленканы айналдыратын құрылғылардың бірі істен шыққанда екі пленканың бір-бірімен үйлеспей қалуы, басқа да мәселелер әлі шешімін тапқан жоқ еді.

Аталған кезеңде көптеген фильмдер жарық көрді. Алайда стерео жаңа бәсекелесі – кең экранды форматпен аудитория үшін таласта жеңіліс тапты.

«Bubble» фильмінің трейлері

«Жаңа толқын» деп аталған келесі дәуір 1960-1979 жылдар аралығында болды. Бір қызығы жаңа толқынның пионері ретінде тағы да Арх Оболердің есімі аталады. Оның «Көбік» («Bubble») фантастикалық картинасын жасау барысында Space-Vision 3D деген жаңа технология қолданылды. Бұның ерекшелігі – фильм бұрынғыдай екі пленкаға емес, бір таспаға басылды. Сондықтан «Алтын ғасырдағы» техникалық мәселелер түбегейлі жойылды деуге болады. Алайда бұл жүйені де мінсіз дей алмаймыз, енді экрандағы бейне анағұрлым қараңғы, күңгірттеніп көрінетін.

Space-Vision 3D технологиясының келуімен стереофильмді прокатқа шығару да арзандай түсті. Бұл осы форматтағы өнімдердің көбеюіне ықпал етті. Сәйкесінше нарықтың қаржылық жағдайы да жақсара түсті. Тіпті рекордтар да жасала бастады. Мысалы «Стюардессалар («The Stewardesses») комедиясы 100 мың доллар бюджетке түсіріліп, Солтүстік Американың өзінен 27 миллион доллар табыс табады. Қазіргі курсқа қайта есептейтін болсақ шамамен 114 млн болады. Бұндай көрсеткіш оны кинематограф тарихындағы ең табысты стереофильм деуге себеп болды және сол рекордты Джеймс Кэмеронның «Аватары» шыққанға дейін ұстап тұрды.

1980-1984 жылдарды «Жандану шыңы» деп атайды. Өйткені сексенінші жылдары IMAX форматы кеңінен тарала бастайды. IMAX дегеніміз - суреттері бір-бірінің қасында орналасқан ірі форматты 70 мм стереоформат. Ал IMAX 3D деген жаңа технологиямен шыққан алғашқы көркем фильм – «Айбынды қанаттар» («Wings of Courage») фильмі еді.

«Terminator 2: Judgement Day» фильмінің конвертацияға дейінгі және конвертациядан кейінгі бейне сапасының өзгеруі

Қазір қарапайым картинаны стереоскопияға конвертациялау әрекеттері де жасалуда. Мысалы, Джеймс Кэмерон өзінің «Титаник», «Терминатор 2: Ақырет күні» фильмдерін осылайша 3D қылып, прокатқа қайта шығарды. Бұл саланың технологиялары қазіргі кезде үнемі жаңару үстінде, жыл сайын жаңа әдісі шығып жатыр. Жақын келешекте стереокиноны арнайы көзілдіріксіз-ақ көре беруге болатын жүйе қолданысқа енбекші.

Қазақстанның киносында да стереоформатпен жұмыс істеуге талпыныстар бар. Егор Кончаловский режиссерлік еткен 2011 жылғы «Возвращение в "А"» әскери драмасы қазақстандық тұңғыш 3D фильм болып саналады. Одан кейін «Қазақфильм» студиясы «Ер Төстік пен Айдаһар» мультфильмін стереоформатпен шығарды.

Ернар Бекенов
Бөлісу: