Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

9 Қазан 2014, 11:41

Жанары мөлдіреген, өмір ағымына енді қосылған қара көздеріміздің өмірлік жолын табуға жетелейтін адамы – ол ұстаз.


Жанары мөлдіреген, өмір ағымына енді қосылған қара көздеріміздің өмірлік жолын табуға жетелейтін адамы – ол ұстаз. Белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов: «Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім» деп, ұлт тәрбиесіндегі ұстаз рөлін дәл суреттеп берген болатын. Қалыптасқан дәстүр бойынша, елімізде қазан айының алғашқы жексенбісі «Ұстаздар күні» ретінде аталып өтіледі. Осыған орай, кеше Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Жылдың үздік ұстазын» марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысып, білім беру саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

 

Аслан Сәрінжіпов, ҚР-ның Білім және ғылым министрі:

-  Құрметті әріптестер, ұстаз болудан артық ешбір құрметті мамандық жоқ. Сіздердің еңбектеріңізден асқан күрделі де жауапты еңбек жоқ. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Сондай-ақ, сіздерге  елімізді жоғары биіктерден көрсетеді деген үлкен үміт артамыз. Еліміздің шалғай өңірлерінде бірнеше мұғалімдер әулеті бар, олар біздің мақтанышымыз. Осынау мамандықты таңдаған адам алдымен саналы түрде оған қандай жауапкершілік артылғанын ұғынуы керек. Ұлы ұстаз рухтандырады. Құрметті ұстаздар, алдағы уақытта сіздерге зор денсаулық, мол табыстар тілеймін. Шәкірттеріңіз сіздерді қуанта берсін. Еліміз аман, аспанымыз әрқашан ашық болсын!

 

Сөз соңында министр «Өз ұстазыңды құттықта» акциясының аясында математика пәнінің мұғалімі Самаш Уәлиқызын құттықтап, гүл шоғын сыйлады. Шара «2014 жылдың үздік ұстазы» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасты. 

Мейрамкүл Жандыбаева:

-  Мен, туған жерім Ақтөбе облысы, Шалқар қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы мектептің барлық ұстаздарын, ардагер ұстаздарын төл мерекелерімен құттықтаймын. Сондай-ақ, қазір еңбек етіп жүрген Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы орта мектептің ұжымын, өзімнің әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Шығармашылық табыс тілеймін, еңбектері жана берсін, жанұяда бақытты болсын! Жиырма бірінші ғасыр білімді ұрпақ ғасыры болатын болса, сол ұрпақтарды тәрбиелеп жатырған ұстаздар мерекесі осында жиналған әрбіреуімізге есте қаларлық қуаныш сыйлады. Көп рахмет.

Тоты Бейсенбаева:

- Мінеки, бүгін ұстаздар күнінде мұғалімдердің еңбектері еленіп жатыр. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында, сыйлықтар беріліп жатыр. Осындай сыйлыққа ие болуымның өзі менің ұстазымның арқасы деп есептеймін. Мен мектеп қабырғасында да, еңбек жолында да өмірге бағыт берген ұстазым Жакеев Сағидолла деген ағайымды төл мерекесімен құттықтағым келеді. Ағайым қазір 85 жасқа келді. Әлі де шәкірттерінің табыстарын көріп, ұзақ жасап жүре берсін дегім келеді. Кез келген адам мұғалім бола алады, бірақ кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Ұстаздыққа жету үшін алдында отырған шәкіртіне ең бірінші тәрбие беру керек, содан кейін барып білім. Сол уақытта ғана шәкірті саналы да сапалы білімге қол жеткізе алады.

 Серік Казиханов:

-  Мен 1982 жылы Республикалық физика-математика мектебін бітіргем. Бүгінгі марапаттау рәсімінде сол кездегі ұстаздарымды көріп жатырмын. Олар менің жетістігіме қуанып жатса, мен оларға: "Сіздің шәкірттеріңіз осындай дәрежеге жетті", деп мақтанып жатырмыз. Бұл үлкен қуаныш. Қазір мен Орал қаласындағы №11 С.Сейфуллин атындағы мектеп-интернат кешенінде жұмыс істеймін. Бұл менің ғана емес, республиканың түпкір-түпкірінде қызмет етіп жатырған менің шәкірттерімнің жетістіктері деп бағалаймын. Осы сайыста үлкен қолдау көрсеткен мектеп ұжымына үлкен алығысымды айтамын. Еліміздің барлық ұстаздар қауымын мейрамдарымен құттықтағым келеді. Зор табыс, денсаулық тілеймін. Еңбектерінің жемісін көре берсін. 

Сондай-ақ, аталмыш іс-шара туралы фотобаянды мына жерден қараңыз. 

Материалды дайындаған Қаламқас Нұрмақова

Бөлісу: