Станозолол деген не?

17 Маусым 2016, 06:07

Ауыратлеттеріміздің қанынан стонозолол табылды деген күдік бар

Күні кеше Қазақстанның бірнеше спортшысы допинг қабылдады деген айыппен уақытша спорттан шеттетілген болатын. Сонымен ауыратлеттерімізді қандай рұқсат етілмеген препараттарды қабылдады деп айыптауда? Допинг деген не? Оның адам ағзасына қандай зияны бар? Допинг қабылдаған спортшының спорттық көрсеткіші қаншалықты артады?

 

1939 жылы неміс ғалымы Адольф Бутенандт өзінің тестестерон жайлы еңбегі үшін нобель сыйлығын алды. Арада 37 жыл өткеннен кейін өте қызық жағдай тіркелді. 1976 жылғы Монреаль олимпиадасында Шығыс Германия спортшылары 40 алтын медаль иеленген. Олардың 11-ін  әйелдер арасында жүзуден жеңіп алған. Тек жиырма жыл өткеннен кейін ғана олардың барлығы стероид қабылдағандығы анықталып, нәтижесінде барлық медальдар қайтарылып алынды. 

Допингтің пайда болуынан кейін спорттық сайыстарда бірнеше спортшылар бұл препараттарды шамадан тыс қабылдап, жан тапсырған фактілер жиілеп кетті. Осыған орай 1959 жылы Францияда бірінші допингке қарсы комиссия құрылды.

Стероид немесе допинг — наркотикалық заттар қатарына жатпайды. Бұл препараттарды қолданған уақытта адамның немесе жануардың жүйкесі, эндокриндік жүйесі, бұлшық еттері қалыпты жағдайдан ерекше күшті жұмыс істейді. Иә, иә, допингті тек адамдар ғана емес жануарларға да қолданады. Мысалы: бәйге аттарына. Алайда ағзаға түскен гормондар тек уақытша ғана көмектеседі. Мысалы қарапайым адамның жаттығудан кейін бұлшықеттері ажырап, оның толық қалпына келуіне шамамен 48 сағат уақыт кетеді. Ал допинг қабылдаған кезде бұлшықет 48 емес 24 сағатта қалпына келеді. 

 

2012 жылғы Олимпиада чемпиондары Илья Илин, Зүлфия Чиншанло, Мая Монеза мен Светлана Подобедовадан допинг пробаларын тексеру барысында олардың қандарында стонозолол болған деген күдік бар. Сонымен стонозолол деніміз не?

Стонозололды 1962 жылы Winthrop Laboratories компаниясы шығара бастады. Бастапқыда бұл дәрі ветеринарияға арналған болатын. Анемияға шалдыққан, ауыр ота жасалған жануарларды тезірек қалпына келтіру мақсатымен ойлап табылған препаратты кейінірек адамдар да қабылдай бастады.  Станозолол спортшылар арасында өте танымал препарат. WADA (Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік) жүргізген зерттеу бойынша спортшылар қолданатын үздік 5 препарат қатарына кіреді Станозололды бұрын жеңілатлеттердің қанынан өте жие анықтайтын болған. Мысалы 1996 жылы Қазақстандық жеңілатлет Ольга Шишигина осы препаратты қабылдады деген айыппен екі жылға жарыстан шеттетілген болатын. Дегенмен жеңілатлетіміз 2000 жылы Сидней Олимпиадасында алтыннан алқа тағып, допингке еш қатысы жоқ екенін дәлелдеген еді. Соңғы жылдары станозололды ауыратлеттер мен бодибилдерлердің қолдану фактісі жиілеп кетті. Сонымен стонозолол адам ағзасына қалай әсер етеді?

Станозолол басқа стероидтық препараттар секілді зат алмасу процесін жиілетеді. Олар таблетка және сұйық түрінде шығарылады. Бұл препарат әсіресе әйелдер ауыратлетикасында өте танымал. Өйткені оның андрогендік күші аз. (Еркектік гормондардың көбейуі төменгі деңгейде) Ерлер арасында да бұл өте танымал допинг. Себебі ол салмақ арттырмай, бұлшықеттердің шыдамдылығы мен күшін көбейтеді. Оның үстіне препаратты қол жетімді бағамен алуға болады. Мысалы: ғаламтордағы дүкендердегі бағасы 7 мың теңгеден басталады.

Стонозолол медецинада

Препараттың медецинада пайдасын ешкім жоққа шығармайды. Анаболиктерді анкологиялық ауырудан, қауіпті ота жасағаннан кейін ағзаны жылдам қалпына келтіру мақсатында қолданады. Бұлшықеттің немесе тестестеронның жетіспеуі кезінде де дәрігерлер бұл препараттарға жүгінеді.  

Стонозололдың адам ағзасына зияны

Стонозолол адамның физикалық төзімділігін арттырады. Осының арқасында ол ұзақ жаттығып, тез қалпына келе алады. Алайда мұның кері жағы да бар. Бұл препаратты қолданған уақытта адамның артериялық қысымы артады. Препарат қандағы халестеринді арттырады. Өз кезегінде бұл жүректің ишемиялық ауыруларына алып келуі мүмкін. Ал таблетка түрінде шығарылатын түрі бауырға зиян.  Дәріні мөлшерден тыс қолдану гипертрофиялық миокардаға алып келеді.

Бүгінгі таңда спорт әлемі парадоксалды тығырыққа тіреліп отыр. Олай дейтін себебіміз, бір жағынан заманауи спорт әлемі спортшылардан жаңа рекорттарды, керемет жетістіктерді күтеді де, екінші жағынан спортшылардың ұзақ әрі қиын жаттығулардан кейін тезірек қалпына келтіретін дәрі-дәрмектерді қабылдауына қарсы шығады. Спортшылардың айтуынша бұл препараттардың зияны темекінің зиянындай емес. Бірақ Олимпиада, «Тур де Франс» секілді үлкен жарыс додаларында спортшылардың допинг қабылдағанының кесірінен қайтыс болуы, керісінше ойлауға мәжбүрлейді. Егер спорттық жарыстар адамзатты салауатты өмірге насихаттау үшін ұйымдастырылатын болса, үлкен жетістіктерге бола допинг қабылдап өзін құрбандыққа шалу ақылға қонымсыз нәрсе. Не дегенмен де, дауға іліккен еліміздің мақтаныштары бұл қиын-қыстау кезеңнен сүрінбей өтеріне біз сенеміз.


Рустем ӘЛПИ 

Бөлісу: