200 күн мен түнге созылған және үш миллиондай адам өмірлерін қиған қасіретке толы Сталинград шайқасына биыл - 75 жыл.
Осыған орай, Атырау облысы «Былина» орыс әтномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен 2018 жылдың 2 ақпаны күні Атырау мұнай және газ университетінің Әскери даңқ залында Сталинград шайқасындағы кеңес әскерлерінің ерлік көрсеткен батырлардың рухына тағзым етуге арналған еске алу шарасы өтті.
Аталмыш іс-шараға Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Г. Шакирова, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттері, Атырау қалалық №17 орта мектептің оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында «Сталинград – урок мужества» тақырыбындағы бейне түсірілімнен үзінді көрсетілді.
Өз сөзінде Г. Шакирова Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлмелерінде, көрме экспозициясында, Сталинград шайқасына қатысқан жерлестерімздің ерлігі мен еңбек даңқы жайында баяндайтын фото суреттері, жеке заттары сақтаулы тұрғандығы жөнінде айтты.
Сондай-ақ, іс-шара соңында студенттер тақырыпқа сай дайындалған баяндамаларын жасап, №17 орта мектептің оқушылары ерлік тақырыбына арналған өлең жолдарын оқып, іс-шараны жүрек тебірентер шумақтарымен шырайландыра түсті.