СҚО тұрғыны заңсыз аң аулап, мылтығын әкесінің үйіне жасырған

20 Қыркүйек 2023, 18:28 646

СҚО тұрғыны заңсыз аң аулап, мылтығын әкесінің үйіне жасырған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция дерегінше, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан Рузаев аңшылық шаруашылығының қорықшысы төңіректі тексеріп жүріп еркек сібір елігін мүшелеуден қалған қалдықтарға тап болды. Ол бұл туралы аудандық полицияның кезекші бөліміне хабарлады.

Тәртіп сақшылары күдіктіні сол күні анықтады. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оның жауабын тексере келе әкесінің үйінен 16 калибрлі ИЖ-18 мылтығы мен жануардың еті табылып тәркіленді. Дәл осы мылтықпен жануарды атып алған.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Жануардың еті мен қалдықтары, күдіктіге тиесілі мылтық пен Урал мотоциклі тәркіленіп алынды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Бұл баптың санкциясына сәйкес 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салудан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

Күдіктінің өзі айтқандай, орман ішінен тауып алған мылтықты сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қаруды тауып алған жағдайда бірден полицияға хабарлау қажет екенін ескертеміз. Қаруды заңсыз сақтау үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен оны ерікті түрде тапсыру ғана босатады, –  дейді аудандық ПБ бастығы Марат Әлжанов.

Айта кетейік, жыл басынан СҚО-да заңсыз аңшылықтың 10 фактісі тіркелді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: