СҚО полицейлері толғағы қысқан әйелді перзентханаға уақытылы жеткізуге көмектесті

2 Қараша, 18:17 489

СҚО-да ауыл тұрғыны толғағы қысқан әйелін перинаталдық орталыққа жеткізуге көмектескен полицейлерге алғысын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментіне Аққайың ауданындағы Дайындық ауылының тұрғыны хабарласып, толғағы қысқан әйелін Петропавл қаласында орналасқан перинаталдық орталыққа уақытылы жеткізуге көмектескен патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне алғысын айтты. Азамат пен оның әйелі бесінші балаларын күтіп отыр. Бірақ полицейлерге алғаш рет жүгініп отыр.

Ерлі-зайыптыны облыстық перинаталдық орталыққа апара жатқан ВАЗ-2114 автокөлігінің жүргізушісі патрульдік автокөлікті көре сала, бірден полицейлерден көмек сұрады. СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторлары Ержан Оңбаев пен Константин Пеньков бұл туралы кезекші бөлімге хабарлады. Олар жарқылдауық маяктары мен сиренасын қосып, ауылдықтар мінген көліктің алдына түсті. Жарты сағат ішінде аяғы ауыр әйел медицина қызметкерлеріне табысталды. 

Жігіттерге рақмет, оларға мықты денсаулық және сәттілік тілеймін! Адамдарға дер кезінде көмекке келетін осындай қызметкерлер жол үстінде жүрсе, өзімізді қауіпсіз сезінеміз, – деді Азамат.

 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: