СҚО-да маралды атып алғандар 3 жылға сотталуы мүмкін

12 Маусым 2023, 16:00 853

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер заңсыз аң аулаған екі браконьерді ұстады. Ауыл тұрғындары лақтайын деп жүрген маралды атып алған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 29 мамыр күні Қызылжар ауданының аумағында құжаттарды тексеру мақсатында Тайынша ауданының 62 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан «Mitsubishi Outlander» автокөлігін тоқатты. Оның жанында 41 жастағы ауылдасы отырған.

Жүксалғышты тексеру кезінде ішінен жануардың еті табылды. Алғашында ер адамдар оның сиыр еті екенін және Петропавлға сатуға апара жатқанын айтқан. Бірақ Қызылжар ауданы полиция бөлімінен келіп жеткен жедел-тергеу тобының тәжірибелі қызметкерлері олардың сөзіне күмән келтірген. Еттің шын мәнінде жабайы аңның, яғни маралдың етіне ұқсайтыны анық байқалып тұрған.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Күдіктілердің айтуларынша, маралды Тайынша ауданындағы Макашевка ауылынан 15 км жерде атып алған. Олардың бірінің тұрғылықты жерінен еттің бір бөлігі мен «Caesar Guerini» мылтығы тәркіленді. Қару осы іске қатысы бар екінші адамның атына тіркелген, оның үйінен полицейлер етті мүшелеген орынды тапты.

Күдіктілерден жауап алу барысында олар жануардың басын, терісін, тұяқтарын және ішіндегі тууға шақ қалған төлді лақтырып кеткен орынды көрсетті. Екі ер адам да қамауға алынды. Айта кету қажет, қазіргі уақытта СҚО аумағында қандай да бір аңшылыққа тыйым салынған. ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының санкциясымен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.

Равиль Ашығали
Бөлісу: