СҚО-да екі баласы көз жұмған отбасының неден уланғаны анықталды

9 Шілде, 15:33 836

Солтүстік Қазақстан облысында бір отбасы мүшелері тамақтан уланып, салдарынан екі бала көз жұмған еді. СҚО полиция департаменті осы жайтқа қатысты пікір білдіріп, олар неден уланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл отбасының нитриттерден, яғни азот қышқылының тұздарынан уланғаны белгілі болды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында бірқатар сараптама жүргізілді, оның қорытындысы бойынша балалардың өліміне нитритпен жедел улану себеп болған. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, - делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес қылмыстық істі тергеудің барысы туралы өзге де мәліметтер жария етілмейді.

Айта кетейік, екі бала уланып қайтыс болған ауылда жергілікті дүкенде үйде жасалған тұшпара сатылған. 14 маусымда Қызылжар ауданы Надежка ауылында бір отбасы: анасы мен үш баласы уланып қалды. Үш жасар бала мен жеті жасар қыз көз жұмды. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: