СҚО-да биыл 7 мектеп жабылады

11 Тамыз 2023, 13:02 880

Солтүстік Қазақстан облысында бала санының жетіспеушілігіне байланысты биыл жеті бастауыш мектепті жабу жоспарланған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақпараттың хабарлауынша, қазіргі уақытта облыста 465 мектеп жұмыс істейді, оның 352-сі шағын жинақты. Биыл оқушы саны бесеуге жетпейтін 7 бастауыш мектепті жабу жоспарланған.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, соңғы 3 жылда өңірде желінің кепілдендірілген мемлекеттік нормативіне сәйкес келмейтін 19 мектеп жабылды.

Оқушы жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін қандас отбасыларының балалары және жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар есебінен ауыл мектептерінің контингентін ұлғайту бойынша жұмыс қолға алынған. Нәтижесінде биылғы жаңа оқу жылында облыстың білім беру ұйымдарында қоныс аударушылар отбасыларынан 820 бала және қандастар отбасыларынан 106 бала оқымақ.

Қазір СҚО-дағы 170 ауылда мектеп жоқ. Оларда 1480 оқушы тұрады. 127 ауылда тек бастауыш немесе негізгі мектептер жұмыс істейді. Осы ауылдарда тұратын балалар жақын маңдағы 143 мектепке арнайы көлікпен жеткізіледі.

Апта сайын 1003 оқушы мектеп жанындағы 50 интернатқа тасымалданады. Күн сайын мектептерге 1618 оқушы жеткізіледі.

Оқушыларды тасымалдауға 143 автокөлік бөлінген.

Равиль Ашығали
Бөлісу: