Солтүстік Қазақстан облысы Рублевка елді мекенінің маңында қамысқа жай түсіп, арты өртке ұласты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде алапат өрттің бейнежазбасы пайда болды. Куәгерлердің айтуынша, Аққайың ауданы Рублевка елді мекенінің маңы жанып, ауылға қауіп төнді.
СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін сағат 14.50 минут кеткенде Аққайың ауданы Смирнов елді мекеніндегі №9 өрт сөндіру бөліміне Рублевка елді мекенінің маңында өрт шыққандығы жөнінде хабар түскен.
Оқиға орнына бір техника және жеке құрамнан үш адамы бар кезекші қарауыл жетті. Мамандар келгенде батпақтағы қамыс жанып жатқан.
Өртті сөндіруге, сондай-ақ «И.Зенченко» ЖШС техникалары мен жұмысшылары, Аққайың орман шаруашылығының 6 қызметкері мен 2 техникасы жетті.
Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына жайдың түсуі себеп болған.
Аққайың ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ержан Шәріповтың айтуынша, Рублевка елді мекеніне келер қауіп жоқ. Өрттің жолы жыртылды.
«Аудан әкімімен бірге оқиға орнында жүрміз. Екі-үш ошақ қана қалды сөндірілмей, олардан келер қауіп жоқ, өйткені айналасын бәрін жыртып шықтық.
Қазір Аққайың орман шаруашылығының қызметкерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері кезекшілік атқарып жатыр», - дейді Ержан Шәріпов.