СҚО-да әкімдік қызметкерлері 43 жетім баланы үй кезегінен заңсыз алып тастаған

22 Мамыр, 21:30 514

Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының талаптарын бұза отырып, 2010 жылдан бері кезекте тұрған 43 жетім баланы тұрғын үй кезегінен негізсіз алып тастаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай фактіні прокурорлар анықтаған. Тағы бір жағдайда, Ақжар ауданы мен Петропавл қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдары 3 ай бойы 6 жетім баланы тұрғын үй кезегіне қою шараларын қолданбаған.

Айыртау, Ақжар, Аққайың, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, М.Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласының қамқоршылары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 126-бабын бұза отырып, жүйелі негізде қамқорлығындағылардың тәрбиесі мен ұстау туралы есеп бермеген. Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев аудандарының қорғаншылық және қамқоршылық органдары кәмелетке толмағандардың пайдасына заңды өкілдерден алименттерді мәжбүрлеп өндіріп алуды бақылау шараларын қабылдамаған,-делінген облыс прокуратура мәліметінде.

Қадағалау органының актілері бойынша 8 лауазымды тұлға, оның ішінде аудандық білім бөлімінің 2 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтар жойылды.

Зарина Арман
Бөлісу: